COVID-19 екінші толқыны: Қазақстандықтар нені ескеруі тиіс

14 Қазан, 2020 17:33


Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері апта сайын БАҚ өкілдерімен кездесіп, халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап беруге тырысады. Коронавирус пен карантиндік шектеу шараларына қатысты сұрақ көп. Алексей Цойдың қатысуымен өтетін баспасөз мәслихаты әркез белгіленген уақыттан да көпке созылады. Бүгінгі брифинг те уақыт жағынан созылды. Өйткені журналистер министрді сұрақтың астына алды. Коронавирустың екінші толқынына қатысты маңызды ақпараттар Srategy2050.kz тілшісінің материалына топтастырылды.

Елдегі жағдай тұрақты

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Мемлекет басшысының 7 қазанда коронавирустың жаңа толқынына дайындық жұмыстары туралы жиынында берген тапсырмалардың орындалу барысы мен қазіргі елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы баяндаудан бастады. 14 қазандағы жағдай бойынша елде барлығы 108 984 коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелді. 1776 адам осы дерттен қайтыс болды. Өткен тәулікте 321 жағдай тіркелді, 3 жағдай өліммен аяқталды. Бір тәулік ішінде 269 адам жазылып шыққан. Жалпы науқастардың арасында 79 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 12 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда. 12 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Бүгінгі таңда мектеп оқушылары арасында коронавирустық инфекцияның 184 жағдайы тіркелді. 73 жағдай – кезекші сыныптардың оқушылары, оның ішінде 12 бала стационарларда ем алуда. Оқушылар арасында COVID-19 ауруларының басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысында - 17 мектепте 21 жағдай, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында – 11 мектепте 15 жағдай тіркелді.

Еуропа мен ТМД елдері «екінші толқынды» өткізіп жатыр

Цойдың айтуы бойыншаминистрлік әлемдегі жағдайға арнайы мониторинг жүргізеді.

Біз күн сайын әлем елдеріндегі жағдайды «аңдып» отырмыз. Германия, Украина, Ресей, Испания мен Италияда жағдай дәл қазір мәз емес. Нақты есебін айтар болсам, осы аптада жұқтыру өсімі Германияда 1-1,5 %, Украинада 1,9-2,4 %, Ресейде 0,8-1,1 %, Испанияда 0,5-1 %, Францияда 1,8-3 %, Чехияда 1,8-3,7 %, Италияда 0,8-1,3 % артты. ТМД елдерінде ауру өсімі Қазақстанға қарағанда 11 есе жоғары. ТМД елдерінде коронавирустың таралуы дәл қазір Қазақстанмен салыстырғанда 11 есе көп. Біздегі жағдай тұрақты. Дегенмен көршілес тұрған Ресейді коронавирус жайлап жатқанда бізге еркінсуге болмайды. Оның үстіне вакцина әлі дайын емес. Мен қазақстандықтарды масканы шешпеуге, әлеуметтік қашықтықты сақтауға, айналадағылар алдындағы жеке жауапкершілікті есте сақтауға және жақындарына жанашыр болуға шақырамын. Тек қана күш-жігерлерімізді біріктіре отырып, қауіпті вирусты бірге жеңе аламыз, - деді Бас дәрігер.

Антидене туралы нені білу керек

Алексей Владимирович антидене туралы түсіндірді. Айтуынша, ковидтің жеңіл түрімен ауырған адамдардың ағзасында антидене 1 ай уақытқа сақталады. Ал ауыр түрімен ауырғандардың денесі вирустың антиденесін 5-6 ай сақтайды.

Егер біздің елде коронавирустың шарықтау шегі маусым-шілде айларымен тұспа-тұс келген болса, сол айларыда қатты ауырған науқастардың ағзасындағы антидене қараша-желтоқсан айларында әлсірейді. Сонда екінші толқын болуы әбден мүмкін. Өйткені, маусым мен шілдеде қатты ауырғандар қайтадан ауырып қалуы мүмкін. Алайда бүгінгі көрсеткіштерге сүйенсек, Қазақстанда ауру қайталанған науқас әлі тіркелмеді. Бірақ өзге мемлекеттерде аурудың қайталанған жағдайлары бар, - деді Цой.

Қазақстандық вакцина әлі тексеріліп жатыр

15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны басталды. Бүгінге дейін Қазақстанда 1,8 млн адам екпе салдырды. Келесі аптаның соңына дейін екпе салу кезеңі аяқталады. Министрлік ресейлік, оксфордтық және қазақстандық вакцинаны сатып алуды жоспарлап отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеулерден өткізуге келісім беріпті. Вакцинаның зиянсыз екенін және пайдасын бағалау мақсатында 2020 жылғы 17 қыркүйекте Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының базасында қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеудің бірінші кезеңін жүргізуге рұқсат берілген. 17 қарашада екінші кезеңнің клиникалық зерттеулері және 2021 жылдың 24 сәуірінде үшінші кезең аяқталады деп жоспарланып отыр.

COVID-19 вакцинациясын алуы тиіс қауіпті топты анықтадық. Олар - 60 жастан асқан созылмалы ауруы бар адамдар, медицина қызметкерлері, педагогтер. Біздің есептеуімізше, Қазақстан бойынша 2,8 млн адам немесе халықтың 15 пайызы вакцина салдыруы тиіс. Ол үшін 5,6 млн доза вакцина қажет. Олар – ресейлік Спутник-5 вакцинасы, оксфордтық вакцина, қазақстандық вакцина және т.б., - деді ол.

Министр сонымен қатар Қазақстанда зертхана мамандарын даярлау арқылы елдегі зертханалардың қуатын тәулігіне 63 мың зерттеу жүргізе алатын жағдайға жеткізуді жоспарлағанын айтты.

Тексеру, тергеусіз өтемақы төленді

Алексей Цой Президенттің 7 қазанда Денсаулық сақтау министрлігінің алдына қойған бірқатар тапсырмаларының орындалу барысымен таныстырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы тапсырмасы жұмыста жүріп ковид жұқтырған медицина қызметкерлеріне тергеусіз, тексерусіз өтемақы төлеу еді.

Қазір өңірлік комиссиялар осы вирустан көз жұмған жағдайлар бойынша жұмысты аяқтады. Өлімге қатысты 182 өтінім түсті. Кәсіби міндетін орындау уақытында коронавирустан көз жұмған 182 медицина қызметкерінің отбасына 10 млн теңгеден өтемақы тағайындалды. Осылайша Президенттің қызметте жүріп қайтыс болғандардың отбасына артық тексерусіз өтемақы төлеу туралы тапсырмасы орындалды. Біз қайтыс болған әріптестерімізді сағынып еске аламыз, олардың отбасына, ағайынына қайғыра көңіл айтамыз, - деді Алексей Цой.

Айтпақшы, жұқпалы ауруға шалдыққан науқастарды емдеу кезінде өздері де ауырып қалған 6 341 медицина қызметкеріне өтемақы төленді.

ҚР Президенті Тоқаевтың мемлекеттік комиссия отырысында дәрігерлерге ынталандыру сыйақыларын тағайындау туралы тапсырмасына сәйкес, осы жылдың наурыз айынан бері төлемдер беру жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін медицина қызметкерлеріне 7,7 млрд теңге көлемінде қосымша сыйақы есебінде төлем жүргізілген. Президенттің соңғы Жолдауына коронавируспен күрескен дәрігерлерге үстемақы беруді 2020 жылдың соңына дейін жалғастырамыз. Бұған бюджеттен 137 млрд теңге бөлінді.

Аппараттарды әкімдер сатып алып жатыр

Алексей Цой жазда біраз дау туғызған рентген, өкпе желдеткіш аппараттар туралы есеп беруді ұмытпады.

Науқастарға диагностикалық қызметтер қолжетімді болуы үшін әр облыстың әкімдіктері отандық өнім саналатын цифрлық рентген аппараттарын сатып алуда. Алғашқы 24 аппарат осы айдың 20-на дейін дейін Түркістан, Қостанай, Ақмола, облыстарына жіберілетін болды. Ал қалған өңірлердегі денсаулық сақтау мекемелері осы айдың соңына дейін аппаратты алады, - деді министр.

Медициналық көмектің халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін шалғайдағы елді мекендер үшін көліктік медицинаны дамыту жұмысы жолға қойылғанын Цой айтты.

Бүгінгі күні көшпелі медицина кешендерінің 28 данасы әзірленді. Оның бір бөлігі Қостанай қаласына жеткізілді. Қалған кешендер басқа өңірлерге таратылады. Келісімшартқа сәйкес олар елді мекендерге 20 қазанда жеткізіледі, - деп есеп берді министр.

Жаңа бас санитар дәрігердің баяндамасы

Цой баяндама жасау кезегін бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясовқа берді. Жаңа лауазымда алғаш рет брифингке қатысқан Қиясов әлемдегі эпидемиологиялық жағдай мен шетелден Қазақстанға келетін жолаушылардың оқшаулануы туралы есепті оқыды.

Біз Еуропа мен ТМД елдерінде ауру таралудың көбеюін ескере отырып, әуе қатынасы ашылған елдерден, сонымен қатар ЕАЭО елдерімен, Өзбекстан Республикасымен авто өту жолдары арқылы келетін адамдарды санитариялық-карантиндік бақылауды күшейттік. Олардың дене қызуы өлшенеді, арнайы сауалнама толтырады. Сонымен қатар олар COVID-19-ға тапсырған сәттен бастап үш тәуліктен аспайтын ПТР тест анықтамасын көрсетулері тиіс. Егер анықтамалары болмаса екі тәулікке стационарға жатқызылады , – деді бас санитар дәрігер.

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 2020 жылғы 6 қазандағы сағат 00:00-ден бастап ҚР Мемлекеттік шекарасын автомобильдік өткізу пункттері арқылы 33 600 еліміздің азаматы мен шетелдік, оның ішінде 10 051 жолаушы кесіп өтті. 3 322 адам карантиндік стационарларға орналастырылды, оның ішінде 60-ынан індет анықталды. Халықаралық авиарейстермен 14 832 жолаушы келді, оның 3 051-і тестілеуден өтті, 10 адамның коронавирус жұқтырып келгені белгілі болды.

Дәл қазір дүние жүзінің көптеген елдерінде коронавирус бойынша жайсыз эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, шекарада бақылауды күшейту және инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында арнайы комиссияның отырысына әуе рейстер санын қысқарту бөлігінде шекарадағы шараларды күшейту мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, халықаралық екі жақты жүк тасымалымен айналысатын жүргізушілерде анықтама болмаса, оларды карантиндік стационарға жатқызбау үшін шекарада ПТР тест тапсыру ұсынылады. Ал жүргізушінің ауру жұқтырғаны расталған жағдайда, орналасқан жері бойынша карантинге жатқызылады. Айтпақшы, Түркиядан келетін рейстердің саны қысқарады

Карантин шараларын бұзғандар көбейді

Арнайы мониторинг тобының жұмысы карантин шараларының сақталуын рейдтік тексеру арқылы жалғастыруда. Карантиндік шектеу шаралары жеңілдеген кезден бастап, 26 759 нысан тексеріліп, 5224 нысанда санитарлық талаптың бұзылғаны анықталды. Соңғы үш аптада Нұр-Сұлтан қаласында тексерілген жерлердің 62%-ы санитарлық-профилактикалық шаралар мен карантин режимі талаптарына қол сілтегені белгілі болды. Алматы қаласында тексерілген орындардың 52 %-да ереже бұзылған. Ереже бұзылған жағдайлардың көрсеткіші Солтүстік Қазақстан облысында 40%, ал Алматы облысында 39 %-ды құрады.

Барлық қазақстандықтарды маска режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтауға, қасымыздағы адамдардың алдындағы жеке жауапкершілікті есте сақтауға және жақындарына жанашыр болуға шақырамын. Тек қана күш-жігерлерімізді біріктіре отырып, қауіпті вирусты бірге жеңе аламыз, - деді Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов.

ПТР тесттің бағасы арзандамай тұр

Ерлан Қиясовтың айтуынша, биылғы сәуір айында ПТР тестілеу 28 зертханада жүргізілген. Есте болса, тәулігіне ковидті анықтау мақсатында 6 мың тест жасалды. Ал қазір мұндай тестілеу әдісі 121 зертханада жүргізіледі. Тағы жаңа зертханалар ашылмақ. Зертханалардың қуаты тәулігіне 65 мың зерттеуге дейін барып қалады. Сонымен қатар, ПТР тест құнын 22 %-ға арзандату мәселесі министрлікте қаралып жатқаны айтылды.

Зерттеуге кететін шығын материалдары, оның ішінде тест-жүйе, қорғаныш киімдердің бағасы нарықта арзандап жатыр. Соған орай Денсаулық сақтау министрлігі ПТР-тест тарифін 22 %-ға дейін арзандату бойынша ұсыныс әзірлеген. Егер осы ұсыныс мақұлданса, қазан айының соңына дейін тариф бекітіледі. Қазақстан халқының 15 %-на коронавирусқа қарсы вакцина салынады.

Біздің болжауымыз бойынша ПТР тестілеу құны 11 000 теңгеден 8 900 теңгеге дейін төмендеуі тиіс. Бұл бағытта тиісті есеп-қисап жүргізілуде. Бағаны барлық жаққа бірдей тиімді ету үшін «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасымен бірге талқылап жатырмыз, - деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Қатаң карантин болмауы мүмкін

Цойдың айтуынша, эпидемиологиялық жағдай тұрақтылығын сақтап қалса, карантиндік шектеу қайта енгізілмейді. Локдаун болмайды. 

Алайда, қазір Қазақстанда қалыптасқан тұрақтылықты тиісті қызметтердің жұмысы арқасында сақтап қаламыз деп үміттенеміз. Сонымен қатар, әр азамат маска тағып, арақашықтықты сақтап, бұқаралық шараларды ұйымдастырмай халықты қорғау бағытындағы шараларға атсалысады деп ойлаймыз. Бұл талаптарды орындасақ, карантинсіз әрі шектеу шараларынсыз індетті еңсереміз деген сенім бар, - деді министр.

Карантин қайтып келмесе, мектеп оқушыларын дәстүрлі білім беру режиміне көшіру туралы шешімге дайындалатынын Цой айтты. Бұл бағытта Білім министрлігімен бірлесіп арнайы жоспар құрып жатырмыз.

Дәрігерлердің қауіпсіздігі басты назарда

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, осы жылдың соңына дейін Қазақстандағы барлық медициналық ұйымдар қорғаныш киімдермен, арнайы құралдармен, санитарлық саймандармен толық қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар дәрігерлерге қауіпсіздік туралы, коронавирустан сақтану бойынша арнайы тренингтер өткізіліп жатқанын хабарлады.

Бүгінгі таңда науқастар емделетін барлық аурухана мен емханаларда «таза» және «лас» аймақтары жасалды. Бұл аймақтардың әрқайсысында өзіндік ережелер бар. Ковид кезінде қалай емдеу, қалай сақтану, қандай режиммен жұмыс істеу, демалу уақыты туралы ережелерден сабақтар өткізіледі, - деді Ажар Ғиният.

Барлық жаңалықтар