• Басты
  • COVID-19: Вакцина алғандар қайта вирус жұқтыруы мүмкін бе

COVID-19: Вакцина алғандар қайта вирус жұқтыруы мүмкін бе

17 Мамыр, 2021 14:40

Бүгін Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматыда вакцинациялаудың аралық қорытындысы туралы Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Лаура Мырзағалидың қатысуымен онлайн баспасөз мәжілісі өтті. Ол жиын барысында барысында 270 мыңға жуын алматылық COVID-19-ға қарсы вакцина алғанын, дегенмен екпе алғандар да шектеу шараларын сақтау керегін айтты. Әйтпесе, екпе алғандар да инфекция жұқтырып алуы мүмкін. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Алматыда вакциналау қалай жүргізіліп жатыр

Алматы қаласында 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап мақсатты топтарды Спутник V вакцинасымен иммундау басталды. Ал, халықты жаппай вакциналау 2 сәуір күні басталған болатын. Қазіргі таңда қалада 214 вакцина пункті қызмет көрсетуде.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Лаура Мырзағалидің айтуынша, вакциналау үшін медициналық ұйымдар, мектептер, мәдениет орталықтары мен сауда орындарында 250 егу пунктін ашу жоспарланған. Сондай-ақ, ол көшпелі пунктер де жұмыс істеп тұрағанын жеткізді.

«Толық режимде 1282 медицина қызметкерінен құралған 315 вакциналау бригадасы жұмыс істейді. Бүгінгі күні жалпы саны 270 568 адам вакцина алды. Олардың 18 435-і - құқық қорғау органдары қызметкерлері, 20 мыңнан астамы - педагогтар, 27 мыңнан астамы - медицина қызметкерлері. Диспонсерлік есепте тұрған адамдар мемлекеттік қызметшілер, студенттер, 60 жастан асқан зейнеткерлер мен қала тұрғындары өз еріктерімен вакцина алып жатыр», - деді спикер.

Алматыға 300 мыңнан аса вакцина жеткізілді

Лаура Мырзағалидің мәліметінше, қалаға вакцинаның 302 985 дозасы жеткізілген. Сондай-ақ, қазақстандық вакцинаға қарағанда қытайлық екпенің көп жеткізілгенін атап өтті.

«Жалпы көлем бойынша Қазақстандық QazVac вакцинасының көлемі 3000 дозаны құрайды. Қытайлық "Синофарм" вакцинасын бірінші және екінші компоненті бойынша 15 мың дозаны құрайды», - деп толықтырды ол.

Вакцина алған адамдар да инфекция жұқтыруы мүмкін

Маманның айтуынша, созылмалы ауруы бар адамдарға да вакцина салуға болады. Тіпті бір рет аллергиялық шок алғандардың өзі де вакцина салдыра алатынын айтты. Тек ондай адамдар емханаларда, бірден медициналық көмек көрсете алатын жерлерде вакцина салдырғаны дұрыс екенін мәлімдеді.

"Созылмалы ауруы бар адамдар көп, алайда оларға вакцина салуға болмайды деген сөз емес. Егер ауру асқынып тұрмаса, вакцина салдыруға болады. Тіпті аутоиммунды аурулармен ауыратындарға да вакцина салуға болады. Тек мұның барлығын дұрыс жеткізіп, дұрыс түсіндіріп, дұрыс ақпарат беру керек", - деді маман.

Ол өз сөзінде вакцина салдырған адамдар да инфекция жұқтыруы мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша масканы шешіп, эпидемиологиялық талаптарды сақтамаса адам ауырып қалуы мүмкін.

"Спутник V" вакцинасының екі компонентін салдырғаннан кейін бір ай адамның ағзасында толық иммунитет қалыптасады. Вакцина алғаннан кейін, масканы шешіп, эпидемиологиялық талаптарды сақтамаса, адам ауырып қалуы мүмкін. Алайда, вакцина салдырған адам аурудың жеңіл түріне шалдығады. Вакцина алғаннан кейін жан-жағымызда коллективті иммунитет қалыптаспаса, қайтадан ауырып қалу қаупі жоғары", - деді Лаура Мырзағали.

Оның айтуынша, вакцина салдырған адамды коронавирусқа қарсы емдеуге қатысты жаңа ем жобасы жоқ. Ол короновирус инфекциясын жұқтырған науқасты емдеу әдісі бойынша ем қабылдайды.

Қазақстанда 2 миллионға жуық адам вакцина алды

Маманның айтуынша, 20-мамырға дейін иммундауға арналған вакцинаның тағы бір партиясы жеткізіледі деп күтілуде. Бірақ олардың мөлшері әлі белгісіз.

«Біз "СК-Фармация"-мен күнделікті байланыстамыз. Бірақ вакцинаның қанша дозасын алатынымыз әлі белгісіз. Бұл туралы әзірге мәлімет жоқ», - деді Лаура Мырзағали.

Қазіргі таңда коронавирусқа қарсы 1 844 938 қазақстандық егілген екен. Сондай-ақ, Алматы қаласында 1-компонент бойынша 37 417 доза, ал екінші компонент бойынша 78 444 вакцина қолданысқа дайын.

Барлық жаңалықтар