• Басты
  • Covid-19: Отандық вакцинаны жасап, сынақтан өткізу үшін 3 жыл қажет
28 Сәуір, 2020 16:01

Covid-19: Отандық вакцинаны жасап, сынақтан өткізу үшін 3 жыл қажет

Коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны жасап, сынақтан өткізу үшін 3 жыл қажет. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сараптау Ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Нұртаев айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

Covid-19: Отандық вакцинаны жасап, сынақтан өткізу үшін 3 жыл қажет

Мекеме басшысының сөзінше, қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны жасап шығару жұмыстары басталды.

"Бүгінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина жасау үшін бірқатар зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Оған 4 үміткер вакцина таңдап алынды. Оның екеуі Ұлттық биотехнология орталығында жасалып жатыр. Ал қалған екі вакцина Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығында қарастырылуда. Вакциналарды жасау үшін көп уақыт керек. Коронавирусқа қарсы вакциналарды жасау және тестілеу үшін 3 жылдай уақыт жұмсалады. Қазір жұмыс басталды, алайда отандық вакцинаның қолданысқа енуіне жоғарыда атап өткендей, үш жылдай қажет", - деді Арнұр Нұртаев.


Сондай-ақ оның сөзіне сүйенсек, осы бағытта қазақстандық ғалымдар шетелдік мамандармен бірігіп жұмыс істеуде.


 "Отандық вакцинаны жасау барысында шетелдік ғалымдардың тәжірибелері қолданылуда. Халықаралық ғалымдар тіркелген түрлі әлемдік базалардан алынады. Вакцинаны жасау тек біздің ғалымдардың қатысуымен ғана емес, халықаралық ғалымдардың да қатысуымен бірігіп дайындалуда", - деді Ұлттық орталықтың бас директоры.


Сонымен қатар ол әлемдегіаталмыш індетпен күрес үшін жүріп жатқан шараларға тоқталып, бүгінде 7 үміткер вакцина жасалып жатқанын атап өтті. 


"Қазір әлемде түрлі компаниялардың тарапынан ұсынылған 7 үміткер вакцина бар. Оның төртеуімен қытайлық, ал қалған үшеуімен америакандық және еуропалық компаниялар жұмыстанып жатыр. Қазір зерттеу ұмыстары басталып кеткен, менің ойымша, олар жарты жыл мен бір жарым жылдың көлемінде вакцинаны жасап шығады", - деді мекеме басшысы.

Бұдан бөлек, Арнұр Нұртаев сурфактант препаратына қатысты ойымен бөлісті. Еске салайық, жақында Семей қаласында дәрігерлер аталмыш препаратты коронавирус инфекциясын жұқтырған науқасты емдеу үшін пайдаланған еді.

"Наурыз айынан бастап сурфактант препаратын коронавирус инфекциясымен күресу үшін халықаралық тәжірибеде қалай қолданылып жатқанын бақыладық. Бүгінде ол қазақстандық тәжірибеде де қолданылуда. Атап айтсам, перзентханаларда пайдаланылады. Бұған дейін Семей қаласында дәрігерлер осы сурфактант препаратымен аталмыш індетке шалдыққан науқасты емдеді. Емдеу жқмыстары сәтті өтті. Бұл препарат қазір қолжетімді. Болашақта да коронавирус инфекциясымен күресу мақсатында осы сурфактант қолданылады. Бұл тәжірибе ресми түрде Семей қаласында жүзеге асырылды. Басқа да медицина ұйымдарына аталмыш препарат қолданылып жатыр деген ойдамын", - деді мекеме басшысы.

Ол пульмонолог мамандар оны қандай жағдайда қолдау керегін жақсы білетінін атап өтті.  Сонымен қатар оның сөзінше, препаратты бұған дейін де басқа ауруларды емдеу үшін Қазақстанда пайдаланылған. 

Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар
34.200.252.156, 192.168.88.100