• Басты
  • COVID-19: Әлем елдері Үндістанға көмек қолын созуда, ал Түркия мен Пәкістан жаппай локдаун енгізбекші

COVID-19: Әлем елдері Үндістанға көмек қолын созуда, ал Түркия мен Пәкістан жаппай локдаун енгізбекші

30 Сәуір, 2021 12:05

Бүгінде Үндістандағы эпидемиолгиялық жағдай күрделене түсті. Әлем елдері үнділерге көмек қолу созын үшін бірігіп жатыр. Ал, Пәкістан мен Түркия жаппай локдаун енгізуді қолға алуда. Әлемдегі жағдай туралы Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалында.

Джонс Хопкинс Университетінің мәліметтері бойынша, әлемде коронавируспен ауырғандар саны 150 миллионға жақындады, ал қайтыс болғандар саны 3,1 миллионға жетіп отыр. Амераика Құрама Штаттары осы уақытқа дейін екі көрсеткіш бойынша да көш бастап тұр, елде 32,2 миллион адам жұқтырып, 574,3 мың адам қайтыс болған. Алайда, АҚШ-тағы жағдай жұқтырғандар саны бойынша екінші орында тұрған Үндістанмен салыстырғанда тұрақталды. Үндістанда қазірдің өзінде ауырғандар саны 18 миллионнан асты.

5,7 миллион жаңа жағдайдың ішінде Үндістанның үлесі 38%-ды құрады

Үндістан күнделікті жұқтырғандар саны бойынша рекордты жаңартты. Соңғы тәулікте елде 379,2 мыңнан астам адам ауру жұқтырды. Бұл тіпті 1,3 миллиард халқы бар мемлекет үшін де үлкен көрсеткіш.

ДДҰ мәліметтері бойынша, соңғы аптада әлемде тіркелген 5,7 миллион жаңа жағдайдың ішінде Үндістанның үлесі 38%-ды құрайды.

Осы уақытта Батыс Бенгалия штатында жергілікті сайлаудың соңғы кезеңі өтіп жатыр. Сайлау учаскелерінде ұзын-сонар кезекке тұрғандардың саны көп.

Джамму мен Кашмир штатының 11 аймағында бейсенбіден бастап дүйсенбінің таңертеңгі уақытына дейін коменданттық сағат енгізілді. Сәрсенбіде бұл ауданда 3 мыңнан астам жаңа инфекция тіркелді, бұл 10 күн бұрынғыдан екі есеге көп.

Вашингтон университетінің ғалымдары Үндістанның пандемия сценарийіне болжас жасады. Олардың сөзінше, елдегі вирустың шарықтау шегі мамырдың ортасына дейін жалғасуы мүмкін.

Сонымен қоса, зерттеушілердің айтуынша, егер қазір Үндістанда барлық адамдар мүмкіндігінше қарапайым маска кие бастаса, өлім-жітім төмендей бастайды. Пандемия басталғалы бері бұл ереже рекомендация ретінде айтылып келді. Жақында миллиондаған адамдар қатысқан көпшілік жиналған Кумбха мела фестивалінің фотосуреттеріненазар аударсақ, маска кигендердің аз екенін байқауға болады.

Әлем елдері Үндістанға гуманитарлық көмек жіберіп жатыр

Ғалымдар ұзақ уақыттан бері дабыл қағып, әлемдік қауымдастықты Үндістанға назар аударуға шақырды, өйткені онда болып жатқан оқиғалар басқалар үшін де әсер етеді.

Ұлыбритания, Ирландия, Германия, Сингапур және Австралия сынды мемелкеттер Үндістанға гуманитарлық көмек жіберді, оның ішінде респираторлар, желдеткіштер, концентрацияланған оттегі қорлары және жеке қорғаныс құралдары бар. Енді олардың қатарына тағы үш мемлекет қосылды - Ресей, Оңтүстік Корея және Канада.

Канада Үндістанға көмек ретінде 10 миллион доллар бөлді, ал Сеул Делимен медициналық жабдықтар жеткізу туралы келіссөздер жүргізуде.

Ұлыбританиядан алғашқы гуманитарлық көмек өткен сейсенбіде Делиге жетті және Лондон гуманитарлық көмек жіберуді жалғастыруды жоспарлап отыр.

«Бұған дейін Үндістан басқаларға көмектесетін еді, ендігі кезекте оған көмектесу бәріміздің міндетіміз. Біз бұл шайқаста жеңіске жетеміз», - деді ханзада Чарльз. Бұл корольдік отбасы өкілінің Үндістандағы дағдарыс туралы алғашқы мәлімдемесі болды.

Пәкістанда бір күнде 200 адам қайтыс болды

Үндістанмен көршілес Пәкістандағы жағдай да айтарлықтай нашарлай түсті. Сәрсенбіде елде бүкіл пандемия кезіндегі өлім-жітімнің көресткіші рекордтық деңгейге жетті. Бір күнде 200 адам қайтыс болды.

Елдің көптеген аймақтарында, әсіресе халқы тығыз орналасқан Пенджаб провинциясында ауруханалар ресурстардың аздығына шағымданады. Келесі аптадан бастап билік 20 қала мен облыста локдаун енгізуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін Пәкістан билігі локдаунға белсенді түрде қарсы шығып, бұл елдің экономикасын өлтіретінін мәлімдеген болатын. Тек оппозиция өкілдерінің бастамасымен провинцияларда шектеу шаралары енгізілді. Бірақ көрші елде болып жатқан оқиғалар Исламабадты шешімдерін қайта қарауға мәжбүр етті.

Түркия қатаң локдаун енгізуге дайындалып жатыр

Түркия бейсенбіге қараған түні жұқтырғандар саны мен қайтыс болғандар санының артуына байланысты локдаун енгізуді қолға алды. Адамдар өз үйінен тек азық-түлік сатып алу немесе дәрігерге бару үшін ғана шыға алады. Мектептер жабылып жатыр. Қалалар арасында саяхат жасау үшін биліктің арнайы рұқсаты керек.

Локдаун енгізуге соңғы сағаттар қалғанда ел тұрғындары тауарлар сатып алуға асығуда. Ыстамбұлдағы және басқа қалалардағы сауда орталықтары адамдарға лық толы, базарларда белсенді сауда жүріп жатыр, ал жолдарда кептеліс.

Локдаунның алдында билік алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салды және BBC-дің Түркиядағы корреспонденттерінің айтуынша, олардың көпшілігі қор жинамақ. Стамбұлдың орталық автобекетінде де адамдар өте көп: біреулері провинциядағы үйлеріне оралғысы келсе, басқалары, керісінше, табиғат аясында тынығу үшін қаладан туыстарына барғысы келеді.

Ғалымдар салмақ пен Covid-19 арасындағы байланысты зерттеп жатыр

Lancet жетекші медициналық журналы британдық ғалымдардың салмақ пен Covid-19 арасындағы байланысты зерттеп жатыр. Олардың зерттеуіне сүйенсек, әсіресе жастар арасында семіздікке шалдыққандар ішінде коронавирус жұқтырғандар ауыр өткереді.

Англиядағы 7 миллионға жуық адамның мәліметтерін зерттеу негізінде зерттеушілер дене салмағының индексінің жоғарылауы мен ауруханаға жатқызу, қарқынды терапияға түсу және COVID-19 асқынуларынан болатын өлім арасындағы байланысты байқаған.

Алайда, олардың сөзінше, бұл тек семіздікке қатысты емес, салмағы аз адамдарға да қауіпті. Мұндай байланыс әсіресе 40 жасқа дейінгі адамдар арасында байқалған, ал 80 жастан асқан адамдарда кездеспеген.

Зерттеу сонымен қатар, қара нәсілділердің басқа нәсілдермен салыстырғанда вирусты жұқтыру және оны өткеруі ауыр болатынын да атап өткен.

«Біздің зерттеуіміз бойынша, шамалы артық салмақтың өзі де COVID-19-ды ауыр өткеруге әкеліп соғады», - дейді зерттеудің Оксфорд университетінен жетекші авторы Кармен Пьернас.

Бұл ғалымдардың мұндай тұжырымға келуі бірінші рет емес. Өткен тамызда АҚШ-тағы Солтүстік Каролина Университетінің зерттеушілері әр түрлі елдерден келген 75 зерттеуге сүйеніп, артық салмағы барлар коронавирусты ауыр өткеретінін мәлім еткен болатын.

Барлық жаңалықтар