• Басты
  • COVID-19 екінші толқыны: Әлемдегі ахуал күрделі
9 Қазан, 2020 16:26

COVID-19 екінші толқыны: Әлемдегі ахуал күрделі

Дәл қазір коронавирустық індет әлем елдерінде, соның ішінде Еуропада және Орта Азияның бірқатар елінде ушығып бара жатыр. Күн сайынғы статистика науқастар санының бірнеше есеге өскенін көрсетуде. Дәл қазіргі әлемдегі эпидемиологиялық жағдай туралы Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалынан оқи аласыздар.


COVID-19 екінші толқыны: Әлемдегі ахуал күрделі

Франциядағы жағдай

Еуропа елдерінің ішінде Швеция мен Белоруссиядан басқа елдердің бәрінде карантиндік қатаң шектеу шаралары енгізілді.

Париждің шетіндегі Иль-де-Франс және Марсель өңірлері «қызыл аймаққа» айналды. Бұл аймақта коронавирус тез тарап жатыр. Адамдар баратын барлар түгел жабылды. Бірақ кафелерге баруға болады. Жаңа карантин туралы Заңды түсіну қиын болып жатыр. Кафелер 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Соңғы кезде халық арасында мынадай әңгіме тараған: Мадам, месье, сағат 21.52 болды, біз кафені жабамыз, екі минуттан соң ковид келеді, - дейді 30 жасар Франция тұрғыны Юлиана Ресей басылымына берген сұхбатта.

Францияда соңғы күндері коронавирус жұқтырғандардың саны рекордтық көрсеткішке жетті. 7 қазанда бір тәуліктің ішінде ковид анықталған 19 мың науқас тіркелді. Франция билігі қайтадан локдаун енгізбеу үшін кейбір қалада қосымша шектеу енгізді. Міндетті маскалы режим жүзеге асырылып, 10 адамнан артық топтасуға тыйым салынды. Қазір елде ереже бұзғандарды полиция қатаң бақылауда ұстап отыр. Францияда эпидемия салдарынан соңғы бір күнде 64 адам қайтыс болды. Өлім-жітім 31 мың 956-ға жетті. Вирус жұқтырған адам саны 12 мың 845-тен асып, 563 мың 565-ке жетті.

 Испаниядағы жағдай

Көктемгі жағдаймен салыстырғанда Испанияда коронавирустың таралуы аса күрделі емес. Дегенмен, Мадридте және тоғыз өңірде жартылай локдаун енгізді. Испания Денсаулық сақтау саласының басшылығы соңғы екі күнде коронавирустың таралуы күрт өскенін айтты. Испанияда соңғы тәулікте 12,7 мың жаңа жағдай тіркелді, 261 науқас ковидтен көз жұмды. Көз жұмғандардың көбі – Мадрид тұрғындары. 1 қазаннан бастап Алькала-де-Энарес, Алькобендас, Алькоркон, Фуэнлабрада, Хетафе, Леганес, Мостолес, Парла и Торрехон-де-Ардос қалаларына кіру мен шығуға шектеулер қойылды. Тіпті қаланың ішінде жүруге тыйым салынған.

 Италиядағы жағдай

Италия Еуропадағы коронавирус індетінен алғаш болып зардап шеккен елдердің бірі. Қазіргі екінші толқындағы жағдай 2020-ның көктемімен салыстырғанда едәуір жақсы. Италияның орталығы Рим қаласын «қызыл аймаққа» жатқызуға болмайды. Дегенмен, Италияның халық тығыз орналасқан шағын қалаларында соңғы күндері аурудың таралуы байқалады. Рим дәл қазір Мадридпен салыстырғанда аса ауыр жағдайда емес. Сондықтан, локдаун енгізіліп, қаладағы қозғалысқа шектеу енгізілмеген. Алайда, 7 қазаннан бастап Италия премьері Джузеппе Конте коронавирустың екінші толқынының алдын алу үшін шектеу шараларын енгізді. ANSA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қоғамдық орындарда маскасыз жүрген тұрғындарға айыппұл салынады. Айыппұл құны €400 бастап €1000 дейін. Италияның Денсаулық сақтау министрі Роберто Сперанца елдегі төтенше жағдай уақыты 2021 жылдың 31 қаңтарына дейін жалғасатынын мәлімдеді. Сондықтан Италия басшылығы алдағы бірнеше айда келетін «екінші толқынға» халықты дайындап жатыр. Италияда 8 қазандағы ресми статистика бойынша 36 083 адам қайтыс болды. Олардың көбісінде «коронавирустық пневмония» анықталды. Италия Серия А футбол лигасында вирус жұқтырғандар саны 15-ке жетті.

 Германиядағы жағдай

Германияның эпидахуалын да аса күрделі деп бағаламайды. Tagesschau таратқан мәлімет бойынша, соңғы аптада 100 мың тұрғыннан 18,3 жаңа жағдай анықталған. Шекаралас Нидерландыда 147, ал Бельгияда 139,8 жаңа жағдай тіркелген. Дегенмен, Германиядағы төрт аймақ «қызыл аймақ» тізіміне кірген. Берлиндегі Митте, Нойкельн, Фридрихсхайн-Кройцберг и Темпельхоф-Шенеберг аудандарында соңғы бір аптада ковидтің таралуы 50 жаңа жағдайға көбейіп отыр.

Германия билігі де 6 қазаннан бастап ережелерді қатаңдатты. 10қазаннан бастап дүкендер, барлар, ресторандар мен клубтарға «комендант сағаты» енгізілді. Уақыты 23:00-ден 06:00-ге дейін. Бұл елде де 10 адамнан артық топтасып жиналуға қатаң тыйым салынды. Германияда қайтыс болғандар саны 9 мың 500-ге жетті. Елде коронавирус жұқтырған адам саны 291 мың 122-ге жетті.

 Украина, Чехия, Польша, Болгария

Украина, Чехия, Польша және Болгарияда осы аптада коронавирус жұқтырғандардың саны жөнінен рекорд жаңартты. Көктемде бұл төрт мемлекет қатаң карантиндік шектеу шараларын енгізіп, аурудың таралу көрсеткішін бәсеңдете алған еді. Алайда дәл қазір инфекция жаңа күшпен таралып жатыр. Украинаның Денсаулық сақтау министрлігі соңғы бір тәулікте 4753 жаңа жағдайды анықтады. Қазіргі таңда елде аурумен күресіп жатқан 128,7 мың науқас бар. Пандемия басталғаннан бері Украинада 239,3 мың науқас анықталып, оның 4,6 мыңы қайтыс болған. Елде коронавирус инфекциясымен алғаш ауырғандардың қатарында Президенттің әйелі Елена Зеленская бар. Қазір аурудың асқынған түрімен Украинаның бұрынғы Президенті Петр Порошенко күресіп жатыр. Экс-президенттің жұбайы Марина Порошенко күйеуінің жағдайы ауыр екенін айтты. Петр Поршенконың жасы 55-те, қант диабеті сияқты қосалқы ауруы болғандықтан, ол «тәуекелдер» тобында.

Чехида бәр тәулікте 4457 жаңа жағдай тіркелген. Сонымен қатар бұл ел Еуропада соңғы екі аптада вирус жұқтыру көрсеткішінен бірінші орында тұр.

Польшада 3003 адам ауру жұқтырып, оның 75-і қаза тапты. Дүйсенбі күні 58 адам бір күнде қайтыс болып, рекордтық көрсеткіш орнаған.

Шотландияда осы аптада тәулігіне 1000 жаңа жағдай тіркеліп жатыр. Мұны Шотландия билігі елдегі ПТР тесттердің көп тапсырылып жатқанымен байланыстырады.

 АҚШ-тағы жағдай

Соңғы бірнеше тәулікте АҚШ-та коронавирустың таралуы 50 мыңға өсті. Бұл туралы Джонс Хопкин университеті мәлімдеді. Соңғы тәулікте COVID-19-дың 50341 жаңа жағдайы тіркелді, 915 пациент көз жұмды. Бұған дейін тәулігіне 43 562 ауру таралып, 705 адам көз жұмған еді. Эпидемия басталғаннан бері АҚШ дәрігерлері 7,5 млн науқастың өмірі үшін күрескен. 2,9 млн адам аурудан жазылып шықты. Эпидемия салдарынан 211 мың 752 адам қайтыс болған.

 ДДҰ вирустың мутацияға ұшырағаны туралы хабарлады

Осы аптаның сәрсенбісінде Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының төтенше жағдайлар жөніндегі басшысы Майк Райын мен Ұйымның эпидемиологы Мария ван Керхков интернет мәжілісін өткізді.

ДДҰ сарапшыларына желі қолданушылары #askWHO ("#спросиВОЗ") хештегтері арқылы сұрақтар қойды. Мұндай конференциялар жиі өткізіліп тұрады.

Эпидемиологтарға қойылған сауалдардың көпшілігі вирусты екінші рет жұқтыру мен ковидке қарсы иммунитет туралы болды.

Райан мен ван Керкховтың айтуынша, коронавирусты екінші рет жұқтыру мүмкін. Басқа аурулар сияқты коронавирусқа қарсы тұратын иммунитеттің күші уақытша ғана. Алайда иммунитеттің төмендеуі жалғыз себеп емес. Жұқпалы дерттің қайталануын зерттеген ғалымдар вирус екінші жағдайда қатты өзгергенін айтты.

Алғаш рет ауру жұқтырғанда науқастан вирустың ДНҚ фрагменті алынады. Екінші рет жұқтырғанда мұндай фрагмент тағы да алынады. Зертханада тексергенде, екінші рет вирустың қатты өзгергені анықталды. Covid-19 қоздырушы күші баяу өзгереді. Мұны вирустың мутацияға ұшырауы деп қарастырамыз. Екінші рет вирус жұқтырған адам ауруды жеңіл немесе күрделі түрде өткізеді. Ол ағзаның ерекшелігіне байланысты, - деді Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының эпидемиологі.

 Қырғызстанда эпидахуал нашарлап кетті

Соңғы бір тәуліктің ішінде Қырғызстанда коронавирустың 245 жағдайы анықталды. Оның 10-ы медициналық қызметкерлер. Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі Сабыржан Әбдікәрімовтың дерегінше, ел Астанасы Бішкекте 77 жағдай, Ош облысында 62 жағдай, Джалал-Абад облысында 44 жаңдай тіркелген. Қырғызстанда соңғы бір тәулікте инфекция салдарынан 4 адам қайтыс болған. Қырғызстанда жалпы саны 48 342 ауру жұқтырған науқас тіркелді. Ресми дерек бойынша, 1073 қырғызстандық коронавирустан көз жұмды.

 Қазақстан «екінші толқынға» дайындалып жатыр

Қазақстан күн сайын коронавируске шалдыққандар есебін жариялап жүр.

2020 жылғы 9 қазанындағы жағдай бойынша COVID-19 белгілері бар пневмониямен сырқаттанушылар өткен тәулікте 241 болды, 2 жағдай өліммен аяқталды. Бір тәулік ішінде 25 адам жазылып шыққан. 2020 жылдың 1 тамызынан бастап науқастар саны – 34 384, өлім жағдайлары - 364, барлығы 27 597 адам сауығып шыққан. Дәл қазір 1 адам өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Науқастың жағдайы аса ауыр деп бағалануда. Коронавируспен 74 жас жеткіншек күресіп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сүйенсек, наурыз айынан бері Қазақстанда 142 289 адам ковид жұқтырға. ДДҰ коронавирус пневмониясына шалдыққандарды да қосып, бірге есептеп отыр. Қазақстан билігі бастапқыда пневмонияны коронавирус есебіне қосатынын айтқанмен, кейінірек бөлек беріп жүрді. Қазақстанда 1 тамыздан бері 34 143 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 27 572 адам жазылған. 362 адам қайтыс болған.

Коронавирустан қайтыс болғандардың саны дүние жүзі бойынша 1 миллион 18 мыңнан асты. Вирус жұқтыру оқиғасы да 34 миллион 166 мың, сауығып кеткендердің саны 25 миллион 437 мыңға жетті.

Барлық жаңалықтар
34.236.245.255, 192.168.88.100