• Басты
  • COVID-19 екінші толқыны: екінші рет вирус жұқтырып алмау үшін не істеу керек
6 Қазан, 2020 13:00

COVID-19 екінші толқыны: екінші рет вирус жұқтырып алмау үшін не істеу керек

Strategy2050.kz тілшісі Нұр-Сұлтан қаласындағы емханалардың бас дәрігерлерімен әңгімелесіп, коронавирустың екінші толқынына қатысты ақпарат алды. Коронавируспен қайта ауырып қалмау үшін қандай амалдар жасау керектігін осы материалдан оқи аласыздар.


COVID-19 екінші толқыны: екінші рет вирус жұқтырып алмау үшін не істеу керек

Нұр-Сұлтан қаласындағы №10 емхананың меңгерушісі Гүлнәр Алпысбекованың айтуынша, коронавирустық инфекцияның көтерілуіне дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

216eea50-8dbc-4113-9d45-aebc8e81b20c.jpg

Біздің емханаға 86 мыңнан аса тұрғын тіркелген, олардың 29%-ы балалар, яғни 25 мың жас жеткіншек. Бізге қаралатын тұрғындардың арасында аурудың көтерілуі байқалмайды. Екінші толқын болады немесе болмайды деп айта алмаймыз. Жаздағы жағдай екінші рет қайталсанса, қолданылатын шаралар жоспары дайын. Жоспарға сәйкес, ковидті емдеуге арналған дәрі-дәрмек әкелінді, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу туралы нұсқаулық бар, медициналық ұйымның инфрақұрылысын нығайту жұмыстары жүргізілді, медицина қызметкерлері қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етілді. №10 емханада 10 оттегі концентраторы, рециркуляторлар бар. Дәрігерлер коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттерді емдеу және санитарлық қауіпсіздік шараларын орындау туралы оқуға қатысып жүр. Біздің емханада 44 дәрігер коронавируспен күресте алдыңғы шепте жұмыс істеді. Олар үстемақы алу үшін құжат тапсырды. Үстемақы әзірге осы 44 дәрігердің жарты бөлігіне ғана түсті, - деді Гүлнәр Махметқызы.

№10 емхана жанынан 17 мобильді бригада құрылып, науқастарды үйден емдеуге дайын. Инфекция сұрақтары боййынша хабарласатын колл орталықтың да жұмысы жетілдірілген. Науқастармен тікелей байланыс орнату үшін вебкамера, микрофон, смартфондар алынған.

Емхана меңгерушісінің айтуынша, дәл қазір емханада вакцинациялау науқаны жүріп жатыр. Бүгінге дейін 2930 жас жеткіншек(83,7%), 4217 ересек (92%) тұмауға қарсы екпе салдырды.

Дәрігер екінші рет коронавируспен ауырып қалмау үшін дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанып, далаға немесе көпшілік жерге міндетті түрде медициналық бетперде киіп шығып, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау керектігін айтты.

Акушер-гинеколог дәрігер, «Астана медициналық университетінің» кафедра меңгерушісі  Зайтуна Хамидуллина жүкті келіншектердің сақтық шаралары туралы түсіндірді.

Hamidullina2 (1).jpg

Кез келген емханада тіркеуде тұрған жүкті әйелдер көп. Олар дәл қазіргі сәтте тұмаудан сақтанулары керек. Жүкті әйелдер 2,3 триместерде тегін вакцина салдыра алады. Одан бас тартпаған жөн. Бірінші немесе екінші триместрде тұмау белгілері пайда болса, дереу қаралып жүрген дәрігеріне немесе учаскелік терапевтке хабарласады. Олар тиісті препараттарды жазып береді. Жүкті келіншектер тұмаудың белгілерін байқаса, еш жерге шықпай, оқшауланғандары дұрыс. Өйткені, қазір олар үшін қауіпті кезең. Дене температурасы 39 градус болса, дереу жедел-жәрдем қызметін шақырып, ауруханаға жатып емделген дұрыс. Аурухананың зертхана мамандары ПТР тестке биоматериал қабылдайды, - деді.
Акушер дәрігердің айтуынша, вирус омырау сүті арқылы берілмейді, Сондықтан анасы емізіп жүрген кезде вирус жұқтырған болса, емізуді тоқтатпаған жөн. Ал өкпесі қабынып, ауыр түрде демікпе болса, онда анасы ауруханаға жатқызылады, емізуді доғарады.

Коронавирустың алдын алу үшін жүкті әйелдер қауіпсіздік шараларын өзгелерден қатаңырақ сақтайды. Күн сайын дене қызуын өлшеп отыруы керек. Дүкенге жиі шықпаған дұрыс, шықса міндетті түрде маскалы режимді сақтайды. Қолды антисептикпен тазартып отыру керек. Әрине, бәрі уақытша. Бұл орындалуы оңай қарапайым шаралар, алайда коронавирустан құтқарады, - деді ол.

Балалар дәрігері, инфекционист Баян Тұрдалинаның айтуынша, қазіргі жағдай тұрақты болғанымен, қатаң бақылауда және кез келген өзгеріске дәрігерлер мен стационарлар дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.

pp.jpg

Коронавируспен бір рет ауырдым, енді маған қауіпті емес деген қате түсінік. Ең алдымен санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау: маскалы режим, көшеде немесе қоғамдық орындарда адамдармен қатты жақын сөйлеспеу, қолды спиртпен тазалап отыру. Екіншісі, иммунитетті қалыпқа келтіру шаралары: құнарлы тамақтану, ұйқы және белсенді уақыт мерзімін нормада ұстау, стресстік жағдайларға жол бермеу. Осының бәрін кешенді түрде қолданған адамдар тек коронавируспен емес кез келген вирустан өзін сақтай алады. Клиникалық белгілері жоқ сиптомсыз коронавируспен ауырған науқастар ешқандай препарат қолданбайды. Өз бетінше антибиотиктер қабылдап, үйде емделуге жол бермеу керек. Дәрігерлерде клиникалық протокол бар. Олар сол құжатқа сәйкес, ауру белгілеріне қарап, емшара тағайындайды. Коронавирустың кез келген түрінде препарат қолданылмайды. Препарат қолдану ережесі бар, - деп ескертті Баян Рысбекқызы.
Дәрігер коронавирустан енді айыққан адамдардың үйде жеке бөлмесі, жеке ыдысы, гигиеналық заттары да бөлек болу керектігін айтты. Олар үйде өзге адамдармен қатынасқа түскенде, міндетті түрде маска тағу қажет. Үйдегі санитарлық тазалық, бөлмені уақытылы желдетіп отыру да маңызды. Күнделікті С, В тобындағы витаминдерді, А, Е, D дәрумендерін, көкөніс, жеміс-жидек, ет, сорпа, ақуызы мол тағамды көп жеген жөн.

Зерттеушілердің мәліметінше, коронавирус қаптамалық материалдарда - негізінен картонда және пластиктің әртүрлі формаларында бірнеше сағат, тіпті тәуліктері бойы өмір сүре алады. Сондықтан сырттан келген пластик, картон, полиэтилен қаптамаарды жуып, спиртпен сүрту керек. Сонымен қатар мұндай қаптамаларды қайта пайдалануға болмайды. Супермаркеттерге, дүкендерге немесе базарларға барғаннан кейін қолды дезинфекциялау керек. Дүкеннен шығарда және дүкенге кірерде арнайы антисептик сұйықтығы орналасқан. Антисептикті міндетті түрде пайдалануға дағдылану керек. Елімізде өткен тәулікте коронавирустың 7 жағдайы тіркелді, 1 жағдай өліммен аяқталды. Бір тәулік ішінде 10 адам жазылып шыққан.

Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 3 180 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 70 өскіншек бала бар. Стационарларда 1 851 науқас жатыр. 1 329 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.

Жалпы науқастардың арасында 86 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 14 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда. 16 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.

Барлық жаңалықтар