• Басты
  • COVID-19: Қазақстанда вакцина қашаннан бастап егiледi, кiмдер тегiн ала алады

COVID-19: Қазақстанда вакцина қашаннан бастап егiледi, кiмдер тегiн ала алады

19 Қаңтар, 2021 11:43

Бүгін үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидемилогиялық жағдай, вакцинаға дайындық шаралары, сонымен бірге, вакцинациялау науқаны қашан басталатыны, кімдер тегін ала алатыны жөнінде баяндады. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

COVID-19-ды жұқтырғандар саны артуда

Денсаулық сақтау министрiнiң мәлiметiнше, республика бойынша қараша айынан бастап КВИ-мен ауырғандар санының өсуi байқалып отыр. Мәселен, қазан айымен салыстырғанда қараша айында жұқтырғандар саны 4,5 есе өскен, ал, қарашамен салыстырғанда желтоқсан айында 1,2 есеге артқан. Сонымен қоса, Цойдың сөзiнше, бiрқалыпты өсу үрдiсi қаңтар айында да сақталып отыр, бұл желтоқсан мен қаңтар айларында ұзақ мереке күндерi халықтың барлық профилактика шарасын сақтамауының салдары болып отыр. Мәселен, қаңтардың 19 күнi iшiнде КВИ-дiң 14 625 жағдайы тiркелген.

«Ауру таралуының өсiмi Шығыс Қазақстан облысынан басқа барлық өңiрлерде байқалады», - дедi Алексей Цой.

Сонымен қоса, Денсаулық сақтау министрi мемлекет басшысының КВИ-ге қарсы вакцинацияны жеделдетiп бастау жөнiндегi тапсырмасын iске асыру мақсатында бiрқатар жұмыс қолға алынғанын атап өттi.

- 2021 жылғы 19 қаңтарда Қарағанды фармацевтикалық кешенi (бұдан әрi - ҚФК) мен Ресей тiкелей инвестициялар қоры арасында «Спутник V» вакцинасының 20 мың дозасын жеткiзуге арналған шартқа қол қою жоспарлануда

- Биыл 20 қаңтарда арнайы тәртiп бойынша сатып алуды жүргiзу үшiн бiр жолғы әкелуге рұқсат беру және ҚР ДСМ-нiң СК-Фармацияға хат жiберуi жоспарланып отыр

- Биыл 21 қаңтарда ҚФК және СК-Фармация арасында жеткiзуге шарт жасасу

- Биыл 27 қаңтарда вакциналарды ҚФК-дан Бiрыңғай дистрибьютордың 4 хабына жеткiзу жоспарланып отыр

- Биыл 28-29 кестеде көрсетiлген бөлуге сәйкес өңiрлерге вакцинаны жөнелту жоспарланып отыр

- Биыл 1 ақпанда егуге жататын халық топтарын КВИ-ға қарсы вакцинациялауды бастау жоспарлануда

Министрдiң сөзiне сенсек, аурудың таралу көрсеткiшi мен деңгейi бойынша Қазақстан Республикасы орташа немесе сары аймақта тұр. Ал, тәуекелi жоғары аймақтар қатарына, яғни қызыл аймақтағы елдер қатарына Украина, Ресей Федерациясы, Беларусь, Германия, Италия, Франция, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi сияқты мемлекеттер кiредi. Ал, Оңтүстiк Корея мен Сингапур - жасыл аймақта.

Министрлiк күн сайын матрицаға сәйкес эпиджағдайға бағалау жүргiзiп отырады.

«Биыл жыл басынан берi тәуекелi орташа аймақтан тәуекелi жоғары аймаққа немесе сары аймақтан қызыл аймаққа 3 өңiр - Қостанай, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы өттi. Тәуекелi төмен аймақтан тәуекелi орташа аймаққа немесе жасыл аймақтан сары аймаққа 2 өңiр, яғни Алматы және Қарағанды облыстары өттi», - дедi ол.

Осылайша, оның дерегiнше, 19 қаңтарда қызыл аймақта 6 өңiр, атап айтқанда, Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстiк Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы. Ал, сары аймақта 3 өңiр - Батыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстары. Қалған 8 өңiрлер жасыл аймақта.

Болжам: Наурыздың соңында көп тiркелуi мүмкiн

Министр Денсаулық сақтау министрлiгiнiң болжау жөнiндегi жұмыс тобы мiндеттi маска режимiн, әлеуметтiк қашықтықты сақтауды және күтiлетiн вакцинацияны қоса алғанда, қолданыстағы шектеу шаралары сақталған жағдайда 2021 жылдың соңына дейiн эпиджағдайдың дамуына болжам жасағанын тiлге тиек еттi. Болжамға сәйкес, жұқтырғандар саны осы жылдың наурыз айының соңында көп тiркелуi мүмкiн.

«Оптимистiк сценарий бойынша тәулiгiне 3 мың жағдайға дейiн тiркелуi мүмкiн, ал төсек қорының барынша қамтылуы 24 мың төсекке дейiн жетедi. Дегенмен, аталған сценарий кезiнде қатаң карантин шараларын енгiзу жоспарланып отырған жоқ», - дедi министр.

Оның айтуынша, реалистiк және пессимистiк сценарийлер кезiнде күн сайын 6 және 9 мың жағдайға дейiн тiркелуi мүмкiн, ал төсек қорының қамтылуы 45 мың төсекке дейiн жетедi. Яғни, КВИ-мен ауыратын науқастарға 52 мың төсек қолжетiмдi болып отыр. Министрдiң сөзiнше, бiрақ денсаулық сақтау жүйесiне шамадан тыс жүктеме түсiрмеу және сапалы медициналық қызмет көрсетудi қамтамасыз ету үшiн қатаң карантин шараларын енгiзу қажет болмақ.

Вакцинациялау 6 кезең бойынша жүзеге асады

Министрдiң сөзiнше, вакцинациялау вакцинаның әкелiнуiне байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Елiмiзде 6 кезең бойынша жалғасады.

- I кезең. Инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қарқынды терапия бөлiмi (РҚТБ), медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК), ауруханалардың қабылдау бөлмелерiнiң медицина қызметкерлерi, санэпидқызмет қызметкерлерi жатады – 100 000 адам - 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап

- II кезең. Жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, арнаулы орта оқу орындарының (АООО), жоғары оқу орындарының (ЖОО) педагогтары, ведомстволық медициналық қызметiнiң медицина қызметкерлерi – 150 мың адам – биыл наурыздан бастап

- III кезең. Мектеп-интернаттар, балалардың мектепке дейiнгi мекемелерi (БМДМ) педагогтары, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам - биыл сәуiрден бастап

- IV кезең. Iшкi iстер министрлiгi (IIМ), Төтенше жағдайлар министрлiгi (ТЖМ), Қорғанысмин, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi (ҰҚК) қызметiнiң қызметкерлерi, басқа стационарлардың медицина қызметкерлерi, БМДМ персоналы және созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам – биыл мамырдан бастап

- V кезең. Медициналық-әлеуметтiк мекемелердiң контингентi мен персоналы, балалар жабық мекемелерiнiң қызметкерлерi және созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам - биыл маусымнан бастап

- VI кезең – тәуекел тобындағы қалған контингент – 600 мың адам- биыл шiлде айынан желтоқсанға дейiн.

Сонымен бiрге, министр жүйелi есепке алу мақсатында вакцинациялаудың электронды паспорты әзiрленгенiн атап өттi. Вакцинация жүргiзу туралы деректер Министрлiктiң орталықтандырылған ақпараттық жүйесiнде электронды форматта жүргiзiлмек.

«Пациент және медицина қызметкерi ақпаратты m-gov мобильдiк қосымшасында қолмен веб-қосымшаға енгiзе алады. Жүйе жаһандық ақпараттық жүйелермен интеграциялануға қабiлеттi және вакцинация алған барлық адамдарға талап етiлетiн жерде ұсыну үшiн ақпарат беруге және еркiн қозғалуға мүмкiндiк бередi», - дедi Алексей Цой.

Кiмдер вакцинаны тегiн ала алады

Денсаулық сақтау министрлiгiнiң мәлiметiнше, халықтың әлсiз топтары коронавирус инфекциясына қарсы ақысыз вакцинациядан өтедi. Оның iшiнде медициналық қызметкерлер, оқытушылар, полиция қызметкерлерi, сондай-ақ, жүрек-тамыр жүйесi, тыныс алу жүйесi, қант диабетi сияқты созылмалы аурулары бар адамдар, медициналық-әлеуметтiк мекемелердiң персоналы мен контингентi.

Вакцина алмастан бұрын әркiм вакцинаның құрамы мен өндiрушiсi туралы ақпарат беретiн нұсқаулықты оқуға құқылы. Бұдан бөлек, ҚР Кодексiнiң 77-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары профилактикалық екпелерден бас тартуға құқылы.

Вакцинация алдында мiндеттi түрде вакцина салынатын адамға тексеру жүргiзiледi. Егер жағдайы жақсы болмаса, вакцинация денсаулығы қалпына келтiрiлгенге дейiн кейiнге қалдырылады.

«Бiздiң есептеуiмiзше, 2 миллион адамды вакцинациялау тiркелген жаңа жағдайлардың санын 40 мыңға азайтуға мүмкiндiк бередi. Тиiсiнше, вакцинациямен қамту неғұрлым жоғары болса, КВИ-мен сырқаттанушылық пен өлiм-жiтiм азаяды және шектеу шаралары мен локдаунсыз өмiрге оралу ықтималдығы артатын болады. Пандемияның дамуының осы кезеңiнде бүкiл әлем өзiн-өзi оқшаулау мен карантинге жалғыз балама – вакцинация екенiн түсiндi», - дедi Алексей Цой.

Айта кетейiк, бүгiнде Джонс Хопкинс университетiнiң мәлiметiнше, әлемнiң 220 елiнде КВИ-дiң 95 млн-нан астам жағдайы тiркелген. 2 млн-нан астам адам қайтыс болған. Жаһандық өлiм көрсеткiшi - 2,1 %-ды құрап отыр.

Министрдiң дерегiнше, Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы үш аймақта, атап айтсақ, Америка, Тынық мұхиттың батыс бөлiгi және Африкада халықтың COVID-19 вирусымен сырқаттануының ұдайы өсуi жалғасуда.

«Еуропа және Шығыс Жерорта теңiзi өңiрлерiнде жұқтырғандар көп тiркелуде, сырқаттанушылықтың тұрақты түрде жоғары деңгейi байқалуда. Ауру таралудың төмендеу үрдiсi тек Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерiнде көрiнедi», - дедi Алексей Цой.

Барлық жаңалықтар