• Басты
  • COVID-19 кезеңіндегі жұмыссыздық және жұмыспен қамту
30 Маусым, 2020 12:43

COVID-19 кезеңіндегі жұмыссыздық және жұмыспен қамту

Соңғы мәліметке сәйкес елімізде коронавирусты жұқтырғандар саны 21327-ге жетіп, 13008 адам емделіп шыққан және 188 адам аурудан қайтыс болған. Пандемияның алғашқы кезеңінде тиісті шаралар оның таралуын шектеп отырғанымен, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы қаласы, Қарағанды және Атырау облысы, Шымкент қаласында індет тез тарап кетіп отыр. COVID-19 пандемиясы әлемнің алып мемлекеттерінен бастап, дамушы елдердің де экономикасы мен денсаулық сақтау саласын ғана емес, жұмыспен қамту саласын да сынаққа алып жатыр.

COVID-19 кезеңіндегі жұмыссыздық және жұмыспен қамту

COVID-19 пандемиясының өршуі және экономикалық дағдарыс өзара текетіреске түскен АҚШ пен ҚХР-ға да оңай түсіп жатқан жоқ. Пандемия АҚШ-тағы жұмыссыздардың санын 14 миллион адамға арттырып, 2020 жылы ақпанда ол 6,2 миллион болса, мамырда 20,5 миллионға дейін жеткен. Нәтижесінде АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі ақпандағы 3,8% көрсеткіштен, ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі дәуірде ең төменгі деңгейге түсіп, 13,0%-ға жетті. «Pew Research Center» зерттеу орталығы дерегіне сәйкес, COVID-19 басталған аралықтағы жұмыссыздардың саны 2007 жылдың соңынан 2010 жылдың басына дейінгі Ұлы рецессияда жұмыссыз қалған 8,8 миллион адамнан әлдеқайда асып түскен. Ал, ҚХР Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2020 жылдың ақпан айында Қытайдағы жұмыссыздық деңгейі 6,2 пайызға жеткен және ол қалыпты жұмыссыздық көрсеткішінен бір пайызға жоғары. Індеттің алғашқы ошағы болған Қытайдағы жұмыссыздардың саны алдын-ала зерттеулерге сәйкес 150-200 млн адамның арасында болмақ. Бірақ қытайлық ғалымдар экономиканы қалпына келтіру және қолдау бағдарламалары жұмыспен қамтуға серпін береді деп есептейді.   

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) 2020 жылғы наурыз айындағы алдын-ала зерттеуіне сәйкес, COVID-19 пандемиясы алып келген экономика мен еңбек нарығындағы дағдарыс себебінен әлемдегі жұмыссыздардың саны 25 миллион адамға көбеюі мүмкін. Егер халықаралық қауымдастық 2008-2009 жылдардағы қаржылық дағдарыс кезіндегідей уақтылы саяси шешімдер қабылдаса, жұмыспен қамту саласы үшін салдары жеңілірек болуы ықтимал екен. ХЕҰ азаматтардың жұмыс орындарын сақтау, ел экономикасы мен жұмыспен қамтуды ынталандыру, халықтың кіріс деңгейін сақтау үшін келесідей шұғыл шаралар қабылдауды ұсынады: 

⦁ әлеуметтік қорғауды кеңейту; 
⦁ жұмыспен қамтуды сақтауға жәрдемдесу (мысалы, қысқартылған жұмыс уақытына көшу, ақы төленетін демалыстар мен басқа да субсидиялар беру); 
⦁ қаржылық және салықтық жеңілдіктерді енгізу, оның ішінде шағын және орта кәсіпорындар үшін жеңілдіктер енгізу; 
⦁ бюджеттік-қаржы және несие-ақша саясатында бірқатар шара қабылдау;  
⦁ экономиканың белгілі бір салаларын қаржылық-несиелік қолдау.

COVID-19 пандемиясының салдары әлі толық зерттеліп бітпегендіктен, ХЕҰ әлемдегі жұмыссыздық өсімі 5,3 млн-нан (жеңіл жағдайда) 24,7 млн-ға дейін (ауыр жағдайда) құрауы мүмкін деп болжайды. 2019 жылы әлемдегі жұмыссыздардың саны  188 миллион адам болған. Салыстыратын болсақ, алдын-ала жүргізген іс-қимылға қарамастан, 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысында 22 миллион адам жұмыссыз қалған еді.

Olzhas 1.png

ТМД елдеріндегі жұмыссыздық деңгейі % -бен 

Болжамдар бойынша, пандемияның себебінен ішінара жұмыссыздық мөлшері де айтарлықтай өседі: пандемияның экономикалық салдары жұмыс уақытының ұзақтығын және еңбекақы төлеуді қысқартудан көрінеді.  Дамушы елдерде жұмыссыздық мөлшерін өзін-өзі жұмыспен қамту арқылы да жеңілдетуге болар еді, дегенмен азаматтардың (мысалы, қызмет көрсету, жеткізу) және тауарлардың қозғалысын шектеу себебінен ол да табыс әкелмеуі ықтимал. Жұмыспен қамтуды қысқарту қызметкерлердің табыстарының айтарлықтай төмендеуін білдіреді. ХЕҰ бағалауы бойынша, 2020 жылдың соңына қарай олар жұмыссыздық нәтижесінде халықтың табысы 860 миллиардтан 3,4 триллион АҚШ долларына дейін жетеді. Бұл тауарлар мен қызметтерді тұтынудың төмендеп, кәсіпорындар мен елдің экономикалық перспективаларына әсер етеді. Жұмыс істейтін, еңбекке қабілетті азаматтардың жұмыс уақыты мен жалақысының қысқаруынан бөлек, ауруға шалдыққан, уақытша еңбекке жарамсыз азаматтардың өз жұмысы мен табысынан айрылып қалу ықтималдығы да бар. Себебі, ауыр халде ауруханаға түскендердің ұзақ уақыт бойы ем шараларын қабылдауы қажет. Мұндай жағдайлар тиісті заң нормалары және еңбек кодексімен қорғалып отыруы тиіс. ХЕҰ директоры Г.Райдердің пікірінше, COVID-19 пандемиясы бұл әлемдік денсаулық сақтау саласының дағдарысы ғана емес, адамдардың тұрмысы үлкен әсер етіп жатқан экономика мен еңбек нарығындағы аса ауқымды дағдарыс. 

Қазақстандағы жағдайға келетін болсақ, жұмыспен қамтуға жауапты министрдің айтуынша 2020 жылдың бірінші тоқсанында жұмыспен қамтылғандар 8,8 млн адам, наурыз-сәуірдегі карантинге байланысты жұмыстан шығарылғандар 4,2 млн адам болған. Жұмыссыздық деңгейі – 4,8 пайызды құраған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 6,1 пайызға жетуі мүмкін екен. Осы орайда, биыл жұмыспен қамтуға шараларына 1 миллион 220 мың адамды тарту жоспарланған. Бұл жерде министрлік «Еңбек» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, Жұмыспен қамтудың жол картасы, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», ИИДМБ және т.б бағдарлама бойынша жұмысқа тұратын адамдардың болжалды санын айтып отыр. Қазіргі уақытта оқу орнын бітірген немесе жұмыссыз қалған жастарға қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жұмыс орны және жастар практикасы уақытша және тұрақты жұмыстабуға көмектеседі. Осы салаға жауапты министрлік биылғы жылдың 5 айында 2 мыңнан астам еңбек құқықтарын бұзу фактісін жойып, 17 мың жұмысшының 1,7 млрд сомасындағы берешегін қайтарып алуына күш салған. Еңбек кодексінің және басқа да заң нормаларының сақталуы бойынша тексерістер өткізіп, тиісті консультация беріліп келеді.  

Olzhas 2.png
ҚР Еңбек нарығының негізгі индикаторлары 

Еліміздің Үкіметі осындай сын-қатерге жауап ретінде Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасын дайындады. Ол бойынша еліміздің әр аймақтарында инфрақұрылым, инженерлік-көлік нысандарын жөндеу, абаттандыру шаруасына мейлінше көп жұмыс күшін және көлемді жұмысшы санын қажет ететін объектілер анықталып, жұмыспен қамту орталықтары арқылы жалақы мөлшерін кемінде 85 мың теңге қылып бекіткелі отыр. Бұл әсіресе қалада жұмыстан шығып қалған немесе орналаса алмаған жастарға өз өңірлеріне барып қызмет ету мүмкіндігі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің хабарлауынша, Жол картасы және басқа да шаралардың көмегімен 200 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Осы орайда, іске асып келе жатқан «Еңбек» бағдарламасының әлеуетін пайдаланып 735 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделген. Сонымен қоса, жеке бизнеспен айналысуға жеңілдетілген тәртіппен микрокредиттер мен гранттар алу, «Даму» және «Атамекен» арқылы кәсіпкерлікке баулу қарастырылған.

Olzhas 3.png


Жұмыссыздық деңгейі (пайызбен)

Жұмыссыздық деңгейі артып жатыр дегенмен, кейбір зерттеулерге сәйкес елімізде осы жылдың алғашқы тоқсанында 15–28 аралығындағы 78,9 мың жұмыссыз жас азамат болған. Бұл – елдегі жұмыссыздардың 17,8 пайызы. Бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш 5,8 пайызға азайса, жұмыссыз жастар деңгейі 3,8 пайызға төмендеген. Статистикаға сәйкес, 2020 жылдың алғашқы айларында жұмыспен қамтылғандардың көп бөлігі өз қызметін сауда саласында (16,3%), ауыл шаруашылығында (13%), өндірісте (12,6%), білім беруде (12,7%) сияқты экономикалық қызметтер түрлерінде жүзеге асырды. Жоғары және орта кәсіптік (арнаулы) білімі барлар 7,2 млн. адамды құрады, бұл жұмыспен қамтылған халықтың 82%. Жұмыспен қамтылған ерлердің үлесімен салыстырғандағы жоғары және орта кәсіптік білімі бар жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі 6,0 пайыз жоғары. Жұмыспен қамтылғандардың негізгі үлесін – 66,2% (5,8 млн.адамды) 29-54 жастағы адамдар құрады. 2020 жылғы I тоқсанда жұмыссыздар саны (табысты жұмысы болмаған, оны үздіксіз іздеген және оған кірісуге дайын болған 15 және одан жоғары жастағы адамдар) 442,4 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі 4,8% (2019 жылғы    I тоқсанда – 4,8%) құрады. 2020 жылғы I тоқсанда ерлердің жұмыссыздар санындағы үлесі 46,1% (204 мың адамды), әйелдердің үлесі – 53,9% (238,4 мың адамды) құрады. 15-28 жастағы жастардың үлесі 17,8% немесе 78,9 мың адамды құрады. 15-28 жастағы жастар жұмыссыздығының деңгейі3,8% болды.

Жұмыссыздық мөлшерін көбейтпеу және қолда бар жұмыс орындарын сақтап қалу үшін төтенше жағдай мен карантин режимінде мекемелер өз жұмысшыларына келесідей жағдайды қарастыруы тиіс: 

- Әрбір мекеме өз қызметкерлеріне медициналық қорғаныс(бетперде, қолғап, антисептик) құралдарын таратып, санитарлық-гигиеналық тәртіпті сақтау алгоритмін түсіндіріп, мүмкіндігінше олардың жұмысқа келу-кету жағдайын ұйымдастыруы тиіс;
- Икемді жұмыс режиміне көшіп, қашықтан немесе кезектесіп шығу тәртібін орнатуы керек; 
- COVID-19 байланысты кемсітушілікке, әлеуметтік шеттетуге жол бермеу, ал азаматтардың жеке денсаулық құпиясын сақтау;
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылмаған қызметкерлер мен олардың отбасыларына  медициналық көмекке жалпыға бірдей қол жеткізуді қамтамасыз ету;
- Сырқатқа шалдығуына байланысты жәрдемақы және бала күтімі бойынша демалыс беру мүмкіндіктерін кеңейту; 
- Карантинде қалған немесе балаларды, қарт адамдарды, отбасының басқа да мүшелерін күтетін қызметкерлерге кепілді жалақымен қамтамасыз ету. Қазақстан да коронавирустың алғашқы таралған кезеңінен бастап осы принциптерді ұстануға барлық күшін жұмылдырып келеді. 

Әр елдің Үкіметі пандемияның пәрменін тоқтату үшін шектеу шараларын қабылдап жатқанымен, халықтың жүріп-тұруын мен тұрмысын қамтамасыз ету қиын соққаны белгілі. Көптеген кәсіпорындар жұмысын шектеп, кеңсе қызметкерлері қашықтан жұмыс режиміне көшті. Еңбекақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген, жалақысының жартысы кесілген жұмысшылардың қарасы көп. Шағын және орта бизнес, ойын-сауық орталықтары да шығынға ұшырауда. Мемлекеттің шекарасы жабылып, туристердің ағымы тоқтағандықтан, бір жағынан ішкі туризмнің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылып жатса, екінші жағынан транзит-мемлекет ретінде танылған елімізге бұл да табыс әкелмейтіні анық. Жаңа ахуалда азаматтар жаңа жұмыс орнын іздеу ғана емес, тіпті өз мамандығын ауыстыруға немесе жаңа дағдыларды игеруге дайын болуы керек. Ал мемлекет өз азаматтарының денсаулығы мен жұмыс орнын сақтау үшін барлық ресурстарды жұмылдыруы қажет.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды