• Басты
  • COVID-19 екінші толқыны: дәрігерлер қазіргі эпидемиологиялық жағдайға баға берді
5 Қазан, 2020 16:54

COVID-19 екінші толқыны: дәрігерлер қазіргі эпидемиологиялық жағдайға баға берді

5 қазандағы жағдайға сәйкес коронавирустық инфекцияның таралуының көбеюі байқалмайды. Бұл туралы Strategy2050.kz тілшісіне Нұр-Сұлтан қаласындағы №5 емхананың бас дәрігері мен Алматы қаласының бас санитар дәрігері айтты.


COVID-19 екінші толқыны: дәрігерлер қазіргі эпидемиологиялық жағдайға баға берді

Статистика не дейді?

Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 3213 адам емделіп жатыр. Олардың 73-і жас бала. Стационарларда 1 806 науқас емделуде, ал 1407 адам амбулаториялық жағдайда ем қабылдап жатыр.

89 науқас ауыр халде. Соның ішінде 12 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда. 19 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны 108 236 адамға жетті. Өткен тәулікте 59 жаңа жағдай тіркелді.

 Медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеуде кедергі көп

 Елімізде 12 830 медицина қызметкері коронавирус инфекциясы мен пневмония жұқтырған, өңірлердегі комиссия 8 333 өтінішті қарап, оның 5626-сын растады, республика бойынша 3603 дәрігерге ғана үстемақы берілді.

 Облыстарда өтемақы төлеу ісінде көптеген кедергі бар. Өйткені,   төлемдерді тағайындау кезінде көптеген заңбұзушылыққа жол беріледі. Мысалы, кейбір аймақтардағы денсаулық сақтау басқармалары немесе денсаулық сақтау мекемелері Министрліктің ақпараттық базасына 958 өтінімді мүлдем енгізбеген, ал өңірлер берген мәліметтердің сапасыз болуына байланысты 567 өтінім Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне қабылданбады.

 Атырау облысында көп – 188, ШҚО – 151, Алматы қаласында – 97, Алматы облысында – 52, Қызылорда облысында – 37, Нұр-Сұлтан қаласында - 22 өтінім кері қайтарылған.

Коронавирус жұқтырды деп құжат өткізген көптеген дәрігерлердің аты-жөні стационарлық науқастардың электрондық тіркелімінде табылмаған.

Өңірлік комиссиялар коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің жақындарынан 80 өтінімді қарап, 55-ін мақұлдады, деректер толық болмағандықтан олардың 12-сін Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек министрлігі қабылдамады.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені шешу үшін онлайн жұмыс тобын құрды, МӘСҚ-мен бірлесіп типтік қателерді талдау бойынша кеңес өткізді, сондай-ақ ауруларды кодтау әдісін тағы да түсіндірді. Осының барлығы МӘСҚ деңгейінде қабылданбаған өтінімдер санын екі есеге қысқартуға мүмкіндік берді.

 Коронавирустың екінші толқыны болмауы мүмкін

Дәл қазір дүние жүзінің бірқатар елінде індеттің қайта ушығуы байқалады. Ал біздің елдегі жағдай тұрақты. Дәрігерлер мен санитарлық қызмет мамандарының нәтижелі жұмысы эпидемиологиялық жағдайды тұрақты ұстап тұр. Егер ел болып, дәрігерлер мен бас санитар дәрігердәі кеңесіне құлақ асатын болсақ, екінші толқын Қазақстанды айналып өтуі мүмкін.

Алайда, екінші толқынға дайын болған дұрыс. Денсаулық сақтау саласына жауапты ұйымдар дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дәріханалар мен аурухана, емханаларда дәрі тапшылығы жоқ, елімізбойынша жаңа ауруханалар барлық облыста салынып жатыр, ауруханаларда артық төсек-жай дайын. Үкіметтің жоспарында карантиндік шектеу шараларын енгізу туралы шешім жоқ. Карантиннің болуы эпидемиологиялық жағдайға және адамдардың сақтық шараларын орындауына тікелей байланысты.

 Алматыда жағдай тұрақты

Жандарбек Бекшиннің айтуы бойынша, жыл сайын осы уақытта таралатын тұмау мен ЖРВИ инфекциясының таралу көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда төмен. 2019 жылдың 1 қазанынан 2020 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ЖРВИ жұқтырудың 85975 жағдайы тіркелді. Сырқаттану деңгейі 4421,24 құрады, бұл өткен эпидемиялық маусымның кезеңімен салыстырғанда 3,6% төмен. 14 жасқа дейінгі балалар арасында өсім 48478 жағдайды құрады, олардың үлесі 56,4% құрады, бұл алдыңғы эпидемиялық кезеңдермен салыстырғанда 8% төмен. 2018-2019 эпидемиологиялық маусымда, балалар арасында 54 548 жағдай тіркелген, яғни 64,4%-ды құраған.

5f2d4093325ea892752010.jpg

 ЖРВИ-мен ауырған 11852 науқас ауруханаға жатқызылды, оның 656-сы жүкті, 1 жасқа дейінгі балалар – 5064. Өткен эпидемиялық маусымда 13585 ауруханаға жатқызылған, оның 1100-і жүкті, ал 6098-і 1 жасқа дейінгі балалар. Тұмауға қарсы вакцинация науқаны басталды. Осы жылы қауіп тобына Ресейден 130 000 доза көлемінде шығарылған «Гриппол Плюс» деп аталатын препарат әкелінді. Алматыға қосымша 186 мың доза вакцина келді. Алматыда 14 қыркүйектен бері 122 669 адам вакцинацияланды, бұл қаланың жалпы халқының 6,1%-ы. Оның 116 935-і (89,9%) «қауіпті топқа» кіреді. Алдыңғы жылы 100 мың вакцина 1 желтоқсанға дейін салынып бітсе, биыл осыншама вакцина бір айға жетпей салынды, - деді Бекшин.
Алматыда өз еркімен өз қаражатына тұмауға қарсы екпе салдырған 4392 адам тіркелді. Вакцинацияға қарсылық танытатындар өткен жылмен салыстырғанда аз.

Бекшиннің мәліметі бойынша шектеу шараларын орындауға байланысты Алматыда коронавирус пен тұмау жұқтыру жағдайы «тұрақты» деген бағаға ие.

Алматыда кеше тек бір ғана адамнан коронавирус анықталды. Тәуліктік өсім 0,006 %-ды көрсетіп тұр. Қала ауруханаларында төсектердің 5%-да ғана науқастар жатыр. Шектеу шараларының нәтижесі осындай көрсеткішке әкелді, - деді Жандарбек Бекшин.

Алматыда 7 мектеп оқушысы туыстарынан коронавирус жұқтырған. Олардың барлығы онлайн оқуда болған. 4 оқушыдан эпидемиологиялық тергеу кезінде анықталса, 2 оқушы тұмаумен ауруханаға барғанда анықталса, 1 оқушыдан бронх демікпесінен санаторий-курорттық емделу алдында профилактикалық тексеру кезінде табылды. 4 қазанда Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада карантинді жеңілдетуге байланысты жаңа қаулыға қол қойды.

 Тұрғындардың 1%-нан ғана коронавирус анықталды

Нұр-Сұлтан қаласындағы №5 емхананың меңгерушісі Алтыншаш Табулдинаның айтуынша, дәл қазір жедел-жәрдемге шақыртулар мен науқастардың респираторлы инфекция белгілерімен фильтр кабинетке келетін науқастардың өсімі бар, бірақ басқа маусымдық ауру таралу кезеңдерімен салыстырғанда төмен.


Біздің емханаға келушілердің есебіне қарап, жағдай тұрақты деп айта аламын. ПТР тестілеу арқылы Covid-19 жоспарлы тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Айына орта есеппен 500 адамды тексереміз. 5 емханаға 70 000 тұрғын қаралады. Ай сайын тексерілетін 500 адамның тек 4-5-нен ғана коронавирус анықталады, пайызға шаққанда бұл 1%-ды құрайды, - деді Алтыншаша Табулдина.

Емханада 6200 адамға тұмауға қарсы вакцина салынған.

Вакцина салу кезеңі 15 қазанға дейін жалғасады. Диспансерлік есепте тұрған, балалар үйіндегі балаларға, интернат үйлеріндегі балаларға, қарттар үйінің тұрғындарына, медицина қызметкерлеріне, жүкті әйелдерге, 65 жастан асқан кісілерге тегін салынып жатыр. Қазанның ортасына дейін тұрғындардың 10%-на екпе салуды жоспарладық. Сондай-ақ барлық жұмыс істейтін тұрғындар келіп тұмауға қарсы ақылы вакцинаны салдыра алады. Емхана  ақылы қызмет түрлерін де көрсетеді, - деді меңгеруші.
Вирустық инфекция ауруларының маусымдық көтерілуі күтілген еді. Шектеу шараларының енгізіліп, бұқаралық шаралардың азаюына байланысты, қашықтан оқытудың да әсерінен болса керек, аурудың көбеюі байқалмайды.

Карантиннің қайта енгізілуі тұрғындардың тәртібіне байланысты болмақ. Егер ара қашықтық сақтап, медициналық масканы дұрыстап киіп, қолды жиі жуып, вирустық инфекция ауруы байқалса, бірденн оқшауланып, үйден шықпасақ, карантин болмайды. Күн сайын ескерту жасалса да, азаматтар бұған бей-жай қарайды, - деді Алтыншаш Жұмашқызы.

5 емхана қызметкерлеріне өтемақы төленді ме деген сұраққа меңгеруші 5 қызметкердің алғанын айтты.

Өтемақы коронавируспен ауырған дәрігерлердің бәріне бірдей төленбейді. Қауіпті топқа жататын медицина қызметкерлеріне ғана төленеді. Олар: жедел-жәрдем қызметкерлері мен көлік жүргізушілер, Фильтр кабинеттердегі дәрігерлер, коронавирусты анықтайтын ПТР тестке биоматериал жинайтын зертхана қызметкерлері. Біздің емханада үстемақы алатын 8 қызметкер белгіленді, олардың бесеуіне төлем түсті, үшеуі төлемді күтуде, - деді Алтыншаш Табулдина. 

Барлық жаңалықтар