• Басты
  • COVID-19 пандемиясы Қазақстанның денсаулық сақтау саласына қандай өзгерістер алып келді

COVID-19 пандемиясы Қазақстанның денсаулық сақтау саласына қандай өзгерістер алып келді

11 Наурыз, 2021 16:57

2021 жылдың наурыз айында Қазақстанның коронавирус пандемиясына сәйкес карантиндік жағдайда өмір сүргеніне 1 жыл толады. Тек Қазақстан емес, әлем елдердің тұрмыс салты, экономикасы, әлеуметтік жағдайы үлкен өзгеріске ұшырады. Дүние жүзі мемлекеттерінің үкіметтері COVID-19-ға қарсы күресуде бірікті. Қазақстанның денсаулық сақтау саласында бетбұрыстар мен халық денсаулығын жақсартуда шаралар іске асырылды. Денсаулық сақтау саласында өткен жылдан бері болған өзгерістер туралы Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалынан біліңіз.


Пандемия кезеңінде денсаулық сақтау саласын дамыту

Өткен жылы әлемді дүр сілкіндірген пандемия Қазақстанға наурыз айында жетіп, күрделі эпидемиологиялық жағдай отандық денсаулық сақтауды материалдық-техникалық және кадрлық қамтамасыз етуді күшейту шараларын талап етті.

Бүгінгі таңда жұқпалы дертке шалдыққан науқастарды емдеуге арналған 51000 астам төсек орны бар. Аймақтарға 100 жылжымалы медициналық кешен жеткізілген болатын. Өткен жылы Қазақстанда 16 тез құрылатын жұқпалы аурулар ауруханасы салынды және 3 жұқпалы аурулар ауруханасы қайта жаңартылды. Медициналық ұйымдарға 3 264 бірлік өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілді, оның ішінде 1500-і – Қазақстанда жасалған. Жедел медициналық көмек қызметтері үшін 1167 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынды. Амбулаториялық-емханалық көмектің 44 нысаны, оның ішінде ауылдық жерде 30 нысан салынды. 259 денсаулық сақтау ұйымы қосылған ұлттық телемедициналық желі арқылы консультациялық қызметтер көрсету белсенді дами бастады. Республикалық клиникалардағы дәрігерлер өңірлердегі науқастарға видеобайланыс арқылы консультация берді. Бұл Қазақстанда медициналық көмек берудің жаңа форматы еді.

Аудандық ауруханаларға уақытылы диагностика жасау үшін 53 рентген аппаратымен қамтамасыз етілді, оның 49-ы отандық «Ақтөберентген» зауытында өндірілген.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдері қайта қаралған болатын. Шалғайдағы ауылдық пункттер үшін көлік медицинасын жаңғырту бойынша шаралар қабылданып, жүзеге асты.

Медициналық-санитарлық алғашқы көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы 44 амбулаторлық-емханалық көмек объектісі, оның ішінде ауылдық жерлерде 30 объект салынды және ашылды.

Өткен жылы Қазақстан дәрігерлерінің жалақысы бірнеше есеге өсті. Олардың орташа жалақысы 30%-ға, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20%-ға өсті.

Пандемия кезінде Қазақстан Үкіметі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарып, өңірлердің медициналық ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуге мәжбүр болды. Сонымен қатар, халықтың денсаулығының нашарлауына жол бермеуге тұрақты бақылауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды.

Қазақстанның COVID-19 ауруының ықтимал жаңа толқынына дайындығы

2021 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша республика бойынша төсек орындардың саны төмендегідей:

- инфекциялық төсек-орын – 19 089, олардың бос болмауы 28% (5 367 төсек-орын);

- инфекциялық стационарлардағы реанимациялық төсек саны 1 738, жұмыспен қамту – 21% (362 төсек) құрайды;

- карантиндік стационарлардың төсек-орын сыйымдылығы 6 666 төсекті құрайды, республика бойынша жұмыспен қамтылу — 6,2% (464 төсек);

       - инфекциялық стационарларда 2021 жылғы қаңтардағы деректер бойынша 5 222 өкпені жасанды желдету аппараты бар, 42 838 төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген.

Жергілікті бюджет және демеушілік көмек қаражаты шеңберінде қосымша 14 бірлік және Дүниежүзілік банк қаражаты есебінен 101 бірлік ӨЖЖ стационарлық аппараты сатып алынады.

«СК-Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьюторының ақпараты бойынша, COVID-19 емдеуге екі айлық дәрілік заттардың қоры құрылды. Олардың сендіргендей, қор азаймайды. Қорда дәрі-дәрмектердің 44 атауы анықталды. Препараттардың әрқайсысы коронавирусты емдеуге арналған. Болжамға сәйкес, айына стационарларда 60 000 пациентке жеткілікті. Қазіргі таңда 6,1 млрд теңгенің дәрі-дәрмектердің 43 атауы сатып алынды. «Надропарин» және «Фондаринукс натрия» өзара алмасу шеңберінде «Эноксапарин» болып ауыстырылды.

Пневмониямен ауырған КВИ науқастарын емдеуге арналған «Парацетамол» және «Ибупрофен» қызу түсіретін дәрілері, «Ривароксабан», «Апиксабан» және «Дабигатран» антикоагулянттары тегін үлестіріледі.

Жалпы, 2 млрд теңгеге жуық сомаға 1 млн-ға жуық адамды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Медициналық ұйымдардың аймақтық дәріханаларында тұрғындарға тегін беру үшін жоғарыда аталған 1,3 млрд теңге сомасына 5 дәрі-дәрмек түрі қалған.

Бөлшек сауда желісі үшін дәрілік заттар сатып алынды.

Өңірлердің әкімдіктері бөлшек дәріханаларда препараттардың тапшылығын болдырмау үшін Бірыңғай дистрибьютор порталында 3,1 млрд теңге сомасына (екі айлық қажеттілік) 33 тапшы дәрілік препараттарды сатып алуға өтінім берді, оның ішінде 25 дәрі-дәрмек сатып алынды. Көлем әкімдіктердің өтініміне сәйкес 17 өңірде Бірыңғай дистрибьютордың операциялық қоймаларында қалыптастырылды. Өңірлерде шалғай аудандарда бөлшек дәріханалар желісі (1 163 дәріхана) құрылды, олар арқылы интервенция жүзеге асырылады. Осылайша, дәріханалардың бөлшек сауда желісінде тауарлар тапшы болған жағдайда өңірлердің тәртіптемесі негізінде жөнелту басталатын болады.

Дәрі-дәрмектен бөлек 200 000 қорғаныш киімі гуманитарлық көмек шеңберінде сатып алынған.

Жаңа жұмыс орындары ашылды

Қазақстанда пандемия кезінде медицина қызметкерлері үшін 15 373 жаңа жұмыс орны ашылған. Өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының деректеріне сәйкес денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларын іске асыру шеңберінде 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша медицина қызметкерлері үшін 15 373 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 5 274 – тұрақты, 10 099 – уақытша.

Жұмыс орындарының басым бөлігі Нұр-Сұлтан қаласында ашылған. Мұнда

3 614 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде 807 — тұрақты және 2807 – уақытша. Ақтөбе облысында да пандемия кезінде 1480 жаңа уақытша жұмыс орны құрылды. Бұл екі өңір жаңа жұмыс орындарын құру жоспарын асыра орындаған. Ал ең төменгі көрсеткіш Шығыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарында байқалды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медицина кадрларын ынталандыру мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылдауда.

Орталық деңгейде:

медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. 2019 жылдың шілдесінен бастап дәрігерлердің жалақысы екі рет көтерілді (01.07.2019 ж. – 30%, 01.01.2020 ж. – 30%). Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысын орташа жалақыға 2,5 есеге дейін жеткізе отырып, олардың жалақысын кезең-кезеңімен арттыру көзделген.

медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру және олардың қызметін кәсіби қорғауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс шеңберінде медициналық қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыстық сипаттан арылту және ізгілендіру, кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруды кезең-кезеңімен енгізу көзделген);

ауылдық елді мекендерге келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі (2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша республикалық бюджет шеңберінде көтерме жәрдемақы 12,4% (717 маманның 89-ы) төленіп, тұрғын үй — 3,6% (717 маманның 26-ы) берілді.

медицина кадрларын даярлау және біліктілігін арттыру жүйесі күшейтілуде (медицина кадрларын даярлауға арналған гранттар 1500 орынға дейін ұлғайтылды, 2020 жылы жалпы сомасы 639 млн теңгеден астам сомаға 15 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды).

Жергілікті деңгейде

жатақханаларды ұсыну, коммуналдық шығындарды өтеу, байланыс қызметтерін көрсету, жалдау төлемдерін әлеуметтік төлеу, балабақшалардан орын бөлу, ерлі-зайыптыларды жұмысқа орналастыру және т.б. арқылы дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі. (2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша ауылдық елді мекендерге келген жас мамандарға жергілікті бюджет қаражаты есебінен көтерме жәрдемақы — 19,2% (717 маманның 138-і) төленіп, тұрғын үй — 7,4% (717 маманның 53-і) берілді, әлеуметтік қолдаудың өзге де шаралары — 6,7 % (717 маманның 48-і) көрсетілді); қалаға жұмысқа келгендердің 8,5%-ына көтерме жәрдемақы (704-тен 60-ы) төленіп, тұрғын үй — 0,7% (704-тен 5-і) берілді, өзге де әлеуметтік қолдау шаралары — 2,6% (704-тен 19-ы) көрсетілді;

жергілікті бюджет қаражаты шеңберінде әрбір жеке өңірдің ерекшелігі мен қажеттіліктеріне байланысты кадрларды мақсатты даярлау үшін әкімдердің резидентурада оқуға гранттары көзделген;

өңірлік қажеттіліктерді ескере отырып, жас мамандарды бөлу жүйесі енгізілді, оған сәйкес 4 153 дәрігер бөлінді.

Сонымен қатар, мамандардың өңірлерге көшуі бүгінгі күні 52% құрады (медициналық білім беру және ғылым ұйымдарының 4 153 түлектерінің 2 147-сі оқуды жалғастыру – 1731, жүктілік – 76, ақшаны қайтару – 11, әскерде қызмет ету – 3, академиялық демалыс – 6) себептері бойынша еңбекпен өтеуден босатылды).

Ауылдарға медицина кадрларын тарту жөніндегі шаралар

2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ауылдық жерлерде денсаулық сақтау жүйесінде 64 мыңға жуық медицина қызметкері, оның ішінде 12 мыңнан астам дәрігер және 51 мың орта медицина қызметкері жұмыс істеді.

Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша ауылда клиникалық мамандықтар кадрларына қажеттілік 932 бірлікті құрады (оның ішінде МСАК – 766 бірлік, стационар – 166 бірлік).

Ауылдық елді мекендерде дәрігерлердің ең көп қажеттілігі Ақмола (108), Алматы (105), Түркістан (84), Қарағанды (83), Қостанай (82), Батыс Қазақстан (78), Маңғыстау (77), Жамбыл (73) облыстарында байқалады. Мамандықтар бөлінісінде ең көп қажеттілік жалпы практика дәрігерлеріне (251), педиатрларға (49), анестезиолог-реаниматологтарға (44), инфекционисттерге (38), акушер-гинекологтарға (38), кардиологтарға (33), терапевтерге (30), хирургтарға (24), неонатологтарға (12), эпидемиологтарға (11) байқалады.

Қазіргі уақытта кадрлар тапшылығын төмендету мақсатында практикалық денсаулық сақтау қажеттіліктеріне негізделген медицина кадрларын даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесі күшейтілді. Жыл сайын резиденттерді даярлауға — 1500 орынға, бакалаврларды даярлауға — 2 700 орынға, интерндерді даярлауға — 4 888 орынға гранттар бөлінеді.

Жаңа мамандықтар

Коронавирус пандемиясы медициналық кадрларды даярлауға түзетулер енгізді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі атап айтқанда келесі пәндер бойынша биологиялық қауіпсіздік тақырыптарын күшейтті:

 

·        балалардың жұқпалы аурулары;

·        жалпы гигиена;

·        жалпы эпидемиология;

·        клиникалық эпидемиология;

·        жұқпалы аурулар;

·        жедел шұғыл медициналық көмек;

·        ішкі аурулар;

·        балалар аурулары;

·        пульмонология.

Интерндер мен резиденттер үшін эпидемиология, патогенез, клиника, диагностика, дифференциалды диагностика және коронавирус инфекциясын емдеу бойынша қосымша семинарлар мен дәрістер өткізілді, оның ішінде ҚР ДСМ клиникалық хаттамаларымен танысу және вебинарларға қатысу болды.

Оқытудың барлық деңгейлерінде пәндердің санитарлық-гигиеналық компоненті күшейтілді, сондай-ақ резидентура деңгейіндегі білім беру бағдарламалары өзектендірілді.

«Эпидемиология», «Гигиена» мамандықтары бойынша бейіндік магистратура бағдарламалары қосымша әзірленді

Қайта даярлау қорытындысы бойынша резервті 150 эпидемиолог, 100 инфекционист және 165 жедел шұғыл медициналық көмек дәрігері толықтырады.

Қашықтан оқытылған медициналық білім

Пандемия оқуға, оның ішінде медициналық білімге үлкен әсер етті. Алғаш рет қашықтан медициналық білім беру формасы енгізілді. Бакалавриат студенттері қашықтан оқыды, ал интерндер мен резиденттер ауруханаларда жұмыс істеді, сонымен бірге қашықтан оқыды. 2021 жылдан бастап медициналық-профилактикалық (санитарлық-гигиеналық) бейіндегі мамандар үшін «Қоғамдық денсаулық» мамандығы бойынша білім беру бағдарламасын енгізу жоспарлануда. Аталған білім беру бағдарламасының контентіне «Эпидемиология негіздері», «Денсаулықты нығайту және аурулардың алдын алу», «Қоршаған орта гигиенасы», «Еңбек гигиенасы» және басқа да пәндер кіреді. Профильді пәндер циклі тек санитарлық-гигиеналық пәндерден тұрады.

2021 жылдың қаңтарынан бастап эпидемиологиялық жағдайы қолайлы аймақтарда резиденттер күндізгі оқу үшін университеттерде оқуға шақырылды. Сондай-ақ бірінші және соңғы курстардың бакалавриат студенттері күндізгі оқу түріне, басқа курстардың студенттері барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, аралас оқыту формасына шықты.

Дәрігерлердің жалақысы 2021 жылы тағы көтерілді

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы дәрігерлерге орта есеппен 30%-ға, орта медицина қызметкерлеріне 20%-ға өсті.

Барлық ынталандырушы төлемдерін ескере отырып, дәрігердің орташа жалақысы 2021 жылы — 320 мың теңгені (2020 жылы — 246 мың теңге) және орта медициналық персоналдың жалақысы 2021 жылы 173 мың теңгені құрайды.

Вакцинациялау науқаны

Қазақстанда COVID-19 вакцинасын 10 млн адам алады

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2020 жылғы 23 наурызда COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны әзірлеуге кірісті. Барлық ғылыми-зерттеу жұмыстары биологиялық қауіпсіздіктің 3-деңгейі (BSL-3) зертханасында жүргізіледі.

2020 жылғы 9 мамырда COVID-19-ға қарсы отандық инактивті «QazCovid-in» вакцинасы алынды және Ұлттық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығының (Алматы қ.) және Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының екі клиникалық базасында түрлі зертханалық жануарлар-модельдерді (ақ тышқандар, егеуқұйрықтар, қояндар, теңіз шошқалары, күзендер, сириялық атжалмандар және резус-макакалар) пайдалана отырып, клиникаға дейінгі сынақтар басталды. Зерттеу нәтижелері бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны 15 жылдың 2020 мамырында коронавирусқа қарсы вакциналар тізіміне енгізді.

Вакцинаны көп мөлшерде енгізген кезде оның жануарлардың ағзасына қауіпсіздігі және уытты әсері тексерілді. Жалпы зерттеу әдістерінен басқа, вакцинаның қауіпсіздігі қанның гематологиялық және биохимиялық көрсеткіштерімен расталды және вакцинаның жануарлардың ішкі мүшелерінің жұмысына әсері бағаланды. Клиникаға дейінгі сынақтар деректері бойынша «QazCovid-in» вакцинасы еріктілерде клиникалық зерттеулер жүргізу үшін ұсынылған.

Вакцина саны - 2 182 000 доза. Вакцина дозаларының саны болжамды болып табылады және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен РТИҚ арасында келісуге жатады. Келесі кезеңде тараптар жеткізу көлемін 5 000 000 дозаға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастырады.

Қазіргі уақытта ҚР ДСМ коронавирус инфекциясына қарсы иммундауға жататын контингентті анықтау мәселесін пысықтауда. Бұл ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және ҚР халқын иммундау жөніндегі консультативтік комиссияның ұсынымдары ескеріледі.

Алдын ала деректер бойынша КВИ-ға қарсы вакцинациялауға өз қызметінің түрі бойынша КВИ жұқтыру бойынша жоғары тәуекел тобына жатқызылған медицина қызметкерлері, педагогтер мен полиция қызметкерлері, сондай-ақ жүрек-қантамыр жүйесі, тыныс алу мүшелері, қант диабеті тарапынан созылмалы аурулары бар адамдар жатады, олар КВИ-ға қарсы профилактикалық егуді ала алады. 

Азаматтардың жоғарыда аталған санаттарын вакцинациялау үшін вакцина тегін негізде ТМККК есебінен берілетін болады. 

Вакцинация 2021 жылдың ақпан айынан бастап кезең-кезеңімен жүргізіледі және бірінші кезекте халықтың ең осал топтары егіледі деп болжануда, қазіргі уақытта олардың саны нақтылануда. 

Бұл ретте сол уақытта қолжетімді екі түрлі вакцинаны пайдалана отырып, вакцинацияны екі кезеңде ұйымдастыру көзделеді: 

I – Н. Гамалеи атындағы (Ресей) Ұлттық эпидемиология және микробиология зерттеу орталығы әзірлеген «Спутник V» вакцинасын қолдану арқылы 2021 жылдың ақпан айынан бастап 2 млн адамға иммундау үшін;

II – ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты өндірген вакцинаны қолдана отырып, Қазақстанда клиникалық сынақтар мен мемлекеттік тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін шамамен 2021 жылдың маусым-тамыз айларынан бастап 8 млн адамды иммундау үшін.

Осылайша, шамамен 10 млн қазақстандықты вакцинациялау көзделіп отыр. 

Денсаулық сақтау саласындағы жаңа міндеттер

Республиканың аудандық ауруханалары 100% жылжымалы медициналық кешендермен жабдықталған.

Жергілікті бюджеттен жоспарланған 1 764 бірліктің 1 649 бірлігі қойылды. Сондай-ақ, Дүниежүзілік банкті қолдау жобасы шеңберінде тағы 390 ӨЖЖ аппараты (жоспарланған 491 аппараттан) жеткізілді.

 Бұдан басқа, «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС-нен ҚР Үкіметінің резервтік қаражаты есебінен сатып алынған отандық өндірістің «BIOVENT» ӨЖЖ 1500 аппараты жеткізілді.

64 оттегі станциясын пайдалануға беру есебінен орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етілген төсек-орын саны 42 838-ге дейін артты.

Сонымен қатар, 2021 жылы денсаулық сақтау жүйесінің алдында мынадай міндеттер тұр:

биологиялық қауіпсіздік бойынша нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу;

10 млн-ға дейін халықты КВИ-ға қарсы вакциналаумен қамтамасыз ету;

200-ден астам жаңа БМСК объектілерін салу;

медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру;

экстракорпоралдық ұрықтандыруды жүргізуге 7 000 квота бөлу.

 


Барлық жаңалықтар