• Басты
  • COVID-19: Күн суытты. Эпидемиологиялық жағдай қалай өзгеріп жатыр
24 Тамыз, 2020 17:10

COVID-19: Күн суытты. Эпидемиологиялық жағдай қалай өзгеріп жатыр

Күзде коронавирустың өршу мүмкіндігі жоғары екенін Денсаулық сақтау министрлігі жиі ескертеді. Күн суыта бастады. Қазақстанда коронавирус инфекциясы мен пневмония ауруы бойынша жағдайы тұрақталғанын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты. Мұндай тұрақтылық жағдай соңғы үш аптада байқалып келеді. 17 тамыз бен 24 тамыз аралығындағы эпидахуал жайлы Strategy2050.kz баяндайды.

COVID-19: Күн суытты. Эпидемиологиялық жағдай қалай өзгеріп жатыр

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде әр апта сайын есеп беретін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов баяндамасын статистикалық мәліметтен бастады. 3-9 тамыз аралығында 7 108 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, 222 адам қайтыс болған. 7 940 азамат пневмония жұқтырып, аталған аурудан 122 адам қайтыс болған еді. Ал 10-16 тамыз аралығында КВИ ПТР (+) диагнозы 3 995 адамда, КВИ ПТР (-) 5 344 адамда анықталды. Сәйкесінше 151 және 64 адам қайтыс болды. Соңғы аптада - 17-23 тамыз аралығында 1 685 адамда COVID-19, 4 138 науқаста пневмония расталды. КВИ ПТР (+) 108 адам және пневмониядан 40 азамат қайтыс болды.

   Қожахметовтың айтуынша, 24 тамыздан бастап елде карантиндік шектеулерді жеңілдету үрдісі жалғасып жатыр, бірақ демалыс күндері – 29 және 30 тамызда локдаун сақталады. Яғни барлық сауда, ойын-сауық және демалыс нысандары жұмыс істемейді.

    Бұл инфекцияның таралуын түбегейлі тоқтатып, ауруды барынша азайту үшін қажет, - деді ресми өкіл.

      Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 13 наурыздан бастап КВИ-мен 104 718 адам тіркелген. Оның 92598-і емделді,10597 адам емделуді жалғастыруда, оның ішінде 52 бала. 309 пациент ауыр дәрежеде, тағы 50-і ӨЖЖ аппаратына қосылған.

Соңғы тәулікте КВИ жұқтырудың 175 жаңа жағдайы тіркелген. 13 адам инфекцияны жеңе алмады. 22 тамызда теріс ПТР тестімен 24 744 адам тіркелді, - деді Бағдат Қожахметов.

Брифинг барысында КВИ-мен ауырған кейбір медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуден бас тарту фактілері туралы сұрай қойылды. Бұл жерде ресми өкіл дәрігерлердің үстемақы алу алгоритмі туралы түсіндірді.

Үстемеақы алушылардың тізімін жедел штабтар жанындағы өңірлік комиссиялар қалыптастырады, оған әкімдердің орынбасарлары, медициналық сақтандыру қоры филиалдарының қызметкерлері, өңірлік бас санитарлық дәрігерлер, өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен ҮЕҰ өкілдері кіреді. Осы тізімдердің негізінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медицина қызметкерлеріне жалақысына үстемеақы төлейді.

Инфекциямен күреске жұмылдырылған дәрігерлердің саны ай сайын өсуде. Наурыз айында үстемақы 19 мың қызметкерге берілген болса, маусым айында олардың саны 53 мыңға дейін өсті. Ал шілде айының қорытындысы бойынша 78 мың медицина қызметкері өздерінің жалақысына 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін үстемеақы алады, - деп түсіндірді ресми өкіл.

Коронавирустық инфекциямен ауырған медицина қызметкерлеріне үстемеақы беру туралы шешімді белгілі бір критерийлерге сүйене отырып, арнайы комиссия қабылдайды.

Жоспарлы ауруханаға жатқызу кезінде тест тегін тапсырылады. Ал егер адам шағын ауылда тұратын болса, онда тест нәтижесін бір аптадан артық уақыт күтуге тура келеді. Сонымен қатар, тест тапсырғаннан кейін бесінші күні ол жарамсыз болып қалады. Ал оны қайта тапсыру ақылы.

Бүкіл ел бойынша құрылған мoбильдi тoптаp «тәулiк/екi күн» режимiнде аудан орталықтарынан облыстарға қатынайды және алынған талдауларды тасымалдайды, нәтижелерді де, ең көп дегенде екі тәулік ішінде пациенттерге жеткізеді. Егер бұл уақыт режимі бұзылған жағдайларды білсеңіз, немесе бұл жағдайлар орын алған жерлерді білсеңіз, ПТР тестінің нәтижелерін 2-3 күннен артық күтсе, бізге хабарлаңыз. Денсаулық сақтау министрлігі емдеу мекемелеріне қатысты шаралар қабылдайтын болады, - деп сендірді Б.Қожахметов.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 104718 - ке жетті. Өткен тәулікте республика бойынша 175 адамның инфекция жұқтырғаны белгілі болды.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар
// (function(m,e,t,r,i,k,a){m[i]=m[i]||function(){(m[i].a=m[i].a||[]).push(arguments)};m[i].l=1*new Date();k=e.createElement(t),a=e.getElementsByTagName(t)[0],k.async=1,k.src=r,a.parentNode.insertBefore(k,a)})(window, document, "script", "https://mc.yandex.ru/metrika/tag.js", "ym");ym(34776295, "init", {clickmap:true,trackLinks:true,accurateTrackBounce:true,webvisor:true,trackHash:true});//