• Басты
  • COVID-19: Грузияда жаңа шектеу шаралары енгізілмек, Румынияда жұқтырғандар саны артуда

COVID-19: Грузияда жаңа шектеу шаралары енгізілмек, Румынияда жұқтырғандар саны артуда

22 Сәуір, 2021 12:45

Әлемдегі эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемже жұқтырғандар саны 143 млн-нан асқан. Ал, күніне 700 мыңнан астам коронавирусты жұқтырып отыр. Бүгінге дейін 3 млн адам қайтыс болды. Осы орайда, кей елдер шектеу шараларын қай күшейтіп жатыр. Әлемдегі эпидемиологиялық ахуал туралы Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалынан оқи аласыздар.

Румынияда жұқтырғандар саны артуда

Румынияда COVID-19 жұқтырғандар саны – 1 034 003-ке жетті, ал 26 618 адам қайтыс болған. 950 242 науқас емделіп шыққан.

Елде коронавирус жұқтырғандар саны күн сайын артып келеді. Мәселен, 19 сәуірде COVID-19 жұқтырғандар саны - 1 768 болса, 20 сәуірде 2 931 адам тіркелген. Сәйкесінше, қайтыс болғандардың саны да өскен. 19-да 149 қайтыс болса, 20 сәуірде 237 адам болған.

Өткен жылы елде төтенше жағдай 2020 жылдың 15 наурызынан 15 маусымына дейін енгізілген болатын. Қазіргі таңда шектеу шаралары жеңілдетілген. Атап айтқанда, теміржол және автожолдағы көлік қатынастары, сондай-ақ елдегі ішкі рейстер ашық. Сонымен қоса, қоғамдық көлік те жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, халықаралық рейстер де ашық, бірақ «қызыл» аймақтағы елдер тізімінен келген азаматтар келгеннен кейін 14 күнге оқшауланады. Ал, елдер тізімі апта сайын жаңартылып отырады. Туризм үшін елге кіруге тыйым салынған, тек дипломаттарға, жұмыс мақсаттары үшін келгендерге, ЕО азаматтары мен олардың отбасы мүшелері, студенттерге рұқсат етілген. Румыния азаматтарының елден тыс жерлерге кетуінеде рұқсат етіледі.

Оқу жүйесіне келсек, аралас жүргізіледі. Университеттер өздері шешім қабылдайды.

Сонымен қоса, егер елдімекенде соңғы 14 күнде жұқтыру деңгейі 1000 тұрғынға 3 жағдайдан аспаса, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуге рұқсат етіледі. Ал, егер елдімекенде соңғы 14 күнде жұқтыру деңгейі 1000 тұрғынға 3 жағдайдан аспаса, экономикалық агенттер, соның ішінде сауда орталықтары мен тамақтану орындары сағат 6.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Бәрақ, жеке іс-шараларға тыйым салынады, олардың қатарына үйлену тойы, жеке түскі ас кіреді. Әзірге елде төтенше жағдай енгізу жоспарланбаған.

Латвияда шектеу шаралары 31 мамырға дейін сақталады

Латвияда да індетті жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны күн санап артып келеді. 19 сәуірде 202 адам жұқтырса, 20-сы күні 688 адам жұқтырғаны анықталған. Сондай-ақ, қайтыс болғандар саны да солай. 19-ында 3 кісі болса, 20-сы күні 5 есеге өсіп, 15 адам жұқтырғаны анықталған.

Үшінші елдердің азаматтары ерекше жағдайларда ғана Латвия аумағына кіре алады. Сонымен қатар, Латвияға кірместен 48 сағат алдын covidpass.lv сайтына тіркелуі қажет.

15 ақпаннан бастап covidpass.lv сайтында тіркелгеннен кейін, Латвия аумағын транзит ретінде қолдаушылар 12 сағат ішінде, ал халықаралық жүк тасымлдаушылар 72 сағат ішінде өтуі керек.

Ал, 17 наурыздан бастап үшінші елдермен әуе байланысы қайта орнатылған. Осы елдерден келетіндер өз қаржысына ПЦР-тапсырулары қажет. Нәтиже теріс болған жағдайда тұрақты тұратын жерінде өзін-өзі 10 күн оқшаулайды. Ал, оң болған жағдайда үкімет белгілеген қонақ үйлерде өз есебінен оқшауланады. Осы шектеулер 31 мамырға дейін қолданыста болады.

Білім беру орындары, қоғамдық кешендер, аумағы 7000м2 үлкен сауда үйлері, ресторан, кафе, бардың барлығы жабық. Қалааралық жолаушылар тасымалдау жұмыс істеп тұр.

Иранда «қызыл» және «сары» аймақтағы өңірлерге қатаң шектеулер енгізілген

Иран Ислам Республикасында коронавирус пандемиясының төртінші толқыны басталуына орай эпидемиологиялық жағдай одан әрі нашарлап жатыр. 2021 жылғы 20 ақпандағы жағдай бойынша, Иранда COVID-19 жұқтырғандар саны – 2286927 адамға жетті, қайтыс болғандардың саны – 67525 адам. Ал, 19 сәуірдегі ақпарат бойынша, 24346 адам вирус жұқтырып, 398 адам қайтыс болды. 20 сәуірде 25 492 адам індет жұқтырып, 395 адам қайтыс болғаны тіркелген.

Иранда коронавирустың жаңа түрі «ұлыбританиялық штамның» кең тарауына байланысты «қызыл» және «сары» өңірлерде қатаң шектеулер енгізілген. «Қызыл» және «сары» өңірлерге автокөліктермен кіруге/шығуға тыйым салынған. Базарлар, сауда орындары, мейрамханалар (тек үйге тапсырыс беруге болады), мешіттер, мәдениет және ойын-сауық нысандары жабық. Жоғары оқу орындары мен мектептер қашықтан (онлайн) білім беруді жалғастыруда. Қоғамдық көлік жұмыс істеуде. Елдің өңірлері арасындағы пойыздар мен автокөлік қатынасына шектеу қойылмаған. Ішкі әуе рейстері орындалуда (алайда жолаушылар саны ұшақ сыйымдылығының 60 пайызынан аспауы керек. Бірақ, бұл шектеу халықаралық рейстерге қатысты емес). ИИР азаматтарына әлемнің 39 еліне, оның ішінде Ұлыбританияға сапар шегуге тыйым салынған. Иранға келетін шетелдік азаматтар міндетті түрде ПТР тесті анықтамасына ие болуы тиіс (құжат ағылшын тілінде болуы керек және жарамдылығы 96 сағаттан аспауы тиіс). Сондай-ақ, шет мемлекеттер азаматтары Иранға кіру пунктерінде ПТР тестін қайта тапсырады.

ИИР іскерлік және жұмыс визасына ие ҚР азаматтарының Иранға сапар шегуіне шектеу жоқ. ҚР аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның әрбір жеке рұқсатымен Тегеран-Алматы-Тегеран бағытында айына бір рет чартерлік рейс ұйымдастырылуда.

ИИР Коронавирусқа қарсы күрес ұлттық штабының мәліметіне сәйкес, ел аумағында төтенше жағдай енгізу жоспарланбаған.

Әзербайжанда сауда үйлері, ойын-сауық орталықтары жабық

Әзербайжан мемлекетінде 2021 жылғы 19 сәуірден бастап короновирус жұқтырып, тіркелген жағдайлардың саны – 301 661, ал 20 сәуірдегі жағдай бойынша, короновируспен ауырғандар саны 303 858- ге жеткен. 

ҚР азаматтарына ӘР-ға келуі уақытша шектелген. Барлық шекаралары жүк, чартерлік, арнайы және транзиттік рейстерді қоспағанда 1 маусымға дейін жабық. Қазақстан азаматтары және мемлекеттік шекараны кесіп өтудің жаңа тәртібіне сәйкес елге кіруге құқығы бар шетелдіктер үшін Баку-Құрық паромдық теңіз қатынасы және транзиттік рейстер (Ыстаңбул, Минск, Тбилиси) арқылы ӘР-ден шығуы рұқсат етіледі (Елшіліктің тізіміне сәйкес). Бакудегі және Әзербайжанның басқа да ірі қалаларындағы қарқынды эпидемиологиялық жағдайға байланысты мектептер 5 сәуірден бастап онлайн оқытуды жалғастырды. Мейрамханалар, дәмханалар, дүкендер, дәріханалар және басқа да нысандар сағат 24.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал, сауда үйлері, спорт, мәдениет, ойын-сауық орталықтары жабық. Әзербайжанда ерекше карантиндік тәртіп қолданылады.

Грузияда 30 мыңнана астам адам COVID-19-ға қарсы вакцина алды

2021 жылғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша Грузияда коронавирус (COVID-19) инфекциясының расталған жағдайларының саны 297 728 құрайды. Олардың 282 237 толықтай сауығып шықса, 3 959 қайтыс болған. Сонымен қатар, 308-і 8 күндік міндетті карантинде, ал 3 270 медициналық мекемелерде дәрігерлердің бақылауында. 2021 жылғы 20 сәуірде Грузияда Covid-19 жұқтырған 10 адам қайтыс болды. Осылайша, елде вирустың өлімінің жалпы саны 3 959 адамға жетті.

Грузия 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап COVID-19 пандемиясына байланысты енгізілген халықаралық тұрақты рейстерге барлық шектеулерді алып тастады. Еуроодақ, Швейцария, Израиль, АҚШ, Сауд Арабиясы, БАӘ және Бахрейн елдерінің азаматтары мен резиденттері Грузияға коронавирус сынағының теріс нәтижесімен бара алады.

2021 жылғы 1 наурыздан бастап бұл топқа Қазақстан азаматтары да кірді. Басқа шетелдіктер Грузияға кіру үшін коронавирусқа қарсы вакцинациялаудың толық курсынан өтуі керек. Вакцина кез келген болуы мүмкін. Қазақстандық туристер екі нұсқаның кез келгенін таңдай алады.

2021 жылғы 1 сәуірден бастап Грузияда кинотеатрлар, театрлар және балалар ойын-сауық орталықтарының жұмысы қайта жанданды. Алайда, балалар ойын-сауық орталықтарында бір уақытта 40-тан астам адамның болуына тыйым салынады. 15 наурыздан бастап спорт залдар мен тау шаңғысы курорттарының жұмысы қайта жанданды, театрларда жаттығулар қайта басталды. Жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық оқу орындарында күндізгі оқу қалпына келтірілді, сондай-ақ үйірмелерде оқу ашылды. 13 наурыздан бастап демалыс күндері сауда орталықтарына, азық-түлік емес дүкендер мен жәрмеңкелерге жұмыс істеуге рұқсат етілді. 8 наурыздан бастап мейрамханалар мен кафелерге келушілерді ғимарат ішінде қабылдау құқығы берілді. 1 наурыздан бастап балабақшалар ашылды.

Қауіпсіздік шараларын, маска режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, конференциялар мен тренингтер өткізуге рұқсат етілді. Мұражайлар мен кітапханалар ашылды. 25 ақпаннан бастап қалааралық көлік жұмысын қайта бастады, тау шаңғысы курорттарында қонақ үйлер ашылды. 8 ақпаннан бастап елдің үш қаласында (Тбилиси, Кутаиси және Рустави) қоғамдық көліктер - метрополитен, автобустар мен таксилер жұмысын қайта бастады. Сондай-ақ, бұл күні азық-түлік емес базарлар мен жәрмеңкелер ел бойынша жұмыс істей бастады. 1 ақпаннан бастап барлық дүкендер мен сауда орталықтары жұмысын жалғастыруда.

2020 жылғы 28 қарашадан бастап бүгінгі күнге дейін сағат 21:00-ден таңғы 5:00-ге дейін коменданттық сағат жұмыс істейді. 

2021 жылғы 15 наурыздан бастап аптасына 3-рет (Сейсенбі, Жұма, Жексенбі) Эйр-Астана әуекомпаниясы «Алматы -Тбилиси – Алматы» бағыты бойынша тұрақты рейстер жасалады. Ал, биылғы 15 сәуірден бастап аптасына бір рет (әр бейсенбіде) СКАТ әуекомпаниясы «Ақтау - Тбилиси – Ақтау» бағыты бойынша тұрақты рейстерді жасай бастады. «FlyArystan» әуекомпаниясы «Ақтау - Кутаиси», «Атырау - Кутаиси», «Нұр-Сұлтан - Кутаиси» бағыттары бойынша тұрақты рейстерді жасап тұрады. 

Еске салайық, Грузияда коронавирустың алғашқы жағдайы 2020 жылдың 20 ақпанында анықталды. Соңғы мәліметтер бойынша, Грузияда 31 019 адам коронавирусқа қарсы егілді. Грузия үкіметі елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты жаңа шектеулер енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Израильде жұқтырғандар саны млн-ға жақын

Қазіргі таңда Израиль мемлекетінде 837 160 адам COVID-19 жұқтырып, 6 338-і қайтыс болды. 

Бүгінде елдегі барлық карантиндік шектеулер алынып тасталды. Израильдіктерге туыстық қатысы жоқ шетелдік азаматтардың кіруіне тыйым салынған. Бетперде режимі тек ғимарат ішінде сақталған. Ғимараттағы адам саны 70 пайыздан аспауы керек.

Айта кетейік, 2020 жылдың көктемінде, сондай-ақ 2020 жылдың қыркүйегі мен 2021 жылдың сәуірі аралығында ұзақ уақыт бойы қозғалысқа тыйым салынды, сондай-ақ маңызы жоқ кәсіпорындардың жұмыс істеуіне рұқсат етілмеген. Елде төтенше жағдай режимі енгізілмеген.

БАӘ-ге баратындар үшін қандай талаптар бар

Біріккен Араб Әмірлігі Денсаулық сақтау министрлігінің акпаратына сәйкес, Covid-19 пандемиясы басталғалы бері 20 сәуірге дейін Әмірліктер аумағында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны – 500 мың 860, емделгендер саны – 483 мың 180 және қайтыс болғандар саны - 1 мың 559-ды құраған.

2020 жылғы 7 шілдеден бастап Дубай қаласында шетелдік туристерді, оның ішінде ҚР азаматтарын қабылдау басталды, сонымен бірге визасыз режимді қалпына келтірді. Әмірлікке келетіндерге қойылатын талаптар:

1. Covid-19 анықтамасы (72 сағатқа жарамды);

2. Халықаралық сақтандыру полисі болуы тиіс.

Қазіргі уақытта БАӘ әуежайларының шекаралары мен транзиттік аймақтары, автокөлік шекаралар ашық болғанымен, Әбу Даби Әмірлігінің аумағына кіруге шектеулер бар. Кіре берісте бақылау бекеті орнатылған, тек теріс нәтижелі тестпен кіруге болады (48 сағатқа жарамды). Сонымен қатар Әбу Дабиге «жасыл» аймақ тізіміне енбеген шетелден келген азаматтар 10 күн карантинге жатқызылады. Карантиннің 3 және 7-күндері ПТР тест тапсыруы қажет (БАӘ жасыл тізімі екі апта сайын жаңартылады).

БАӘ аумағында қоғамдық көлік, сауда орталықтары, ресторандар, оффлайн мектептер және Дубайда спорт, мәдениет және ойын-сауық нысандары жұмыс істейді. БАӘ аумағында төтенше жағдай енгізілмеген.

Барлық жаңалықтар