• Басты
  • COVID-19: Әлемде жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны артты

COVID-19: Әлемде жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны артты

30 Шілде, 2021 16:14

Ұлыбритания үкіметі вакцинацияланған еуропалықтарға арналған карантин шараларын алып тастау мәселесін талқылауды жоспарлап отыр. Олимпиада өтіп жатқан Токиода инфекция жұқтыру бойынша рекордтық көрсетікіш көрсетіп отыр. Ал, ғалымдар AstraZeneca вакцинасын еккеннен кейін тромбоз қаупін зерттеп жатыр. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Пандемия басталғаннан бері ғаламшардағы 195 миллионнан астам адам коронавирусты жұқтырды. Осы уақыт ішінде 4,1 миллион адам қайтыс болды.

ДДСҰ мәліметтері бойынша 19-нан 25-ші шілдеге дейінгі аптада әлемде жұқтырғандар саны 8%-ға өсті. Аптаның орташа тәуліктік өсімі күніне 540 мың жағдайды құрады. Бұл бір апта бұрынғы көрсеткіштен 60 мыңға көп.

Әлемде вирус жұқтырып қайтыс болғандар саны өткен аптада 21%-ға өсіп, 69 мың жағдайға жеткен. Бұл туралы ДДҰ мәлімдеді. ДДҰ өкілдері жаңадан жұқтырғандар санының артуы Америка мен Азия-Тынық мұхиты аймағындағы қиын жағдаймен байланыстырады. Олар қазіргідей өсіммен екі аптаның ішінде әлемде жұқтырғандар саны 200 миллионға дейін өсуі мүмкін екенін айтып отыр.

Ұлыбритания вакцинацияланған еуропалықтар мен американдықтарға елге кіруге рұқсат етті

Ұлыбритания үкіметі сәрсенбіде ЕО мен АҚШ-тан келген вакцинаның екі дозасын алған туристерге міндетті карантин шараларын алып тастау туралы шешім қабылдады. Енді бұл елдердің екпе алмаған азаматтары карантиннен өтуі керек, өйткені ЕО мен АҚШ Ұлыбритания үкіметінің «қызғылт сары» тізіміне енген. Алайда, бұл Ұлыбританияда вакцинаның толық дозасын алғандарға қолданылмайды.

Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Лейен сейсенбіде Еуропалық Одақтағы ересек халықтың 57%-ы толық вакцинацияланғанын, ал 70% -ы кем дегенде вакцинаның бір дозасын алғанын мәлімдеген еді.

Токио: Олимпиадада жұқтырғандар саны рекордтық көрсеткішке жетті

Олимпиада өтіп жатқан Токиода инфекцияның күнделікті рекорды қайтадан жаңартылды. Қалада коронавирустық инфекциялар саны бірнеше күн қатарынан өсіп келеді. Мәселен, сәрсенбідегі мәлемет бойынша, жаңа инфекциялардың саны қалада 3,177, ал Жапонияда 8,000 болған.

Соңғы күндері жұқтырғандардың ішінде 169 адамның Олимпиадаға қатысы бар екені анықталған. Бірақ төрт күндік ойындарда бірінші рет спортшылар арасындар жұқтырғандар тіркелмеген. Бұл туралы елдің Олимпиадалық комитеті хабарлады. Вирус жұқтырғандардың ешқайсысы Олимпиада болып жатқан жерде тұрмайды, сонымен бірге олармен байланысқа түспейді.

Дүйсенбідегі жағдай бойынша, ойындар басталғаннан бері елге 38 мыңнан астам шетелдік кірген, бұл коронавирус жағдайына әсер етеді. Сейсенбіде тіркелген инфекцияның алдыңғы рекорды (2848 жағдай) өткен аптаның орташа көрсеткішінен 149%-ға асып түсті. Әлемнің көптеген елдеріндегідей, инфекциялардың саны артып келеді, Жапонияда ол ең алдымен «дельта» нұсқасының таралуына байланысты өсіп отыр.

Токио губернаторы Юрико Коикэнің айтуынша, жаңа инфекциялардың көпшілігі 20-40 жас арасындағыларда кездеседі. Ол осы жас тобындағы адамдарды тезірек вакцина алуға шақырды.

AstraZeneca және тромбоз: қандай қауіп бар

AstraZeneca компаниясының тапсырысы бойынша ғалымдар осы препаратпен егілгеннен кейін тамырларда қан ұюының пайда болу ықтималдығын зерттеді.

Вакцинациядан кейін қан ұйю жағдайы бірнеше елдерде тіркелген. Мамыр айында AstraZeneca вакцинасын алған Ұлыбританияның жеті тұрғыны ерекше жағдайларда тромбоздан қайтыс болды. Барлығы тромбоз AstraZeneca вакцинасын қабылдаған 18 миллион британдықтың 30-ында ғана қан ұюы байқалған.

Тромбоз AstraZeneca-мен вакцинациядан кейін ғана емес, сонымен қатар, негізінен, коронавируспен ауыр түрімен ауырғаннан кейін де болуы мүмкін, бірақ бұқаралық ақпарат құралдарында көбінесе бұл жанама әсер AstraZeneca препаратын алғаннан кейін пайда болғаны айтылып жатыр.

Компания тапсырыс берген және демеушілік еткен зерттеу нәтижесінде тромбоздың пайда болу қаупі біріншіден, вакцинаның бірінші инъекциясымен байланысты екендігі белгілі болды. Екінші инъекциядан кейін тромбоз қаупі вакцинацияланбаған адамдармен бірдей екені анықталған.

Бірінші инъекциядан кейін тромбоз вакцинацияланған миллион адамның сегізінде ғана кездескен. Бұл туралы AstraZeneca компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Американдықтардың 56 пайызы толық вакцина алған

Коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен Америка Құрама Штаттары (34 миллионнан астам) алғашқы орында. Осылайша, әлемдік рекордты жалғастыруда. Сонымен қоса, әлемдегі өлім саны бойынша да көш басында тұр. Яғни, қайтыс болғандар саны 608 мыңнан асты. Бұл ретте халықтың 100 мыңына шаққанда 185,9-ы коронавирустан қайтыс болды.

Қазіргі уақытта американдықтардың шамамен 56% -ы толықтай вакцинацияланған, бірақ бұл вакциналар біркелкі бөлінбеген. Сонымен қатар, сарапшылар жаппай вакцинация науқаны болмаса, Америка Құрама Штаттарының жақын арада ұжымдық иммунитетке қол жеткізуі екіталай, сондықтан аурулардың толқынынан, ауруханаға жатқызу мен өлімнен зардап шегуі мүмкін деп санайды.

Егер өлім-жітімді жан басына шаққанда, Перу әлем бойынша көш бастап тұр. 100 мың тұрғынға шаққанда 610,3 өлім. Абсолютті түрде, COVID-19-дан (195 мыңнан астам адам) қайтыс болғандар саны бойынша Оңтүстік Америка елі 5-ші орында

Перу астанасы Лимада 2020 жылдың желтоқсанында, алғаш рет коронавирустың жаңа нұсқасы анықталды, ол кейінірек «Ламбда» деп аталды. Биылғы жылдың сәуір айына қарай бұл нұсқа вирустың басқа түрлерін толығымен ығыстырып, Перуде таралып отыр.

Перудағы пандемияның себептеріне реанимация бөлімшелерінде төсек-орындарының жетіспеушілігі, вакцинаның баяу енгізілуі және тестілеу проблемалары бар, әрі дұрыс қаржыландырылмаған және алдын ала дайындалмаған денсаулық сақтау жүйесі жатады. Перуде вакцинация деңгейі шынымен де өте төмен деңгейде қалып отыр - 100 адамға шаққанда 33,1 доза. Салыстырсақ, Камбоджада бұл деңгей 63,3, Венгрияда - 105, ал Израильде – 127-ні құрайды.

Үндістан қайтыс болғандар саны жөнінен үшінші орында

Коронавирусты жұқтыру саны бойынша Америка Құрама Штаттарынан кейін Үндістан келеді, онда 31,4 млн жағдай тіркелген. Ал, COVID-тен қайтыс болғандар саны бойынша үшінші орында (420 мың адам). Алайда, Үндістан халқын есепке алып, жан басына шаққанда өлім деңгейі 100 мың тұрғынға 31,1 жағдайды құраған.

Бірақ, АҚШ-тағы Жаһандық даму орталығы көрсеткендей, пандемияның басынан осы жылдың 21 маусымына дейін Үндістанда 4 миллион қосымша өлім саны тіркелген. Бұл өлімнің барлығы COVID-19-бен тікелей байланысты болмаса да, Үндістандағы коронавирустың салдарынан өлгендердің саны ресми түрде өлгендердің санынан 10 есе көп болуы мүмкін.

Үндістанда сейсенбідегі бір тәулікте жұқтырғандар саны 29 689-ды құраған. Бұл 17 наурыздан бастап күн сайынғы ең төменгі өсім болып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі шілденің соңына қарай Үндістан штаттарға жарты миллиардтан астам дозада COVID-19 вакцинасын жеткізу міндетін аяқтайды деп мәлімдеді, бірақ ол кезде барлық дозаны егуге болмайтынын айтқан. Үкімет өткен айда тамызға дейін 516 миллион доза жеткізілетінін мәлімдеген.

Үндістан қаңтардың ортасынан бастап шамамен 438 миллион вакцина екті - бұл Қытайдан кейінгі әлемдегі ең көп, бірақ жан басына шаққандағы көптеген елдерден аз көрсеткіш. Al Jazeera телеарнасының хабарлауынша, 21 маусымда Үндістандағы күніне 9,2 миллион доза егіліп, рекордтық көрсеткішке жеткен. Бірақ содан бері азаймаған.

Бразилия халқының 17 пайызы толық вакцинацияланған

Коронавирустан қайтыс болғандар саны бойынша Бразилия (549,9 мың) екінші орында тұр. Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда 262,5 өлім санын құрайды. Бұл елдегі жағдайлардың саны 19,6 миллионға жеткен.

Бұл елде өткен демалыс күндері коронавируспен күресте сәтсіздікке ұшырап, халық тарапынан айыпталған президент Джаир Болсонардың отставкаға кетуін талап еткен мыңдаған наразылық акциялары өтті. Қарсы шыққан азаматтар мемлекет басшысын вакцинациялау науқанының кеш басталғаны үшін айыптап отыр. Олар жұмыссыздықтың жоғары деңгейі және пандемия салдарынан экономикалық тұрғыдан зардап шеккен әрі аз қамтылған топтарға қолдаудың жоқтығы да себеп болып отырғанын айтқан.

Бразилияда тұрғындар коронавирусқа қарсы вакцинаның 130 миллионнан астам дозасын алды. Сонымен қатар, бразилиялықтардың 45 пайызға жуығы осы уақытқа дейін тек бірінші вакцинаны алған, ал тек 17 пайызында екеуі де бар.

Мексикада инфекция жұқтырғандар саны күн сайын артуда

Мексика эпидемиологиялық жағдайы нашар елдердің бестігіне кіреді. Коронавирустық инфекцияның жалпы саны салыстырмалы түрде аз (2,7 млн), бірақ бұл елде 238 мыңнан астам тұрғын пандемияның құрбаны болды, бұл 100 мың тұрғынға шаққанда 188,9 өлімді құрайды. Мексикада COVID-19 жағдайының саны өсуде, күн сайын орта есеппен 13,364 жаңа инфекция жұқтырғандар тіркелуде.

Мексикалықтардың 30%-ға жуығы COVID-19-ға вакцинаның бір дозасын алғанына қарамастан, көрсеткіш әр аймақта әртүрлі. Мысалы, Чиапас штатында вакцинацияның орташа деңгейі 15 пайыздан аспайды. Жалпы, Мексикадағы адамдардың 19 пайызы толық вакцинацияланған.

Әлемдегі қайтыс болғандар санының артуына не себеп

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемдегі коронавирустық өлім-жітім бір апта ішінде 21% -ға өскен. Олар оны Оңтүстік-Шығыс Азия мен Америкадағы жұқтырғандар санының артуымен байланыстырады. Бұл аймақтарда, әсіресе Таиланд, Малайзия, Филиппин, сондай-ақ Мексика, АҚШ пен Перуде эпидемиологиялық жағдай тіптен нашарлап кеткен.

Оңтүстік-Шығыс Азия бүгінде әлемдегі ең қатты зардап шеккен аймақтардың бірі саналады.

Таиландта үшінші толқын басталға жақын, оны жергілікті билік сәуір айынан бастап санап келеді. Ол кезде елде коронавирустан қайтыс болғандардың жалпы саны жүзге жетпеді, бүгінде ол бес мыңға жақындап қалды. Өткен тәулікте елде 133 адам қайтыс болды. 16 мыңнан астам адам жұқтырған. Бұл Таиланд үшін жаңа рекордтық көрсеткіш болып отыр.

Денсаулық сақтау жүйесіне түскен ауыртпалық қайтыс болғандар санының көбеюіне себеп болып отыр. Тайланд үкіметі мүмкіндігінше көп төсек орналастыруға тырысуда. Сәрсенбіде еріктілер Бангкок халықаралық әуежайындағы қойманы 1800 адамға арналған далалық ауруханаға айналдыру туралы хабарлады.

Малайзияда ұқсас көрсеткіштер: соңғы тәулікте 17 мыңға жуық адам инфекция жұқтырды, 207 адам қайтыс болды. Ауруханаға түскен науқастардың жартысына жуығы оттегіне мұқтаж. Елде қатаң карантин бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Латын Америкасы елдерінен өлім көбіне Мексика мен Венесуэлада өсуде.

Мексикада, ДДҰ деректері бойынша, өткен аптада өлім 50%-ға, АҚШ-та - 9%-ға, Сальвадорда - 35%-ға, Венесуэлада - 30%-ға өсті. Дегенмен, барлық басқа елдерде өлім санының азайғаны байқалады.

Netflix пен Google қызметкерлерін вакцина алуға міндеттеді

Netflix АҚШ –тағы кино индустриясында жұмыс істейтіндердің барлығына міндетті коронавирусқа қарсы вакцинация енгізбекші. The Hollywood Reporter хабарлағандай, Netflix қазіргі уақытта киноға түсіп жатқан актерлер мен олармен байланыстағы қызметкерлердің бәрін вакцина алуға міндетті.

Сондай-ақ, АҚШ -тың басқа компаниялары, соның ішінде Google кеңселерін ашып, жалғастырмай тұрып, вакцина алу керегін хабар етті. Компания 1 қыркүйек пен 18 қазан аралығында кеңселерін біртіндеп қайта ашуды жоспарлап отыр. Ал, кеңседе жұмыс істегісі келетін 144 мың қызметкерге вакцинаны толықтай егуге тура келеді.

Барлық жаңалықтар