• Басты
  • COVID-19: Дәрігерлерге өтемақы төлеу, кинотеатрлардың ашылуы, екінші тоқсандағы оқу форматы туралы
21 Қазан, 2020 19:52

COVID-19: Дәрігерлерге өтемақы төлеу, кинотеатрлардың ашылуы, екінші тоқсандағы оқу форматы туралы

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау вице министрі Ажар Ғинаят елдегі эпидахуал жағдайын баяндады. Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің коронавирустың екінші толқыны туралы болжамы, ауру жұқтырған дәрігерлердің жағдайы мен өтемақысы, кинотеатрлардың ашылуы, екінші тоқсанда сабақ оқу форматы туралы Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалынан біле аласыздар.


COVID-19: Дәрігерлерге өтемақы төлеу, кинотеатрлардың ашылуы, екінші тоқсандағы оқу форматы туралы

Ажар Ғиният баяндамасын әлемдегі эпидахуалдың күрделі екенін еске сала отырып, елдегі жағдай туралы айтудан бастады. Соңғы статистика бойынша, өткен аптада өңірлерде коронавируспен ауырып қалған адамдар саны өскен. Ең көп көрсеткіш Нұр-Сұлтан  мен Алматы қалаларында, Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирустың 220 жағдайы тіркелді, 1 жағдай өліммен аяқталды. Бір тәулік ішінде 79 адам жазылып шыққан. Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 2 662 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 181 өскіншек бала бар. Стационарларда 2 145 науқас жатыр. 517 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.

Жалпы науқастардың арасында 91 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 10 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда. 13 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Қазір 12 өңірдің – Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының , СҚО, БҚО, Ақмола, Маңғыстау, Алматы, Павлодар, Қостанай, ШҚО, Қарағанды, Жамбыл облыстарының әкімдіктері карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылдады.

Ажар Ғинаяттың баяндамасына сүйенсек, қазір елімізде 13 355 инфекциялық төсек-орын бар. Оның 16 %-да дәл қазір науқастар жатыр. Яғни бұл орындарда 2 мыңнан астам науқас бар. Сондай-ақ 6 841 карантиндік төсек-орын дайындалды. Оның 8 %-да ғана пациенттер бар, бұл 600-ге жуық адам. Қосымша 3 335 төсек-орын жаңа инфекциялық ауруханаларда іске қосылады.

 Коронавирус жұқтырғандар көбейіп жатыр, өйткені ПТР тесті көбейді

Ажар Ғиният коронавирус статистикасында өсімнің байқалуын ПТР тестілермен қамтудың көптігімен байланыстырады. Қазіргі уақытта тестілеу қуаттылығы тәулігіне 58 мыңға жуық тестті құрайды.

Мәселен, Түркістан, Павлодар және Алматы облыстарында ПТР тестілеумен қамтамасыз ету ұлғайды. Түркістан облысында 71-ден 176-ға дейін, Павлодар облысында көрсеткіш 79-дан 206-ға дейін, Алматы облысында 70-тен 236-ға дейін жақсарды. Өзге өңірлерде, оның ішінде Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында ПТТ тестілеумен қамтамасыз етудің жоспарлы қуаттылық көрсеткіші республикалық көрсеткіштен жоғары, - деді А.Ғиният.

 ПТР тестінің бағасы арзандады, тестті қайда тапсыруға болады

Орталық коммуникациялар қызметінде айтылған ақпаратқа сүйенсек, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тестілеу ПТР тарифін төмендету бойынша жұмыстар жүргізілді: мемлекеттік секторда - 30%-ға-11,5-тен 8 мың теңгеге дейін, жеке секторда -40%-ға дейін, 15-тен 9 мың теңгеге дейін. Қазіргі уақытта Қазақстандағы зертханалар тәулігіне 58 мыңға жуық тест жасай алады. Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК жеке тұлғалар үшін COVID-19 ПТР тестінің құны 8 025 теңгеге дейін төмендегені туралы хабарлады. ПТР тестін Ұлттық сараптама орталығының 10 облыстық филиалында тапсыруға болады. Ол үшін орталық сайтында тіркелуден өту қажет.

 Дәрігерлерге өтемақы беру аяқталды

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, кеше медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу аяқталды. Алайда әлі алмаған қызметкерлерге 23 қазанға дейін беріледі. Бүгінгі күні қаза тапқан медицина қызметкерлерінің барлығының отбасылары өтемақы алды деп хабарлады ол.

Қазіргі уақытта төлем алуға құқылы медицина қызметкерлерінің 421-іне ғана ақша аударылған жоқ. Оларға қатысты мәселе өңірлік комиссия деңгейінде рәсімделіп жатыр. Төлем осы жылдың 23 қазанына дейін беріледі. Премьер-Министрдің тапсырмасымен 20 қазанда Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда медицина қызметкерлеріне бірреттік әлеуметтік төлемді аяқтау туралы шешім қабылданды. Лас зонада жұмыс істеп жүріп ауырып қалған дәрігерлерге алдағы уақытта қолдау шаралары медициналық ұйымдардың немесе кәсіподақ ұйымдарының не жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен көрсетілетін болады. Бұл медицина ұйымдарының басшыларын өзінің медициналық қызметкерлерін жеке қорғаныш заттарымен қамтамасыз етуге, санитарлық-эпидемиологиялық режимнің сақталуына бақылау жасауға ынталандыратын болады, - деді Марат Шоранов.

Шоранов екінші толқынға дайындық кезінде қабылданған жоспарға сәйкес дәрігерлер мен өзге де медицина қызметкерлерінің кәсіби қызмет барысында ауырып қалуына жол берілмейді. COVID-19-ға қарсы іс-шараларға қатысатын медицина қызметкерлерінің ай сайынғы жалақыларына қосымша үстемеақы төлеу одан әрі жалғасатын болды.

 Кинотеатр барлық өңірде ашылмайды

Бұған дейін барлық ақпарат тарататын құралдар 26 қазаннан бастап Қазақстанда кинотеатрлардың жұмыс істеуіне рұқсат беріледі деп хабарлаған болатын. Екі күн бұрын Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтіп, елдегі кинотеатрлар жұмысын бастау туралы шешім қабылданды.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят кинотеатрларға қойылатын талаптар туралы айтты. Оның айтуынша, кинотеатрдың жұмысына эпидахуалы тұрақты өңірлерде ғана рұқсат беріледі.

«Жасыл аймаққа» кіретін өңірлерде ауру жағдайы жоқ аймақтарда ғана кинотеатрлар ашылады. Кинотеатрларға барушылардың арасында ауру таралмау үшін министрлік санитарлық талаптардың алгоритмін белгілепті. Олар:

- киноға кірер алдында әлеуметтік арақашықтық пен маска режимі сақталуы тиіс;

- кіру билетін мүмкіндігінше онлайн режимде сату;

- залдардың толуын 30 пайыздан асырмау;

- отырғызу кезінде әлеуметтік арақашықтық сақталуы тиіс.

- әр сессиядан соң залды дезинфекциялау үшін 30 минуттық үзіліс пен міндетті дезинфекция жұмыстары жүргізілуі тиіс.

- кино көру нысаны ашылғанға дейін дезинфекция құралдарын қолдана отырып, жалпы тазартып тұру керек.

- кіреберістегі қызметкерлер келушілердің маска режимін сақтауының, дене қызуының өлшеп отыруы керек;

- кинозалдағы желдету және ауа баптау жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін бақылау керек.

Вице-министрдің айтуынша, кинотеатрлардың бәрінің жұмысын санитарлық дәрігерлер тексеріп, жеке рұқсат құжаттарын береді. Егер барлық шаралар сақталса, кинотеатрлар жұмыс істеуін бастайды.

 Екінші тоқсанда оқушылар мектепке бара ма

Бұл сұрақтың жауабы әзірге өзгеріссіз қалып отыр. Балалардың дәстүрлі оқу форматына көшуі елдегі эпидахуалға тікелей байланысты. Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия эпидахуалды күн сайын бақылауда ұстап, көрсеткіштерге сәйкес шешім қабылдауда. Ажар Ғинаяттың айтуынша, ведомствоаралық комиссияның құрамына Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері де кіреді. Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі өкілдері комиссияның отырыстарында оқушылар мен ұстаздар үшін қауіпсіз шешімді қабылдайтын болады. Бұл сұрақ журналистер тарапынан Білім және ғылым министріне де қойылған болатын. Ол шешімді Денсаулық сақтау министрлігінен, нақты, бас санитар дәрігерден күтіп отырғанын айтты.

ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетованың мәліметінше, кезекші сыныптарда оқитын балалар арасында 105 оқушыдан коронавирус анықталды. Олармен байланыста болған 19 адамнан аурудың бары белгілі болды. Қашықтықтан оқитын оқушылар арасында 145 жағдай анықталды, 348 байланыста болған адам, 22 жағдай анықталды.

Өңірлерде оқушылардың ковидке шалдығуы жөнінен Шығыс Қазақстан облысы бірінші орында тұр. Облыста 69 жағдай тіркелді. Бұл республика бойынша барлық жағдайлардың 31%-ын құрап отыр Екінші орында Солтүстік Қазақстан облысы, мұнда 30 жағдай тіркелген, Қарағанды облысында – 26 жағдай, Қостанай облысында 17 жағдай тіркелген.

Карантин кезінде мектептерде белгіленген санитарлық талаптардың сақталмағаны байқалады. Барлық мектепте түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Білім басқармалары басшыларының және барлық мектеп директорларының қатысуымен кеңестер өткізілді, онда мониторинг барысында анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында санитарлық талапты бұзушылықтар талқыланды, - деді Ажар Ғинаят.

 Шекара асып Қазақстанға келетіндер нені ескеруі керек

Қазір әлемнің 215 елінде 41 022 518 коронавирус жағдайы тіркелген, сырқаттанудың өсуі – 1,1%. 1 128 931 адам қайтыс болды, өлім көрсеткіші – 2,8%. Айжан Есмағамбетова әлемдегі осындай жағдайды ескере отырып, 6 қазаннан бастап шекарада санитариялық-карантиндік бақылау күшейгенін айтты.

ҚР Мемлекеттік шекарасын автомобильдік өткізу пункттері арқылы өткен ҚР азаматтары мен шетелдіктерің ішінде 21 591 жолаушыдан ковид анықталды. 5 967 жолаушы ПТР тест тапсырды, оның ішінде 122 жолаушыдан оң нәтиже анықталды. Халықаралық авиарейстермен 34 446 жолаушы келді, оның ішінде 5 925 адам тесттен өтті, 19 адамда оң нәтиже анықталды. Коронавирус жұқтырған жолаушылардың басым бөлігі Ресей, Түркия, БАӘ, Беларусь, Мысыр елінен келген, – деді Айжан Есмағамбетова.

26 қазаннан бастап мына елдерге әуе рейстерінің саны қысқартылады: Украина, БАӘ, Германия, Беларусь, Түркия. Қазақстан Республикасына келетін азаматтарда ПТР тест тапсырғаны туралы анықтама болу керек. ПТР тесттің тапсырылған уақыты 72 сағаттан аспауы тиіс. Мұндай анықтамасы болмаса, қазақстандықтар екі тәулікке карантиндік стационарға жатқызылады. Шетелдік азаматтар еліне қайтадан департацияланады.

Жаңа вице-министрдің медициналық білімі жоқ

Журналистер бүгін сайланған Денсаулық сақтау вице министрі Әсем Нүсіпова туралы сұрақ қойды. Журналистің айтуынша, жаңадан сақталған вице-министрдің медициналық білім жоқ. Марат Шорановтың айтуынша, Әсем Нүсіпова министрліктің қаржылық мәселелерін шешу жағында жұмыс істейді. Бүгін Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қауылысымен Нүсіпова Әсем Бекқызы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалған болатын. Әсем Нүсіпова 1975 жылы Алматы қаласында туған. 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде «экономика» мамандығы бойынша білім алған. 

Барлық жаңалықтар
34.200.252.156, 192.168.88.100