• Басты
  • COVID-19: Кипр екпе алғандарға «есігін» ашты, ЕО AstraZeneca-дан бас тартты, Британия карантин шараларын жеңілдетті

COVID-19: Кипр екпе алғандарға «есігін» ашты, ЕО AstraZeneca-дан бас тартты, Британия карантин шараларын жеңілдетті

11 Мамыр, 2021 12:56

Кипр дүйсенбіден, яғни 10 мамырдан бастап 65 елден туристерді тест анықтамасынсыз және карантинсіз кіргізе бастады, Еуропалық Одақ жеткізілім кестесін орындай алмаған AstraZeneca вакцина өндірушілерімен жаңа келісімшарт жасамауға шешім қабылдады және Ұлыбритания ашық аспан аясында топ болып кездесіп, құшақстасуға рұқсат берілмек. Әлемдегі эпиджағдай туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Кипр 65 елдің азаматына "есігін" ашты

Кипр 10 мамырдан бастап 65 елден, соның ішінде Ұлыбритания мен Ресейден вакцинацияланған туристерді елге кіргізе бастады. Жаңа ережелерге сәйкес, коронавирусқа қарсы вакцинаның толық курсын аяқтаған 65 елдің тұрғыны Кипрге (грек бөлігіне) еркін, яғни карантинсіз және алдын-ала сынақсыз келе алады. Бұл туралы Кипр туризм министрі Саввас Пердиос сәуір айының соңында мәлімдеген еді.

65 елдің тізіміне барлық ЕО мемлекеттері, Ұлыбритания, бірнеше посткеңестік елдер, соның ішінде Ресей, Таяу Шығыс елдері, АҚШ және Канада кіреді.

Кипр экономикасы туризмге қатты тәуелді. Бұл қадам Жерорта теңізі аралына туристер ағынын қаншалықты арттыратыны Кипрдің серіктес елдерінің шешіміне байланысты. Кипрге көптеген жыл бойы туристер негізенен Ұлыбритания мен Ресей мемлекетінен келген. Бүгінде Ресей Кипрмен тұрақты әуе қатынасын әлі қалпына келтірген жоқ, ол жерге бір реттік рейстер ғана ұшады. Ал, Ұлыбритания Кипрді елге барғаннан кейін және елден шыққаннан кейін коронавирусқа тест тапсырып, содан кейін карантинде отыру керек елдер тізіміне енгізді.

ЕО AstraZeneca-дан бас тартпақ

Еуропалық Одақ британдық-шведтік AstraZeneca компаниясына вакцинаның басқа партияларына тапсырыс бермейтін болды. Ол басынан бастап келісімшартта көрсетілген шарттарды бұзып, ондаған миллион дозаны уақтылы жеткізе алмаған.

Еуропалық комиссияның ішкі нарық бойынша комиссары Тьерри Бретон жексенбіде ЕО AstraZeneca-мен жаңа келісімшарт жасамайтынын, оның қолданыстағы келісімнің мерзімі маусым айында аяқталатынын айтты. 8 мамырда Еуропалық Комиссия 2021-2023 жылдарға неміс-американдық Pfizer-Biontech вакцинасын жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойылғанын жария етті.

Еуропалық Одақтың халқы жарты миллиардқа жетпейді, ал Еуропалық Комиссия бір адамға кем дегенде төрт дозаға дейін жеткізіп беру туралы келісімшарт жасасқан, бірақ Брюссель қосымша дозалар иммунитетті қолдау үшін, сондай-ақ кедей елдерге қайырымдылық үшін беруге қажет деп түсіндіреді.

ЕО AstraZeneca-ға 400 миллион дозаға тапсырыс берді, бірақ іс жүзінде бұл вакцинаны Еуропаға жеткізу тек ондаған миллионға бағаланған.

Сәуір айының соңында ЕО заңгерлері ресми түрде AstraZeneca-дан ЕО-ға Ұлыбританиядағы зауыттарынан шыққан вакцина дозаларын жеткізуді бастауды талап еткен болатын. Бұл вакцинаны әлі күнге дейін Ұлыбританияның өзі алып отыр.

BioNTech Сингапурда зауыт салмақ

Немістің BioNTech компаниясы Сингапурда АҚШ-тың Pfizer компаниясымен бірлескен вакцина шығаратын үлкен зауыт салатындығын мәлімдеді.

Компания өз мәлімдемесінде қуаттылығы жылына жүздеген миллион дозаны құрайтын жаңа аймақтық штаб пен зауыттың құрылысы биыл басталатынын және 2023 жылға дейін іске қосылатынын айтты.

BioNTech пен Pfizer биыл үш миллиард дозаға дейін вакцина өндіруді жоспарлап, содан кейін өндірісті одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Неміс-американдық вакцина ЕО мен АҚШ-қа ғана емес, сонымен қатар 60-тан астам елге жеткізіледі.

Ұлыбританияда карантин шаралары жеңілдетілді

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон, баспасөз хабарламаларына сәйкес, дүйсенбіде карантин ережелерін біраз жеңілдетті. 17 мамырдан бастап Англияда пабтар, кафелер мен мейрамханалардың қызметі ашылады, ашық аспан аясында кездесуге рұқсат беріледі. Сонымен қоса, үкімет отбасымен және достарымен кездескен кезде құшақтасуға да болатынын айтып отыр

«Барлығымыз достарымызды және отбасымызды құшақтауды сағындық. Бұған дейін арада тығыз байланыс болмады», - деді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Надин Доррис BBC радиосына берген сұхбатында.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, үкімет компанияларға ашық ауада 30 адамға дейін, ал алты адамға дейін үйде жиналуға мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар, пабтар, кафелер мен мейрамханалар 17 мамырдан бастап жұмысын жалғастыра бастайды. Әзірге келушілер тек сырттағы үстелдерде ғана отыра алады. Сонымен қатар, үкімет театрлар мен кинотеатрлардың ашылуына рұқсат беруі мүмкін.

Коронавируске қарсы шектеулердің кейбірі жойылады. Бұл Ұлыбритания үкіметінің локдаунды біртіндеп жою жөніндегі жол картасының тағы бір кезеңі. Бұл кезеңдердің уақыты мен мазмұны инфекция мен сырқаттанушылықтың статистикасына байланысты. Бұл көрсеткіштер, Надин Доррис айтқандай, қазір Ұлыбританияда өте жақсы деңгейде.

Жексенбіде Британияда тек ковидтен екі өлім жағдайы тіркелген және 1770 инфекция жұқтырғаны анықталған. Қаңтарда кейбір күндері инфекциялардың саны 60 мыңнан, ал қаңтар айының бір күнінде қайтыс болғандардың саны бір жарым мыңнан асты.

Бірақ содан бері Британияда вакцинация науқаны тез өтті: қазір 66 миллион британдықтың 35 миллионнан астамы кем дегенде вакцинаның бірінші дозасын алды, ал 17,6 миллион адам вакцинаның екінші дозасын да алып үлгерген.

Барлық жаңалықтар