• Басты
  • COVID-19: Тұмауға қарсы вакцина салдыру қаншалықты маңызды, тұмау мен коронавирусты қалай ажыратамыз
17 Қыркүйек, 2020 17:10

COVID-19: Тұмауға қарсы вакцина салдыру қаншалықты маңызды, тұмау мен коронавирусты қалай ажыратамыз

Бүгін Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті, профессор Алмаз Шарман Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-сұхбат кезінде тұмауға қарсы вакцина салдыру қаншалықты маңызды, тұмау мен коронавирусты қалай ажыратуға болады деген сауалдарға жауап берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

COVID-19: Тұмауға қарсы вакцина салдыру қаншалықты маңызды, тұмау мен коронавирусты қалай ажыратамыз

Бүгінде адамзат соңғы жүз жылда болмаған жағдайды басынан кешіріп отыр. Күнделікті өмірімізге де көптеген өзгеріс әкелді. Медицина саласындағы келеңсіздіктер экономикаға кері әсерін тигізіп жатыр. Қазақстан да әлемнің басқа елдері секілді әлеуметтік, экономикалық қиындықтарды өткеруде. Профессордың сөзінше, пандемия әр елде әртүрлі уақытта көрініс тапты. Індетті сәтті жеңіп шыққан елдер қатарында Жаңа Зеландия, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді мемлекеттер бар. Алайда басқа елдерде, атап айтсақ Италия, Испания, сонымен қоса Американың кейбір шттарында коронавирус жұқтырған және соның салдарынан қайтыс болғандар саны көп болды.

«Қазіргі таңда адамзат «коронавирустан кейінгі жағдай» деген жаңа феноменімен бетпе-бет келіп отыр. Бұған дейін коронавируспен ауырған науқастарда шамалы уақыт өткеннен кейін басқа да асқынулар пайда болуда. Олар әлсіздік, созылмалы шаршау синдромы, неврологиялық, жүрек ауруларына шалдығуда», - деді дәрігер.

Салдарынан әлем дәрігерлері өте өзекті, кең ауқымды мәселелерге тап болды. Сол себепті оның пікірінше, күзгі-қысқы маусымда коронавирустың екінші толқыны болуы мүмкін екенін азаматтар ескеруі керек. Кейбір елдерде қазірдің өзінде карантин шараларын жеңілдеткеннен кейін қайтадан аурудың таралауы күшейін жатқанын көріп отырмыз. Бұл жалпы күннің салқындауына байланысты болып отыр. Дегенмен коронавирус ешқандай мезгілмен байланысы жоқ екенібелгілі екенін еске салды.

«Сондықтан қазір көп нәрсе өзімізге байланысты. Қаншалықты біз арақашықтықты сақтап, бетперде киіп, жалпы гигиена ережелерін сақтайтын болсақ қана алдын ала аламыз. Өйткені, елде екінші толқыны болатын болса, оның қауіптілігі тек тұрғындардың өзіне ғана байланысты», - деп толықтырды Алмаз Шарман.  

 

Тұмауға қарсы вакцина салдыру қаншалықты маңызды

Оның сөзінше, толықтай локдаун енгізген елдерге тоқталсақ, оларда коронавирус, тұмау секілді аурумен ауырғандар саны аз болды. Ал керісінше карантин енгізілмеген аймақтарда өрши түсті. Бұл екі ауру біріккен кезде азаматтарға да, тіпті дәрігерлердің жұмысына да қиындық туғызады. Сондықтан қазіргі кезде әлемдік медицина қызметкерлері халықты тұмауға қарсы вакцина салдыруға кеңес береді.

«Вакцина салдыру арқылы біз бірқатар жағдайдың алдын аламыз. Біз екі инфекциядан, соның ішінде тұмаулатып ауырмаудың алдын аламыз. Сонымен қатар тқмау мен коронавирус бір-біріне ұқсас болғандықтан, біз оны ажырата аламыз. Олар ұқсағанымен, емдеу тәсілдері әртүрлі. Бразилияда жүргізілген зерттеудің нәтижесі бойынша, тұмауға қарсы вакцина коронавирустың ауырлығын 20 пайызға азайтты», - деді профеесор.

Оның сөзінше, қазір коронавируспен ауыру кезеңі тұмаумен салыстырғанда өте ауыр өтеді. Статистика сүйенсек, коронавирус жұқтырып қайтыс болғандар саны тұмаудан көз жұмғандар қарағанда 10 есе көп. Сол себепті созылмалы ауруы бар адамдар, қант диабеті, гипертония, сонымен қатар үлкен кісілер өз денсаулықтарын күтіп, ауырмаудың алдын алуы тиіс.

 

Тұмау мен коронавирусты қалай ажыратамыз

Профессордың пікірінше, тұмау мен коронавирусты ажырату қарапайым адамдарды былай қоғанда, медицина қызметкерлері үшін де оңай емес. Себебі екі індеттің де клиникалық белгілері өте ұқсас, мәселен, екеуінде де құрғақ жөтел, дене қызуының көтерілуі секілді белгілері бар. Алайда коронавирус жұқтырғандарда тыныс алу процесі қиындайды. Десек те қандай да бір беллгілері пайда болған жағдай дәрігерге көрініп, тест тапсыруы тиіс. Өйткені тест арқылы нақты диагноз қою оңай. Белгілері ұқсас болғанымен, емдеу тәсілдерінде айырмашылық бар. Коронавирусты күшті дәрілермен, яғни тұмауды емдеуде пайдаланылмайтын препараттар қолданылады. Ал ондай медициналық дәрі-дәрмектер тек арнайы медициналық орталықтарда бар. Сол себепті уақыт ұзатпай, дәрігерге көріну керек.

Сонымен қатар Алмаз Шарман тұрғындарды өзін-өзі емдеумен айналыспауға шақырды. Өйткені оның айтуынша, маусым-шілде айларында халық өздігінен түрлі антибиотиктер пайдаланған.

«Дегенмен ол уақыттарда тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінің тқрғындары да абдырап, не істерін білмей қалды. Өйткені жұқтырғандар саны артып кетті. Тіпті медицина қызметкерлері де уатсап арқылы емдеу тәсілдерімен бөлісіп жүрді. Ал қазір жағдай біраз тұрақталды. Емдеудің нақты протоколдары белгілі болды. Сондықтан дәрігердің кеңесіне жүгінген жөн», - деді.

Сонымен қатар ол екінші толқыны бола қалған жағдайда, Қазақстан үкіметі оны еңсеруге дайын деп ойлайтынын жеткізді. Себебі бүгінге дейін баспасөз беттерінде қосымша төсек орындары дайындалғаны, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екені айтылып жатыр. Оның сөзінше біз егер алдын алу шараларын ұстансақ, екінші толқынның болмауына ықпал ете аламыз.

Айта кетейік, кеше тұрғындардың сұрағына жауап берген Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев оңтүстік астана ауруханаларындағы төсек орынның 95 пайызы бос екенін айтып өткен еді.

Барлық жаңалықтар