• Басты
  • COVID-19: Чехияда төтенше жағдай 14 ақпанға дейін ұзартылды, ал Португалия Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатпақ

COVID-19: Чехияда төтенше жағдай 14 ақпанға дейін ұзартылды, ал Португалия Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатпақ

22 Қаңтар, 2021 12:14

Джо Байден COVID-19 эпидемиясымен күресу шаралары туралы он жарлыққа қол қойды. Ұлыбританияда бір апта ішінде 2 млн адамға вакцина салынған. Ал, Үндістанда Оксфорд вакцинасын шығаратын зауыт өртенді. Чехия парламенті 14 ақпанға дейін төтенше жағдай режимін ұзартпақ. Португалия Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатады. Әлемдегі коронавирус пандемиясы туралы Strategy2050.kz тілшісі дайындаған шолу материалда.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша әлемде коронавирусты жұқтырған 43 миллион адам тіркелген. Пандемия басталғаннан бері 2,07 млн адам қайтыс болған.

Джо Байден КВИ-мен күрес туралы 10 жарлыққа қол қойды

Джо Байденнің командасы АҚШ президенті инаугурациясы қарсаңында коронавируспен күресудің ұлттық стратегиясын ұсынды. Байден бүгін пандемиямен күрестің түрлі аспектілерін қамтитын 10 жарлыққа қол қоймақ.

«Америка саясатқа емес, ғылымға, деректерді талдауға және халықтың денсаулығын қорғауға негізделген антивирустық шараларға енгізу керек», - делінген Ақ үйдің мәлімдемесінде.

Пандемияға қарсы тиімді шаралар енгізу - Байденнің сайлау алдындағы негізгі уәделерінің бірі. Сайлау алдында ол алғашқы жүз күн ішінде 100 миллион американдыққа вакцина егуге уәде берген еді.

Әзірге Байден қоғамдық орындарда маска киюді, американдықтарға қаржылай көмек көрсетуді, Америка Құрама Штаттарына кіретін басқа ел азаматтарына жаңа ережелер енгізуді, тест санын көбейтуді және бірқатар басқа шараларды қабылдауды міндеттеді.

Бейсенбіде Байденнің медициналық кеңесшісі Энтони Фаучи ДДСҰ-ға кедей елдерді коронавирусқа қарсы вакцинамен қамтамасыз ететін COVAX-тың бастамасына Америка Құрама Штаттары қосылатынын мәлім еткен болатын.

Инаугурациядан кейін көп ұзамай Байден Трамптың АҚШ-ты ДДСҰ-дан шығару туралы бұйрығы мен Париж климаттық келісімінен бас тартатын құжатқа қол қойды.

Ұлыбританияда бір аптада 2 миллион адамға вакцина салынды

Ұлыбританияда өткен аптада екі миллионға жуық адам алғашқы коронавирусқа қарсы инъекцияны алды. Бейсенбіде Ұлыбританияда егілгендердің жалпы саны 4,61 миллионға жетті.

«Біз минутына 200 адамға вакцина саламыз», - деді Денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок.

Премьер-министр Борис Джонсон Ұлыбританияда коронавирусқа байланысты шектеулерді алып тастау туралы айтуға әлі ерте екенін атап өтті.

Лондондағы Корольдік колледжде жүргізілген жуырдағы зерттеу Ұлыбританияда табылған вирустың нұсқасы шынымен де әлдеқайда жұқпалы екенін көрсеткенін айтты Джонсон.

«Бұл вирустан жұқтырған адам өлмейді, бірақ ол әлдеқайда жұқпалы және жұқтырғандар саны өте көп», - деді премьер-министр.

Толық вакцинация үшін екі инъекция қажет, ал Ұлыбритания тұрғындарының екіншісін алуы тағы кейінге шегеріледі. Бұл жақын арада мүмкіндігінше көп адамның алғашқы вакцина дозасын алуын қамтамасыз ету үшін қажет.

Дегенмен, бұл стратегия күмән тудырады. АҚШ-та вакцинаның екі дозасын да уақытында енгізу ұсынылады. Бірақ, Ұлыбританияда вакцинацияның екінші кезеңі кейінге шегерілуі бірінші рет емес.

Сәрсенбіде Ұлыбританияда қайтыс болғандар саны рекордтық деңгейге жетті, коронавирус диагнозымен 1820 адам қайтыс болды.

Сонымен қоса, кеше, яғни бейсенбіде Glastonbury музыкалық фестивалі биыл карантинге байланысты өтпейтіні белгілі болды.

Өткен жылғы фестиваль 50-ші болуы керек еді. Бірақ, алғашқыда маусымнан қыркүйекке ауыстырылды, содан кейін мүлдем өтпейтіні айтылды. Ал, биылғы фестиваль туралы Ұлыбританиядағы ең ірі музыкалық фестивальдарды ұйымдастырушылар дәл қазір іс-шараларды өткізетін-өткізбейтіндерін шешуі керек, деп хабарлады Ұлыбританияның Тәуелсіз фестивалдері қауымдастығы. Егер олардың 2021 жылы өтетін фестивальдері тоқтатылса, олардың көпшілігі қаржылық жағынан дағдарысқа ұшырауы мүмкін.

Үндістанда вакцина шығаратын зауытта өрт болды

Үнді сарысу институтының вакцина зертханасы ғимаратында үлкен өрт шықты.

Бұл институт әлемдегі ең ірі вакцина өндіруші болып саналады. Осы институт Оксфорд Университеті мен AstraZeneca жасаған Covishield препаратын шығарады.

Институт иесі Адар Пунавалланың айтуынша, ғимараттың вакцина шығарылатын бөлігі өрттен зардап шекпеген. Тек ротавирусқа қарсы дәрі шығаратын құрал-жабдық өртеніп кеткен.

Чехия парламенті 14 ақпанға дейін төтенше жағдай режимін ұзартпақ

Чехия парламентінің депутаттар палатасы бейсенбіде коронавирусқа байланысты елде енгізілген төтенше жағдай режимін өткен жылдың 5 қазанында 22 қаңтарға дейін енгізген еді. Енді 14 ақпанға дейін ұзартты. Бұл туралы республиканың жоғары заң шығарушы органының баспасөз қызметі хабарлады.

Төтенше жағдай режимі билікке елдегі коронавирусқа қарсы шараларды жедел енгізуге және күшейтуге мүмкіндік береді. Чехияда маска режимі және қатаң әлеуметтік шектеулер сақталады, оның ішінде түнгі уақытта үйден аса қажеттілік болмаған жағдайда шығуға тыйым салынады. Тәртіп бұзғандарға айыппұл салынатын болады.

Чехияда 917 359 адам коронавирус жұқтырған. Вирустың салдарынан республиканың 14 973 тұрғыны қайтыс болды. Төтенше режим елде өткен жылдың көктемінде - 12 наурыз бен 17 мамыр аралығында да енгізілген болатын.

Голландияда коменданттық сағат енгізіледі

Голландия парламенті уақытша үкіметтің елде коменданттық сағат енгізу туралы ұсынысын қолдады. Бұған бейсенбіде елдің басты заң шығарушы органының сайтында жарияланған дауыс беру нәтижелері дәлел болып отыр.

Бұл шара сенбі күні, яғни 23 қаңтарда күшіне енеді. Коменданттық сағат жергілікті уақыт бойынша 21: 00-ден 04: 30-ға дейін күшінде болады. Осы кезеңде адамдар көшеде тек ерекше жағдайлар болған кезде ғана ғана жүре алады. Сонымен, жұмысқа баратын азаматтарға жұмыс берушінің қолы қойылған арнайы рұқсат қағаз қажет. Отбасының бір мүшесі ғана итпен жүріге рұқсат етіледі. Түнде төтенше жағдайлар қызметі мен азық-түлік пен дайын тамақ өнімдерін үйге жеткізу қызметі өз жұмысын жалғастыратын болады.

Бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейін енгізілген алғашқы коменданттық сағат. Тұрғындар ережені бұзған жағдайда оларға 95 еуро айыппұл салынады.

Нидерландыда инфекцияның алғашқы жағдайы былтыр 27 ақпанда анықталған. Ұлттық денсаулық сақтау және қоршаған орта институтының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін елде коронавирусты 932 мыңнан астам адам жұқтырған. Вирусты жұқтырған 13,3 мыңнан астам адам қайтыс болды. Аурудың таралуын болдырмау үшін 2020 жылдың желтоқсан айының ортасынан бастап елде жалпыға бірдей карантин енгізілді, оның шеңберінде азық-түлік және қажетті тауарларды сатпайтын барлық дүкендер, сондай-ақ спорт залдары мен мәдени-сауық мекемелері жабылды.

Соңғы апталарда күнделікті анықталатын инфекциялар мен өлім-жітімдер саны азайды, бірақ билік коронавирустың 60-тан астам елде, соның ішінде Нидерландыда анықталған инфекциялық штамдарының таралуын болдырмау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет деп санайды.

Португалия Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатты

Португалия үкіметі коронавирустың жаңа түрін елде таратпау үшін сенбіден бастап Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы бейсенбіде республиканың премьер-министрі Антонио Коста мәлімдеді.

Оның айтуынша, елдер арасында тек экспорттық рейстер жүзеге асырылады. Костаның сөзіне сүйенсек, бұл шара коронавирустың бұрын Ұлыбританияда анықталған мутацияланған штаммымен «жұқтыру қаупін» азайтуға бағытталған.

Португалияда барлығы 600 мыңға жуық инфекция жұқтырғандар анықталды, 9 686 адам қайтыс болды, 434 мыңнан астамы емделіп шықты.

Өткен жылдың 14 желтоқсанда Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Мэтт Хэнкок британдық ғалымдар коронавирустың жаңа мутацияланған түрін анықтады, бұл аурудың Англияның оңтүстік-шығысында тез таралуымен байланысты болуы мүмкін екені айтылды. Оның айтуынша, алдын-ала жүргізілген талдау вирустың бұл нұсқасы белгілі штамдарға қарағанда тез таралатынын көрсетеді. 19 желтоқсандағы жедел баспасөз конференциясында Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон алдын-ала мәліметтер бойынша, коронавирустың жаңа түрі 70% -ға дейін тез жұқтыру қаупі бар екені айтылған.

Франция ЕО мүше елдердеің азаматтарынан ПТР тест нәтижесін талап етті

Франция билігі коронавирусқа арналған ПТР-сынағының нәтижесін елге ЕО-ға мүше елдерден келген азаматтардан талап етпек. France-Presse (AFP) агенттігі бұл туралы бейсенбі күні Елисей сарайының мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.

Хабарламаға сүйенсек, Еуропалық Одаққа мүше елдерден келетін азаматтар Францияға келерден 72 сағат бұрын алынған коронавирусқа қарсы зертханалық тексерістен өтуі керек. 24 қаңтар, яғни жексенбіден бастап күшіне енетін талап жедел сапарларға қолданылмайтыны атап өтілген. Құрлықпен келген саяхатшылар, сондай-ақ көрші елдерде тұратын және Францияда жұмыс істейтін адамдар бұл міндеттемеден босатылады.

Бейсенбіде ЕО-ның онлайн-саммитінде ЕО-ның 27 елінің көшбасшылары антигенді жылдам тестілеуді қолдануды мақұлдады.

ЕО серіктес елдерге вакцинаның бір бөлігін ұсынбақ

ЕО саммиті серіктес елдерге қауымдастыққа мүше елдер үшін тапсырыс берілген вакцинаның шектеулі мөлшерін ұсынуға уәде берді, бірақ оның уақыты белгіленбеген. Бұл туралы Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Лейен онлайн режимінде өткен саммиттің қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

«Біз серіктес мемлекеттерге ЕО алдын-ала тапсырыс берген вакциналардың бір бөлігін бөлуге мүмкіндік беретін еуропалық тетік құруға шешім қабылдадық», - деді ол. «Біз мұны мүмкіндігінше тезірек жасаймыз», - деп жауап берді дер дер Лайен.

ЕО-ның әртүрлі елдерінде вакцинациялау желтоқсан айының аяғында - қаңтардың басында басталды, бірақ Pfizer-дің ЕО елдерінің тапсырысы бойынша жеткізілімдердің толық көлемін орындау проблемаларына байланысты бұл процесс баяулады. Брюссель американдық компанияға 2022 жылдың басына дейін жеткізілуі тиіс 600 миллион доза вакцинаға тапсырыс берді. Сонымен қатар, Еуропалық Одақ Модернадан тағы 160 миллион доза қабылдады. Әзірге ЕО-да осы екі вакцина ғана сертификатталған, бірақ Еуропалық комиссия басқа төрт батыс компанияларымен вакциналардың алдын-ала тапсырыс беру туралы келісімшарттар жасасып, тағы екеуімен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Барлық жаңалықтар