• Басты
  • COVID-19: Германия екпе алмағандарға шектеу шарасын енгізбек, ал Италия қоғамдық орындардағы шараларды күшейтпек

COVID-19: Германия екпе алмағандарға шектеу шарасын енгізбек, ал Италия қоғамдық орындардағы шараларды күшейтпек

27 Шілде, 2021 16:10

Бүгінде тұрғындары вакцина алған мемлекеттерде коронавирус жұқтырғандар саны азайып келеді. Мәселен, Францияда 40 млн адам алса, Өзбекстанда 6 млн доза егілген. Еуропалық одаққа мүше елдердің 70 пайызынан астамы вакцина алып үлгерген. Ал, кей мемлекеттер вакицна алмаған адамдарға шектеу шараларын енгізуді қолға алып отыр. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Грекия балаларға вакцина салуды жоспарлауда

Грекия үкіметі коронавирустың жаңа жағдайларын азайту мақсатында Pfizer / BioNTech және Moderna вакциналарын 12-15 жас аралығындағы жастарға егуді жоспарлап отыр.

Грек вакцинация комитетінің басшысы Мария Теодоридудың айтуынша, жастарға вакцина салу олардың әлсіз топтарын және олардың айналасындағы адамдарды, таныстары мен туғандарын вирустан қорғауға, сондай-ақ қыркүйек айының басында мектепке тез оралуға мүмкіндік береді.

11 миллионға жуық халқы бар Грецияда вакцинаның бірінші компонентінің 10,2 миллионнан астам дозасы қолданылған. Халықтың шамамен 46,8% -ы вакцинамен толық қамтылған.

Ел үкіметі күзге дейін елде вакцинация деңгейін 70%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

Өткен тәулікте Грекияда коронавирустық инфекцияның 2070 жағдайы тіркеліп, бес адам қайтыс болды. Аурудың жалпы саны - 477 975. Пандемия басталғаннан бері елде 12903 адам қайтыс болған.

Францияда 40 млн адам вакцина алды

Франция үкіметінің «санитарлық рұқсатнаманы» қолдануды кеңейту бағдарламасы туралы және аурухана қызметкерлеріне міндетті вакцина салу талабы жарияланғаннан кейін, елде вакцина алғандар саны айтарлықтай артты.

Кеше Франция президенті Эммануэль Макрон елдегі 40 миллион адам коронавирустық вакцинаның кем дегенде бір дозасын алғанын айтты. Бұл Франция халқының шамамен 60%-ын құрайды. Сонымен қатар, вакцинациялау соңғы екі аптада жеделдеген, сол кезде тағы 4 миллион адам COVID-19-ға қарсы вакцина алған.

Француздық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұған «санитарлық рұқсатнаманы» қолдану аясының кеңеюі және аурухана қызметкерлеріне міндетті түрде вакцина егу ықпал еткен.

Сонымен бірге, Франциядағы 33 миллионнан астам адам (шамамен 50%) толықтай, яғни вакцинаның екі дозасын алған. Француз билігі тамыз айының соңына дейін 50 миллион адамның вакцинаның кем дегенде бір дозасын алуын қамтамасыз етуді көздеп отыр. Алайда, шілденің екінші жартысында Францияда коронавирустық инфекциялардың саны «дельта» нұсқасының таралуына байланысты көбейіп келеді. Мысалы, 25 шілдеде 16 мың жаңадан жұқтырғандар анықталды, ал айдың басында күніне екі жарым мыңға жуық ауру тіркелген. Билік атап өткендей, коронавируспен ауыратындардың басым көпшілігі вакцинацияланбаған тұрғындар.

Шетелге сапары кезінде Президент Э.Макрон тағы бір рет республика тұрғындарын вакцинациялауға шақырып, екпеден бас тартқандардың «жауапсыздығы» мен «өзімшілдігін» айыптады.

Қырғызстанда жұқтырғандар саны азайды

Қырғызстанда COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырғандар саны өткен аптадан бастап төмендеуде. Бұл туралы жергіліктің БАҚ-тың біріне Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ұлық-Бек Бектұрғанов хабарлады. Оның айтуынша, өткен аптада күніне 1100-1200 жаңа ауру анықталған болса, өткен аптада 970-990 жағдай тіркелген.

«Біз аурудың төмендеуі тамыздың ортасына немесе соңына дейін жақсы қарқынмен жалғасады деп үміттенеміз. Бұл жерде вакцинация шешуші рөл атқарады деп ойлаймыз. Қазір вакцинация процесі белсенді жүріп жатыр. Біз адамдарды вакцинациялауға және вакцинаға қатысты жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамыз. Егер барлық тұрғын барып вакцина алса, COVID-19 толқынын өткеру оңайырақ болады. Біз қазан айына дейін халықтың 70 пайызына вакцина егуді жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Еске сала кетейік, маусым айының соңында Қырғызстанда COVID-19 эпидемиологиялық жағдайы күрт нашарлады. Осыған байланысты, жақында билік КВИ-дің үшінші толқыны басталғанын хабарлаған еді.

Өзбекстанда 6 млн-нан астам доза егілген

Өзбекстанда вакцинация науқаны басталғаннан бері коронавирусқа қарсы алты миллионнан астам доза қолданылған.

Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, бүгінде елде 6 129 752 доза вакцина қолданылған. Сонымен бірге 3990919 адам бірінші дозаны, екінші және үшінші (қытай-өзбек вакцинасы ZF-UZ-VAC2001 үш дозада енгізіледі) сәйкесінше 1 606 771 және 613 962 өзбек вакцина компонентімен вакцинацияланған.

Еске салайық, вакцинация науқаны Өзбекстанда 1 сәуірде басталды. Вакцинация үш вакцинамен, атап айтсақ, еуропалық AstraZeneca вакцинасы, қытай-өзбек ZF-UZ-VAC2001 және ресейлік Sputnik-V-мен жүзеге асырылады.

Республикадағы эпидемиологиялық ахуалдың шиеленісуіне байланысты 17 шілдеде Коронавируспен күрес жөніндегі арнайы комиссия сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету және білім беру, әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, сонымен бірге 18 жастан асқан азаматтарды міндетті түрде вакцинациялау туралы шешім қабылдады. Құқықтық негіздерді нығайту мақсатында осы санаттағы азаматтарға коронавирусқа қарсы вакцинация Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесіне енгізілді.

Еуропа COVID-19-ға қарсы «Spikevax» препаратына рұқсат берді

Еуропалық дәрі-дәрмектер агенттігі 12-17 жас аралығындағы балаларға коронавирусқа қарсы вакцинация жасау үшін Moderna компаниясының COVID-19 «Spikevax» препаратына рұқсат берді. 12 мен 17 жас аралығындағы балаларға Спикевакс вакцинасын қолдану 18 және одан жоғары жастағы адамдармен бірдей болған. Препарат иыққа екі инъекция түрінде жасалады. Сондай-ақ, бірінші және екінші вакцинаны алу уақыты 4 апта.

«Спикевакстің» тиімділігін зерттеуге 12 мен 17 жас аралығындағы 3732 бала қатысты. Бұған дейін еуропалық агенттік американдық Pfizer компаниясының 12-17 жастағы балаларға арналған вакцинасын мақұлдаған еді.

ЕО тұрғындарының 70%-ы вакцина алды

Еуропалық Комиссияның басшысы Урсула фон дер Лейен Еуропалық Одақ вакцина егу туралы алдына қойған мақсатына жеткенін айтты. Ересек тұрғындардың 70%-ы коронавирустық вакцинаның кем дегенде бір дозасын қабылдаған.

«Біздің мақсатымыз - шілде айында Еуропалық Одақтың ересек тұрғындарының 70%-ын кем дегенде вакцинаның бірінші дозасын салу болған. Бүгін біз бұл мақсатқа жеттік», - деді ЕО басшысы.

Сонымен бірге ересектердің 57%-ы COVID-19 вакцинасының толық дозасын алғанын атап өтті.

Қытайда 1 565 872 000 вакцина дозасы пайдаланылған

Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік денсаулық сақтау комитеті жаппай вакцинациялау науқаны аясында қытай тұрғындарына COVID-19-ға қарсы 1,56 миллиардтан астам екпе жасалғанын хабарлады.

26 шілдедегі жағдай бойынша, Қытайдың 31 аймағы COVID-19-ға қарсы 1 565 872 000 вакцинаның қолданылғанын хабарлады.

Әзербайжанда тұрғындардың 80%-ына вакцина салу жоспарланған

Әзербайжан билігі ел тұрғындарының басым бөлігі үшін коронавирусқа қарсы міндетті вакцинациялау туралы шешім қабылдады.

Үкіметтің сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік қызметкерлердің кем дегенде 80%-ы коронавирустық вакцинаның бірінші дозасын (ал екінші дозаны 1 қазанға дейін) алуы немесе COVID-19 иммунитеті туралы куәлікке ие болуы керек.

Дәл осындай талап меншіктің түріне қарамастан барлық медициналық, фармацевтикалық және ғылыми мекемелердің, білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне, сондай-ақ коммуналдық шаруашылық, көлік, логистика және байланыс, әлеуметтік қызметтер, сауда және қоғамдық тамақтандыру, туристік объектілердің қызметкерлеріне қолданылады.

Сондай-ақ, елдегі 18 жастан асқан барлық студенттерде міндетті вакцина паспорт болуы керек.

Германия екпе алмағандарға шектеу шараларын енгізбек

Федералды канцлер канцлериясының басшысы, Германия Федеративті Республикасының арнайы тапсырмалар министрі Хельге Браун үкімет COVID-19-дан вакцинацияланбаған азаматтарға коронавирустық шектеулер енгізуі мүмкін екенін айтты.

Ресми өкілдің айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцина алмаған адамдарға пандемияның таралу қаупіне байланысты мейрамханаларға, кинотеатрларға және спорт алаңдарына баруға тыйым салынуы мүмкін. Ол Германияда вакцинация бар екенін еске салып, екпе алған азаматтарда еркіндік болатынын атап өтті.

«Инфекцияның жоғары деңгейі кезінде вакцинацияланбаған адамдар басқалармен байланысын барынша азайтуға мәжбүр болады. Бұл сонымен қатар, вакцинацияланбаған адамдарға мейрамханаларға, кинотеатрларға және стадиондарға баруға тыйым салынуы мүмкін екендігін білдіруі мүмкін», - деді ол Bild am Sonntag газетіне берген сұхбатында.

Бұл пікір неміс саясаткерлері арасында түрлі реакция туғызып отыр.

Өткен аптада Германия канцлері Ангела Меркель коронавируспен ауыратындардың көбеюіне байланысты COVID-19-дан қорғану бойынша қатаң шараларды енгізуге дайындықты қазірдің өзінде бастауға болады деп мәлімдеген болатын.

Италия қоғамдық орындардағы шектеу шараларын күшейтпек

Италияда 6 тамыздан бастап коронавирустық инфекция қаупіне байланысты кейбір қоғамдық орындарға бару ережелері күшейтілді, деп жазады Corriere della Sera.

Басылымның мәліметінше, елдегі көпшілік іс-шараларға, атап айтқанда, кафе, саябақ, мейрамхана, спортзал, бассейн, мәдени мекемелер мен конференцияларға баруға мүмкіндік беретін электронды құжаты бар азаматтар ғана қатыса алады. Сонымен бірге, кофе ішу үшін де арнайы рұқсаттың қажеті жоқ.

Сонымен қатар, қоғамдық көліктермен және жұмыс орнында жүру үшін жасыл паспорт қажет емес, бірақ билік тұрғындардан әлеуметтік арақашықтықты сақтауды және жеке қорғану құралдарын киюді талап етеді.

Тиісті рұқсат коронавирустық вакцинаның кем дегенде бір дозасын алған, ПТР сынағы 48 сағатқа теріс болған немесе соңғы алты айда COVID-19-бен ауырып кеткен азаматтарға беріледі.

Түркияда жұқтырғандар саны артты

Түркияның Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожа түрік азаматтарын коронавирус жұқтырғандар санының артуына байланысты вакцина алуға шақырды.

«Біз қатаң шараларды қайта қолға алып, вакцинаны тез арада алуымыз керек», - деп жазды Коджа Twitter парақшасына.

Бұған дейін Түркия елшілігі бұқаралық ақпарат құралдарында «дельта» коронавирус штаммының таралуына байланысты елдің шекарасын жабу туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаған болатын.

Барлық жаңалықтар