• Басты
  • Covid-19: «Спутник V» әсері, желідегі ақпараттар, вирус тасымалдаушыны анықтайтын мобильді қосымша

Covid-19: «Спутник V» әсері, желідегі ақпараттар, вирус тасымалдаушыны анықтайтын мобильді қосымша

3 Ақпан, 2021 17:23

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният елдегі эпидемиологиялық ахуал, иммундау науқанының басталуы туралы айтт деп хабарлады, Strategy2050.kz тілшісі.


Ведомство өкілдері Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру барысы туралы да айтты.

Егілген адамның иммунитеті екі жыл сақталады

2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Ресейден шыққан Н.Ф.Гамалеи атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының дәрігерлері әзірлеген Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасы қолданыла бастады.

Ерлан Қиясов оқыған баяндамасында вакцина салған адамның иммунитеті туралы айтты. Зерттеушілер вакцина алған адамның иммунитеті екі жылға дейін өз күшінде болатынын да айтуда. Демек, егілген адамның иммунитеті екі жылға дейін вирусқа қарсы тұра алады. Lancet (Ұлыбритания) SARS-CoV-2 ғылыми медициналық журнал бұл вакцинаның тиімділігі туралы жазған болатын. Олардың мәліметі бойынша вакцинаның тиімділігі 91,6%-ды құрап отыр.

Халықты дүрліктірген вакцинацияның электрондық паспортын енгізу туралы ресми мәліметтерге сүйенсек, бұл бұрыннан бар көп жылдық тәжірибенің цифрлық аналогы. Бұл қағаздағы «егу паспортының» цифрлық нұсқасы.

Вакцинациялау кезеңдері мен ережелері

Ол вакцинаның коронавирустың жаңа штамдарына қарсы тиімді екенін атап өтті: «британиялық» және «оңтүстікафрикалық». Сондай-ақ, вакцинаны әзірлеушілер «Спутник» COVID-19 орташа және ауыр ағымынан 100% қорғайтынын жеткізді.

«Вакцинациялау науқаны кезең-кезеңімен бекітілген ережеге сай жүргізіліп жатыр. Халықтың әр түрлі тобы мен жас ерекшеліктеріне қарай егілуде. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы вакцинациялауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды және суық тізбектің барлық қатысушылары үшін COVID-тің алдын алу жөніндегі вакциналарды сақтау және тасымалдау регламентін әзірледі. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 77-бабының 18-тармақшасына сәйкес КВИ-ға қарсы вакцинация тек вакцинацияға ақпараттандырылған келісіммен және мемлекеттік бюджет есебінен тегін жүргізіледі», - деді Қиясов.

Бірінші кезекте, вакцинация инфекциялық стационарлардың, жедел медициналық көмектің, сондай-ақ басқа да бейіндегі медицина қызметкерлерін қамтиды. Бұдан әрі, екпе салынатын топқа вакцина көлемінің жеткіліктілігіне қарай вакцинацияланатын контингентті одан әрі кеңейте отырып, педагогтар, күш құрылымдары қызметкерлері қосылады.

Денсаулық сақтау министрлігі КВИ-ге қарсы вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды және вакцинаны сақтау, тасымалдау регламентін әзірледі. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабының 18-тармағына сәйкес КВИ-ге қарсы вакцинация тек пациенттің келісімімен және мемлекеттік бюджет есебінен тегін жүргізіледі.

«Вакцинадан жағымсыз әсер болса, барлық қатысушы жауап береді: өндірушіден бастап, тікелей медициналық мекемелерге дейін. Сонымен қатар, өңірлердегі Қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының жанынан сараптамалық топтар құрылды, олардың құрамына бейінді мамандар кірді. Қолайсыз салдарлар пайда болған жағдайда, аталған комиссиялар тергеу жүргізеді және одан әрі ҚР заңнамасына сәйкес шаралар қабылдайды», - деп сендірді Е.Қиясов.

 Вице-министр желіде тараған қауесеттерге жауап берді

 Халықты жаппай вакцинациялау - коронавирус инфекциясы пандемиясынан шығудың жалғыз жолы. Нәтижесінде карантин мен шектеусіз қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік туады.

«Бүгінде халықты коронавирустан қорғау, яғни вакцинациялау өте маңызды, бұл бізге КВИ бойынша қалыптасқан жағдайды жеңуге   және карантинсіз әдеттегі өмірге оралуға, экономиканы тұрақтандыруға, балаларды балабақша мен мектепке, студенттерді дәріс залына қайтаруға және жалпы туыстармен, әріптестермен, достармен қауіпсіз қарым-қатынасқа оралуға мүмкіндік береді», - деді Е.Қиясов.

Қазір БАҚ пен әлеуметтік желілерде вакцинацияның зияны туралы жалған ақпарат жиі тарауда. Осыған байланысты вице-министр азаматтарды тек ресми ақпарат көзіне сенуге, медицина қызметкерлерінің кеңесіне құлақ асуға және жалған сарапшылар мен арандатушыларға алданбауға шақырды.

«Вакцинация инфекциямен күресте тиімділігін бірнеше рет дәлелдеп, індеттің тіркелу деңгейін нөлге дейін төмендетті. Бүгінде бұл иммунопрофилактикамен басқарылатын инфекциялардан қорғаудың ең тиімді шарасы, сондай-ақ карантин мен өзін-өзі оқшаулаудың жалғыз баламасы», - деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.

Алдын ала болжам бойынша және шетелдік ғалымдардың зерттеуінше, КВИ ауруын азайтуға мүмкіндік беретін ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін халықтың 60% дейін вакцинациялау қажет. Жоғары ұжымдық иммунитет қалыптасқанда және КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталған кезде ғана шектеу шараларын тоқтату туралы ойлануға болады.

Ажар Ғинияттың айтуынша Қазақстан емханаларында егу кабинеттері жеткілікті.

Эпидемиологиялық жағдай

3 ақпандағы мәлімет бойынша Қазақстанда 190 359 науқас COVID-19 жұқтырған және 48 005 пациентке КВИ- диагнозы қойылды. КВИ+ диагнозымен 171 099 адам және КВИ- диагнозымен 36 229 пациент жазылып шықты. Соңғы тәулікте КВИ+ 1228 жағдайы және КВИ-107 жағдайы тіркелді.      Қазір Қазақстан орташа қауіпті немесе «сары аймақта» тұр.

Жалпы, республика бойынша қарашадан КВИ- ге шалдыққандар қатары артқан, қарашамен салыстырғанда желтоқсанда 1,2 есе көбейді. Орташа өсу үрдісі қаңтарда да байқалады, желтоқсанмен салыстырғанда ауру саны 1,4 есе көп. Шығыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірде науқас саны өсуде.

Өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, күшейтілген карантиндік шаралар қабылдануда.

«Коронавирус инфекциясын емдеу үшін стационарларда 20 990 төсек-орын дайын. Инфекциялық стационарларда реанимациялық көмек көрсету үшін 1884 төсек орын бар. Алматы қаласында реанимациялық төсекте жатқандар қатары көп - 48%. Қажет болған жағдайда елімізде қосымша 31 мыңға жуық төсек орнын ашуға мүмкіндік болады», - деді Ажар Ғиният.

2020 жылға жоспарланған 16 модульдік инфекциялық аурулар ауруханасының жалпы саны 3000 төсектен тұратын 15 нысаны жұмыс істейді, қалған 200 төсекке арналған бір стационарды биыл ақпан айының соңына дейін ашу жоспарлануда (Атырау облысы, Құлсары қаласы).

Жыл басынан бері жалпы республика бойынша жағдайы ауыр пациенттердің қатары азайған. Алайда, жағдайы ауыр науқас саны көбейген өңірлер де бар: Атырау (6-дан 13-ке дейін), Қарағанды (8-ден 18-ге дейін), Павлодар (12-ден 23-ке дейін) облыстарында, Нұр-Сұлтан (23-тен 29-ға дейін), Алматы қаласында (56-дан 60-қа дейін).

3 ақпандағы жағдай бойынша республикада коронавирус инфекциясына шалдыққан 310 науқастың жағдайы ауыр. Оның ішінде 57 (18%) пациенттің хәлі өте қиын. ӨЖЖ-да 52 пациент жатыр (16,8%).

Реанимация бөлімшесіндегі ауруларды талдау кезінде, пациенттердің 66%-дан астамында қант диабеті, артериялық гипертензия, өкпенің обструктивті ауруы, семіздік, бауыр циррозы және онкология, жүрек-қан тамырлары жүйесі сияқты созылмалы аурулары бар екенін көрсетті.

 Вирус тасымалдаушыны анықтайтын мобильді қосымша

«Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов адамның вирустың тасымалдаушысы болып табылатындығын немесе табылмайтынын анықтауға мүмкіндік беретін мобильдік қосымша туралы айтты. Ол ПТР ортақ базасымен интеграцияланады және QR-код арқылы жұмыс істейді. Пилоттық жоба Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында жүзеге асырылуда.

«Платформада 8 мыңнан астам абонент тіркелді. Осы кәсіпкерлермен екі аптада жүргізілген жұмыстардың қорытындысын шығарып, басқа салада жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қосатынымызды зерделеп, зерттеп, бас санитарлық дәрігердің қарауына өз ұсынысымызды енгіземіз. Жоба өз жұмысын бастамаған кәсіпкерлерге ғана қатысты. Олардың саны 13 мыңнан асады. Бұл кәсіпорындар пандемия басталғалы тоқтап тұр. Олардың ішінде компьютерлік клубтар, боулинг, бильярд, банкет залдары бар», - деді Әбілшайықов.


Барлық жаңалықтар