• Басты
  • COVID-19 екінші толқыны: Желтоқсанда қатаң карантин енгізілуі мүмкін
7 Қазан, 2020 19:12

COVID-19 екінші толқыны: Желтоқсанда қатаң карантин енгізілуі мүмкін

ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады. Ол желтоқсан айында карантинге қайта оралуымыз мүмкіндігін ескертті. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері айтқан коронавирустың екінші толқыны, дәрігерлердің өтемақысы, балалардың кавасаки синдромынан қайтыс болуы, министрдің үш сценарийі туралы Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалынан оқи аласыздар.


COVID-19 екінші толқыны: Желтоқсанда қатаң карантин енгізілуі мүмкін

Әлемде жағдай күрделі, Қазақстандағы жағдай тұрақты

Дәл қазір әлемнің көптеген елдерінде жаздағы жағдай екінші рет қайталанып жатыр. Коронавирус індеті орны толмас адам шығынына әкеп жатыр. Қазақстанда коронавирустың таралуында өсім байқалмайды. Жағдай тұрақты. Егер тұрғындар санитарлық талаптарды сақтамаса, қатаң карантин енгізілуі әбден мүмкін. Бұл туралы Бағдат Қожахметов айтты.

Карантиндік шектеу шараларының әсері біз күткендей нәтиже бермей отыр. Жағдай тұрақты. Дейтұрғанмен, соңғы бірнеше күнде науқастар саны өсіп келе жатыр. Егер тұрғындар санитарлық талаптарға бей-жай қараса, Денсаулық сақтау министрлігі қатаң режимдегі карантинді енгізуге мәжбүр, - деп ескертті.

Ол әлемдегі дәл қазіргі жағдайды мысал етті.

Соңғы бірнеше күн ішінде Италия, Германия сияқты Еуропа елдерінде коронавируспен ауырған адамдар саны 60%-ға өсіп кетті. Ресейде соңғы тәулікте 11 615 адам ауруға шалдықты. Ал Түркияда күніне 1 603 жағдай анықталып жатыр. Еуроодаққа кіретін елдерде Қазақстанмен салыстырғанда коронавируспен ауырған адамдардың саны 13 есе көп. Қазақстандағы бүгінгі жағдайды айтатын болсам, ковид жұқтырған барлығы 108 362 адам тіркелген. Соңғы тәулікте 66 науқастан коронавирус тесті оң нәтиже берді, Демек, ауру жұқтырғандар саны алдыңғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,6%-ға өскен, - деді ол. Бұл көрсеткішті одан сайын көбейту алмауымыз үшін сақ болуымыз керек, - деді Бағдат Қожахметов.

Қазақстанда 2 бала кавасаки синдромынан қайтыс болды

Балалар арасында коронавирустың 74 жағдайы анықталды. Олардың жасы 1 айлық және 18 жас аралығында. Балалар арасында коронавирустың таралуы ШҚО-да, СҚО-да және Павлодар облысында тіркелді. 9 бала ауруханаға жатқызылды. Қожахметовтің дерегінше, балалардың көпшілігі симптомсыз түрде ауырып жатыр, яғни олар өздерін жеңіл езінгенімен, бойларында вирус бар.

Нақты санын айтар болсам, дәл қазір еліміз бойынша 46 оқушы дәрігерлердің бақылауында. 32 балада ауру белгілері байқалмайды. 31 балада ауру өте жеңіл түрде өтуде. 8 балада орташа ауыр деңгейде өтіп жатыр. 1 баладан бактериялы пневмония анықталды. Үшеуі бала-балабақшаның кезекші топтарына барып жүрген. Коронавируспен қоса, Қазақстанда 45 баладан мультисистемалық қабыну синдромы анықталған. Жас ерекшелігі бойынша, екі бала 1 жасқа толмаған. 1-5 жас аралығында – 11 бала, 5-17 жасқа дейін – 28 бала тіркелді. Өкінішке орай, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 бала осы синдромның салдарынан қайтыс болды, - деді ресми өкіл.

Шетелге барып келген жолаушылар карантинге жабылады

Шетелге барып келген жолаушылар үшін бірқатар қатаң шектеулер мен ережелер енгізілді. Қожахметовтың айтуынша, белгілі талаптар орындалмаса, жолаушылар мәжбүрлі түрде оқшауланады.

Егер шетелден ұшып келген немесе көлікпен, пойызбен келген жолаушының дене қызуы жоғары болса, оны бірден стационарлық изоляторға жібереді. Стационарда оған тиісті диагностика жасалады. Қазақстан шекарасын асып келген шетелдік және қазақстандық азаматтардың ұялы телефон нөмірі тіркеледі. Шетелден келген азаматтардың біреуінен 14 күн ішінде коронавирус анықталса, оның жанында бірге ұшқан немесе бір көлікте болған жолаушылар да оқшауланады. Шетелден келген азаматтар ПТР тест тапсырмаса 2 тәулікке карантиндік стационарға жатқызылады. Бұл шешім 6-қазанда қабылданғаннан кейін, бір тәуліктің ішінде Нұр-Сұлтан қаласына 510 жолаушы ұшып келді, оның 177-і карантинге жатқызылды. Алматыға шетелден ұшып келген 1228 жолаушының 278-інде ПТР тест тапсырған туралы құжат болмаған. Олардың бәрі карантинге жатты, - деді Қожахметов.

Коронавирус жұқтырған дәрігерлердің тең жартысына өтемақы төленді

ҚР Денсаулық ақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев дәрігерлердің үстемақы алуындағы кедергілерді айтып, нақты қанша қызметкердің өтемақы алғанын айтты.

Өңірлерде арнайы құрылған комиссиялар коронавирустан өлім жағдайлары бойынша 182 өтінімнің 82 - сін қарады. Өтемақыны Еңбек министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі қабылдаған және растаған өтініштердің 82% - на берді, - деді бақылау комитетінің төрағасы.

Ол Алматы қаласындағы дәрігерлердің үстемақы алуына есеп берді.

Алматы қаласында 1 206 медициналық қызметкер жұмыс барысында коронавирус жұқтырды. Олардың 495-і үстемақы алды. Жергілікті комиссияның анықтамасына сүйенсек, 1206 дәрігердің тек 907-сі жұмыс кезінде жұқтырған. Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жұмыс істеген 2 дәрігерің отбасына 10 млн теңге өтемақы берілді, - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Министрдің үш сценарийінің бірі болуы мүмкін

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың екінші толқынының үш сценарийін болжады. Министр сценарийлерін Орталық коммуникацилар қызметіндегі брифингте емес, түске дейін Мемлекет басшысымен болған кеңесте айтты. Айтпақшы, дәл осы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің қиын кезде нәтижелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтқан болатын.

Министрдің сценарий болжамының мазмұны мынадай:

Алғашқы сценарий - пессимистік сценарий. Мұнда маска режимі тек 60% қамтамасыз етілгенде 2020 жылдың қазан-желтоқсанында тіркелген жағдайлар саны шамамен 190 мың адамды құрап, 65 мың адам ауруханаға жатқызуды қажет ететін болады. Локдаун енгізу желтоқсан айының ортасына сәйкес келеді.

Екінші сценарий – шынайы сценарий. Әлеуметтік арақашықтық шаралары қамтамасыз етіліп, маска режимі 70 %-ға орындалса, 2020 жылдың қазан-желтоқсанында тіркелген жағдайлар саны шамамен 90 мың адамды құрайды. Ал ауруханаға жатқызуды қажет ететін науқастар саны 30 мың адам болады. Бұл кезде локдаун 2021 жылдың қаңтарында енгізілуі мүмкін.

Үшінші сценарий – оптимистік сценарий. Арақашықтық ережесі сақталып, маска режимі 100 % орындалса, ең жоғары төсек-орын қоры деңгейінің 70 %-ға жеткен кездегі іс-әрекет қолданылатын қатаң карантин енгізілмесе де болады. Егер осы сценарий болса, 2020 жылдың қазан-желтоқсанында тіркелген жағдайлар саны шамамен 40 мың адамды құрап, 15 мың адам ауруханаға жатқызуды қажет етеді.


Барлық жаңалықтар