• Басты
  • COVID-19: Аустралия жыл соңына дейін шекарасын ашпайды, Бразилия ресейлік вакцинаны тіркеген жоқ

COVID-19: Аустралия жыл соңына дейін шекарасын ашпайды, Бразилия ресейлік вакцинаны тіркеген жоқ

18 Қаңтар, 2021 12:48

Джонс Хопкинс университетінің хабарлауынша, әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 95 миллионнан асты. Нақтырақ айтсақ, 95 003 533 адам коронавирусты жұқтырды, оның 2 029 938-і қайтыс болған. Анықталған инфекциялардың көп бөлігі (23 928 643) АҚШ-та, одан кейін Үндістан (10 557 985) және Бразилия (8 488 099) мемлекеттерінде тіркелген. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалында.

Британия: әр 30 секунд сайын бір науқас ауруханаға түседі

Ұлыбританияда Covid-19-бен ауырып, ауруханаға түскендер саны артып жатыр. Британдық ауруханаға әр 30 секунд сайын жаңа коронавирус жұқтырған науқас түсетінін айтқан Би-Би-Си-дегі хабарға қатысқан Ұлттық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Саймон Стивенс. Бұған дейін бес күн қатарынан елде 28 күн ішінде корнавирус жұқтырған күніне 1000-нан астам өлім тіркелген.

Өткен сәрсенбіде Ұлыбританияда 38 598 жаңа жағдай анықталды. Бұл 27 желтоқсаннан бергі ең төменгі көрсеткіш және соңғы бірнеше күнде жұқтырғандар саны азайып келеді. Сондай-ақ, 671 өлім тіркелген, бірақ та кейбір мәліметтің демалыс күндері кеш болатындығын ескеру қажет.

Sunday Times газетінің хабарлауынша, Ұлыбритания билігі елге келушілерге қатаң карантиндік жүйені енгізуді қарастыруда, оған сәйкес олар әуежайлардағы қонақүйлерде оқшаулануы тиіс, сонымен бірге, кетер алдында да коронавируске сынақ тапсыруы керек. 10 күндік карантиннің сақталуын GPS және бетті тану технологиялары арқылы бақылау ұсынылған. Ал қонақүйге төлемді оқшауланған адамдардың өздеріне төлеу міндеттелген.

Мұндай талап Аустралия мен Жаңа Зеландия сияқты елдерде сырттан келгендер үшін қойылған. Бүкіл пандемия кезінде Жаңа Зеландияда Covid-19-дың 2 256 жағдайы тіркеліп, 25 адам қайтыс болған.

Дүйсенбі күні Ұлыбританияда тағы 10 ірі жаппай вакцинация орталығы ашылып жатыр, - көбінесе спорт алаңдарында және үлкен автотұрақтарда, сонымен қатар – бір кафедрал соборында. Мұндай алғашқы орталықтардың жетеуінің жұмыс істеп жатқанына бір апта болды. 16 қаңтар күнінің соңына қарай елде 3,8 миллионнан астам адам вакцинаның алғашқы дозасын алған, екіншісін шамамен 450 мың адам алмақ деп жоспарланған.

Билік вакцинаның алғашқы дозасын 15 ақпанға қарай ең маңызды санаттағы 15 миллионға жуық адамға - 70-тен асқан адамдарға, тікелей науқастармен жұмыс істейтін дәрігерлерге және медициналық себептер бойынша ерекше қауіп тобына жататын адамдарға салынады деп күтілуде.

Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Доминиик Рааб та жексенбіде елдің барлық ересек адамына вакцинаның алғашқы дозасын қыркүйекке дейін салу керек екенін мәлімдеді.

Бразилия ресейлік вакцинаны тіркеген жоқ

Бразилияның дәрі-дәрмектерді реттейтін Анвиза мемлекеттік дәріханасы Uniao Quimica фармацевтикалық компаниясы ұсынған ресейлік «Спутник V» вакцинасын жедел тіркеу туралы өтінімді қайта қарауға қайтарып берді.

Реттеуші компанияны оны қосымшаның минималды критерийлерге сәйкес келмегенін, яғни онда вакцина сынақтарының үшінші кезеңінің нәтижелері үшін жеткілікті ақпарат пен кепілдіктің жоқтығымен түсіндіреді.

«Sputnik V» вакцинасының халықаралық маркетингімен айналысатын ресейлік жеке капитал қоры бразилиялық реттеуші компанияның жақында берілетін қосымша ақпаратты сұрағанын және бұл стандартты рәсім екенін атап өткен.

Үндістан: 1,3 миллиард адамға вакцина салынбақ

Үндістан әлемдегі ең үлкен вакцинация бағдарламасын бастады. Үндістан билігінің хабарлауынша, бірінші күні 190 мың адамға вакцина егілген.

Дәрігерлердt екі вакцина бар. Оның бірі - Оксфорд Университеті және AstraZeneca («Ковишиельд»), екіншісі - Үндістанда жасалған «Covaxin» вакцинасы. Бірақ соңғысы сынақтың үшінші кезеңін әлі аяқтамаған. Үндістан билігі шілдеге дейін 300 миллион адамға вакцина егіледі деп жоспарлап отыр. Бұл елдегі 1,3 миллиард халықтың төрттен бір бөлігі ғана.

Аустралия жыл соңына дейін шекарасын ашпайды

Аустралия мемлекеті жыл бойына өз шекараларын шетелдіктер үшін ашпауы мүмкін. Мұндай болжамды дүйсенбіде Денсаулық сақтау ұлттық департаментінің басшысы Брендан Мерфи жасады.

«Менің ойымша, Аустралия халықтың көп бөлігі вакцинацияланған болса да, биылғы жылдың көп бөлігін маңызды шекаралық шектеулермен өткізбек. Біз иммундау вирустың таралуын болдырмайтынын әлі білмейміз және карантин біраз уақытқа жалғасуы мүмкін», - деді Мерфи ABC арнасының эфирінде.

Мерфи, сонымен бірге, Аустралияға арналған вакцина «қараңғыдағы жарық» болғанымен, билік әлі де өте мұқият болуы керек деп атап өтті.

Бүгінде Аустралияда коронавирустың 28 708 жағдайы тіркелген. Құрлықта алғашқы жұқтырған диагнозы расталған 25 қаңтардан бастап 909 адам вирустың асқынуынан қайтыс болды. Ал, 25 918 науқас сауығып кетті.

Австралия билігі 1 ақпанда Қытайдан келетін шетелдік туристердің келуіне шектеу қойды. Сонымен қоса, 20 наурыздан бастап елде тұруға рұқсаты жоқ барлық шетелдікке елге келуге тыйым салды. Бұл талап тек 2020 жылдың соңына дейін ғана делінге, бірақ кейінірек оны алып тастау туралы мәселені қарау 2021 жылдың наурыз айының ортасына ауыстырылды.

Францияда ереже бұзғандарға 6 мың айыппұл салынған

Францияда пандемияға байланысты күшейтілген коменданттық сағаттың алғашқы күнінде шамамен 6 мың айыппұл салынған. Бұл туралы жексенбіде BFM телеарнасы республиканың ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сілтеме жасай отырып хабарлады.

«Сенбі күні осы шараны орындамағаны үшін 5,9 мың адамға айыппұл салынды», делінген хабарламада.

Францияда эпидемияға байланысты қабылданған басқа ережелер сияқты коменданттық сағатты бұзғаны үшін айыппұл 135 евроны құрайды.

Францияда жұқтырғандар санының көптігіне байланысты 16 қаңтарда елдің барлық аумағында коменданттық сағат енгізілді. Енді ол бұрынғыдай жергілікті уақытпен 20.00-де емес, 18.00-де басталады және 06.00-де аяқталады.

Ішкі істер министрлігі 16 желтоқсанда республикада сағат 20:00-ден бастап коменданттық сағат басталған кезде 800-ден астам айыппұл салынғанын еске салады. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы деректері бойынша Францияда пандемия басталғаннан бері 70 мыңнан астам адам коронавирус тудырған асқынулардан қайтыс болды. Елде вирус жұқтырғандардың жалпы саны 2,8 миллионнан асқан.

Ресейде жалпыхалықтық вакцинациялау науқаны басталды

Ресейде бүгіннен, яғни 18 қаңтардан бастап халықтың барлық мүдделі санаттарына жаппай вакцина салынбақ. Ресейліктер елде тіркелген екі вакцинаның біреуімен – «Sputnik V» немесе «Epivakkorona» вакцинасын алуға мүмкіндігі бар.

13 қаңтардағы мәлімдемесінде Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин дәрігерлерге, мұғалімдерге, созылмалы аурулары бар адамдарға және кейбір басқа санаттағы азаматтарға вакцинация алуға мүмкіндік берген. Сонымен бірге инфекциямен күрес жөніндегі жедел штабты басқаратын премьер-министрдің орынбасары Татьяна Голикова 18 қаңтардан бастап елде ауқымды вакцинациядан жаппай вакцинацияға көшуге бәрі дайын екенін айтқан.

Оның айтуынша, қаңтар айының соңына дейін Ресейде коронавирус инфекциясына қарсы шамамен 2,1 миллион доза вакцина азаматтық айналымға түседі. Премьер-Министрдің орынбасары сонымен қатар, Ресейде халық иммунитетінің деңгейіне қарамастан коронавирусқа қарсы халықты ақысыз вакцинациялауға ресурстар бар екенін атап өтті. Ең бастысы, Ресей азаматтары вакцинацияға келуге ниет білдіріп, сонымен қатар өз қауіпсіздігінің шараларын, әсіресе қазіргі жағдайда сақтаса жеткілікті екенен де атап өтті Голикова.

Айта кетейік, Джонс Хопкинс университетінің мәліметтері бойынша, Ресей тіркелген инфекциялар саны бойынша төртінші орында. Ресейдің коронавируспен күрес жөніндегі жедел штабының мәліметінше, 3 568 209 адам жұқтырып, 2 960 431 адам сауығып, 65 566 қайтыс болған. Ресей үкіметі елдегі жағдай туралы ақпарат беру үшін stopcoronavirus.ru ресурсын іске қосты.

Барлық жаңалықтар