• Басты
  • COVID-19: Ұлыбританияда қайтадан локдаун, Токио төтенше жағдай жарияламақ

COVID-19: Ұлыбританияда қайтадан локдаун, Токио төтенше жағдай жарияламақ

5 Қаңтар, 2021 13:49

Борис Джонсон Англияда ауру жұқтырғандар санының қарқынды өсуіне байланысты эпидемиологиялық шаралардың күшейтілетіндігін мәлімдеді. Ал Жапонияда жаппай вакцинация қалыпты өмірге қайта оралтып, жазғы Олимпиада ойындарын Токиода өткізуге мүмкіндік береді деп үміттеніп отыр. Бірақ әзірге ел астанасында COVID-19 жұқтырғандар саны артып жатыр, сондықтан да елде төтенше жағдай жариялануы әбден мүмкін. Ал Ресейде Санкт-Петербургтегі жұқтырғандар саны алғаш рет Мәскеуден асып түсті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Ұлыбританияда қайтадан локдаун енгізілді

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон теледидар арқылы сөйлеген сөзінде түн ортасынан бастап бүкіл Англияға енгізілетін жаңа шектеу шараларын жариялады. Бұл шаралар өткен жылдың наурыз айында енгізілген локдаунға ұқсайды. Мәселен, үйден тәулігіне бір сағаттан артық шықпауға, сонымен қатар қатаң түрде көрсетілген жұмыстарға, мысалы, жаттығу жасау, азық-түлік пен қажетті заттарды сатып алу немесе көмек көрсетуге шығуға ғана рұқсат етілмек.

Егер азаматтар маңызды жерлерде жұмыс істемесе немесе қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі болмаса (мысалы, құрылыс алаңдарында), мүмкіндігінше үйде жұмыс істеуге кеңес беріледі. Сонымен қоса, мектептердің көпшілігі жабылады, ал мектеп оқушылары үйден оқитын болады.

Жаңа ережелерге қысқаша тоқталып өтсек, төтенше жағдайларды қоспағанда, адамдарға үйлерінен шығуға тыйым салынады, барлық мектептер мен колледждер сейсенбіден ақпан айына дейін қашықтықтан оқытуға көшеді, жаздық емтихандар болмайды немесе арнайы ережелер бойынша өткізіледі, университет студенттері қашықтан оқуын жалғастырады, мейрамханаларға алкоголь емес, алып жүретін тағамдарды сатуға рұқсат етіледі, ашық спорт нысандары, мысалы, гольф алаңдары, теннис корттары және ашық спорт алаңдары жабық болады, әуесқой спортшыларға арналған іс-шаралар тоқтатылады, бірақ кәсіби спортшыларға, оның ішінде футбол премьер-лигасына ойнауды жалғастыруға рұқсат етілмек.

Сондай-ақ, Джонсон Ұлыбритания қиын кезеңдерге тап болатынын ескертті, бірақ оптимизмді жоғалтудың қажеті жоқ екенін атап өтті.

Токио төтенше жағдай жариялауға дайындалуда

Вирус жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты Жапония билігі дүйсенбі күні Токио мен қала маңында төтенше жағдай режимі енгізілуі мүмкін деп мәлімдеді.

NHK телерадиокорпорациясының хабарлауынша, Жапонияда 31 желтоқсанда жұқтырғандардың күн сайынғы рекордтық өсімі тіркелді - 4520, ал жексенбіде ауырғандар саны 3158-ді құраған. Сонымен қатар, барлық жұқтырғандардың жартысы Токио мен астана маңында тіркелген.

«Токиода жаңа жылдық демалыстың үш күнінде де жұқтырғандар саны азайған жоқ. Біз одан шараларды қатайту керек деп санаймыз», - деді премьер-министр Ёсихидэ Суга.

Алайда, ол қандай шектеу шаралары болуы мүмкін екенін нақтылаған жоқ. Дегенмен, Суга ел үкіметі пандемияға байланысты кейінге қалдырылған 2021 жылғы Токио Олимпиадасын өткізуге әлі де үміттенетінін атап өтті. Премьер-министр Олимпиаданы өткізу адамзаттың вирусты жеңгенін көрсететінін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін билік елде ақпан айының соңына дейін жаппай вакцинация басталатынын мәлімдеген еді.

Қытайдағы вакцианаға кезек

Қытайда осы аптада жаппай вакцинация жалғасып жатыр, онда ел билігі Қытайдың Жаңа жылының алдында миллиондаған адамға вакцина егіледі деп үміттеніп отыр. 

Қытай мемлекеттік БАҚ-тарының хабарлауынша, вакцинацияның алғашқы екі күнінде 73000-нан астам адам препараттың алғашқы дозасын қабылдаған. Қытай астанасында вакцина алу үшін адамдар кезекте тұрды. Алғашқы екпелер автобус жүргізушілері мен әлеуметтік қызметкерлерге жасалмақ.

Еске салайық, 31 желтоқсанда Қытай алдын-ала Sinopharm фармацевтикалық компаниясы шығарған өзінің вакцинасын мақұлдаған еді.

Үндістандағы вакцина хақындағы дау

Үндістанда All India Drug Action Network «Covaxin» клиникасының барлық сатыларынан өтпеген вакцинаны үкіметтің күтпеген жерден мақұлдауына байланысты үлкен алаңдаушылық білдіріп отыр.

Олардың айтуынша, алаңдаушылық оның тиімділігі туралы мәліметтердің жоқтығынан, сондай-ақ, оның дамуына қатысты ашықтықтың болмауынан туындап отыр. Бұл хабарлама Үндістанның Мемлекеттік дәрі-дәрмектерді басқару басқармасының басшысы Covaxin вакцинасы «қауіпсіз және иммундық реакцияны тудырады» деп қайталағаннан кейін жасалды. 

«Вакцина 100% қауіпсіз, ал жанама әсерлер, мысалы, буын ауруы және аллергия кез-келген иммундауда жиі кездеседі», - деді ол.

Үндістанда Оксфорд вакцинасымен бірге халыққа Bharat Biotech шығарып, тез арада мақұлданған жергілікті вакцинамен екпе жасалатыны туралы хабар жексенбіде жасалған. Премьер-министр Нарендра Моди оған бірден үнді ғылымы мен фармацевтиканың жеңісі деп баға берді.

Барлық жаңалықтар