• Басты
  • COVID-19 қарсы вакцинация: кімдерге салынады, кімдер үшін қауіпті, препарат қалай жеткізіледі

COVID-19 қарсы вакцинация: кімдерге салынады, кімдер үшін қауіпті, препарат қалай жеткізіледі

27 Қаңтар, 2021 17:38

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов 1 ақпанда басталатын халықтың жекелеген топтарын коронавирус инфекциясына қарсы екпе салу науқаны туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Шоранов бірінші кезекте медицина қызметкерлері, әсіресе жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық жәрдемнің, сондай – ақ басқа да бейіндегі қызметкерлерге салатынын айтты. Ал екінші кезеңде педагогтар мен күш құрылымдарының қызметкерлері наурыз айында алады. Үшінші кезеңде, студенттер сәуірден бастаса, мамыр айында вакцина көлемінің жеткілікті болуына қарай халықтың қалған контингенті қамтылады. КВИ-ға қарсы вакцинациялау 6 млн адамды қамти отырып, осы жылдың соңына дейін жалғасады деп жоспарлануда. Вакцинация 18 жасқа толмаған балаларға салынбайды.

Вице-министрдің айтуынша, вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі.

«Вакцинация жүргізер алдында дене температурасы өлшенеді, эпидемиологиялық анамнезді жинау, сатурацияны, жүрек жиырылуының жиілігін, артериялық қысымды өлшеу, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялау және жұтқыншақты тексеру шаралары жасалады. Егер температура 37°C-тан асса, вакцинация кейінге қалдырылады», - деді Марат Шоранов.

Ақпан айының басында Қазақстанға 20 мың дозаға дейінгі көлемде ресейлік өндірістің «Гам-Ковид-ВАК» (Спутник V) бірінші партиясы жеткізілмек.

«15 ақпаннан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешені өндірісінің «Спутник V» вакцинасы тіркеледі. Қазіргі кезде 90 мың доза көлеміндегі бірінші партияның өндірісі басталды, ол 26 ақпаннан бастап Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына және одан әрі өңірлерге жөнелтіледі. Кейіннен шілде айына дейін өндіріс көлемі 2 млн дозаға дейін жеткізілетін болады», - деді бірінші вице-министр.

Коронавирус вакцинасын сақтау үшін өңір әкімдіктері арнайы тоңазытқыш құралдарын алып жатыр.

«Вакцинаның сапасын қамтамасыз ету үшін өңірлер тоңазытқыш құрылғыларын алып жатыр. Ол тоңазытқыштарда вакцина сақталады әрі сол арқылы тасымалданады», - деді Марат Шоранов .

Вакцинаны Ресейден Қазақстанға жеткізу 4 кезеңнен тұрады.

«Ең алдымен өндірушіден бірыңғай дистриьютордың қоймасына жеткізіледі. Одан кейін бірыңғай дистриьютордың қоймасынан өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының дәріхана қоймаларына әкелінеді. Осыдан кейін үшінші кезеңде өңірлердегі денсаулық сақтау басқармалары бұл вакциналарды қалалар мен аудандардағы медициналық ұйымдарға тасымалдайды. Төртінші кезеңде вакцина сол медициналық ұйымдарда сапалы күйде сақталуы керек», - деді ол.

Еске сала кетсек бұған дейін Марат Шоранов вакцинация жүргізер алдында азаматтардың дене температурасы өлшеніп, жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялау және жұтқыншақты тексеру шаралары жасалатынын айтқан еді. Егер температура 37°C-тан асса, вакцинация кейінге қалдырылады.

«Суық тізбектің әр кезеңінде вакцинаны сақтау сыйымдылықтары салыстырылды. Вакциналарды сақтау және тасымалдау регламенті әзірленді, КВИ қарсы вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Әдістемелік ұсынымдарға вакцинацияны жүргізу тактикасы, вакцинацияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережелері, вакцинаны егу көрсеткіштері мен қарсы көрсетілімдері, сондай-ақ иммундаудан кейінгі қолайсыз жағдайларды есепке алу және тіркеу мәселелері енгізілді», - деді ведомство өкілі.

Вакцинация екі кезеңмен жүргізіледі: алдымен I компонентпен 0,5 мл дозада және 21 күннен кейін - II компонентпен 0,5 мл дозада бұлшықетке егіледі. Қолданар алдында вакцинасы бар құтыны өздігінен бұзылатын бір рет қолданылатын шприцті пайдалана отырып, толық ерігенге дейін бөлме температурасында сақтайды.

Дәрігер кімдерге салынбайтынын да айтты.

«Анамнездегі ауыр аллергиялық реакциялар, жүктілік және бала емізу кезеңдері, 18 жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқан қарттарға екпе салынбайды. Қазіргі уақытта аталған санаттағы адамдарды вакциналау туралы деректердің аз болуынан, біз өндірушілер ұсынатын материалдарды үнемі зерттеп отырамыз және осы санаттарға вакциналарды қауіпсіз жүргізу туралы жаңа ақпарат түскен сайын көрсеткіштер кеңейтіліп отырады. Бауыр мен бүйректің созылмалы ауруы барларға, қант диабеті сынды эндокриндік жүйенің айқын бұзылысы байқалғандарға аса сақтық қажет», - деді вице-министр.

Сондай-ақ қан түзілу жүйесінің ауыр сырқаттарында, эпилепсия, инсульт және орталық жүйке жүйесінің басқа ауруларында, жүрек-қантамыр жүйесі дерттерінде, бастапқы және қайталама иммун тапшылығы мен аутоиммунды, сондай-ақ, демікпе және созылмалы обструктивті өкпе ауруларында сақтық таныту қажет. Диабетпен және метаболикалық синдром, атопия мен экзема аллергиялық реакциялары, сондай-ақ қатерлі ісік, қатерлі қан аурулары бар науқастарға вакцина саларда ағза жағдайын жекелей қарастыру керек. Яғни, бұл жағдайлар абсолютті қарсы көрсетілімдерге жатпайды және вакциналау кезінде әр науқастың жалпы жағдайына қарай байланысты дербес тағайындалуы тиіс.

Журналистер тарапынан вакцинацияға берілетін электронды паспортының заңды күші туралы сұрақ қойды. Спикердің айтуынша, -электронды паспортты енгізудің басты мақсаты – иммундық статусты білу және болашақтағы вакциналауды жоспарлау.

«Өздеріңізге мәлім, соңғы екі жылда қағазсыз ауруханаға ауысып, деректерді, операцияларды ақпараттық жүйеге енгізіп жүрміз. Бұл ақпараттың медициналық қызметкерге ғана емес, жалпы халыққа қолжетімді болуы үшін мобильді қосымша, эл үкімет арқылы ақпарат алуға болады. Бұл расында да болашақта коронавирусқа қарсы вакциналауды жоспарлау үшін және иммундық статусты анықтау үшін жасалады. Ал вакциналау паспорты жоқ тұрғындарға ешқандай шектеу әзірге көзделмеген және ондай мақсат қойып отырған жоқпыз», - деп жауап берді Марат Шоранов.

Вице-министр қазақстандық вакцина туралы айтты. Айтуынша, QazCovid-іn қазақстандық вакцинасын бірінші кезеңде шамамен 2 млн доза көлемінде өндіру жоспарлануда.

«Вакцина инактивирленген вирус пен зиянсыз адъювантқа негізделген, бұл технология уақытпен тексерілген және А гепатитіне, менингококк инфекциясына, тұмауға, іш сүзегіне, кене энцефалитіне және тағы басқа да бұрыннан қолданылып келе жатқан вакциналарды өндіруде қолданылады. QazCovid-in вакцинасын COVID-19-ға қарсы клиникалық зерттеудің I және II фазаларының нәтижесі оның қауіпсіз екенін көрсеткен. Бірлі-жарым жағдайларда вакцина енгізілген жерде қызару, аздап күйдіру, шаншу әсерлері байқалған. Бұл ағзаның иммундық жүйесінің енгізілген вакцинаға реакциясы. Аталмыш белгілер зерттеу хаттамасында күтілетін құбылыс ретінде қарастырылған", - деді ол.

Барлық жаңалықтар