• Басты
  • COVID-19 қарсы вакцина: 14 000 адамға салынды, асқыну болған жоқ

COVID-19 қарсы вакцина: 14 000 адамға салынды, асқыну болған жоқ

12 Ақпан, 2021 17:42

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «COVID-19 қарсы вакцинация: мифтер мен фактілер» тақырыбында фтизиолог, пульмонолог-дәрігерлер мен профессорлар вакцинаға қатысты мәлімдемелер жасады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


12 күннің қорытындылары

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми практикалық орталығының дәрігер-эпидемиологы, сарапшы Лена Қасабекованың айтуынша, Қазақстанда вакцинациялау науқаны басталған 12 күн ішінде асқыну жағдайы әлі тіркелген жоқ. Қазақстанда алғаш болып екпені медицина қызметкерлері салдырып жатыр.

«Қазіргі таңда әлемде 200-ден аса коронавирусқа қарсы вакцина қолданылуда. Оның алтауы ғана барлық тексеруден өтіп, қолданысқа енді. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғаш болып вакцинациялауды бастады», - деді Қасабекова.

Ковидпен күресудің бірден бір жолы вакцина екенін бүкіл әлем мойындап отыр. 1 ақпаннан бастап Қазақстанда 14 000 – нан астам адамға екпе салынды.

Асқыну жағдайлары болған жоқ

«Егу салған орында ауырсыну, ісіну, артериялық қысымның жоғарылуы, дене қызуының жоғарылуы сияқты белгілер болуы мүмкін. Алайда, медициналық көмекке жүгінбесе де бұл әсерлер өздігінен кетеді. Осы күнге дейін екпе алған адамдарда асқыну белгілері болған жоқ», - деді маман.

ҚР ДСМ Ұлттық Фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ералиева Ләззат Ералиева вакцинаның дәрі емес екенін еске салды. Бірақ тарихи факкттрге сүйенсек, барлық ауыр инфекция мен эпидемиядан халықты құтқарудың бірден бір жолы – вакцинация.

«Қазір COVID-19 вакцинациясы туралы мифтер көбейіп кетті, мен сенімді ақпарат алуға, сондай-ақ халықаралық және отандық сарапшылардың пікірін тыңдауға шақырамын», - деді Л.Ералиева.

Сарапшының түсіндіруінше, коронавирусқа қарсы вакцина, басқа вакциналар сияқты, иммунобиологиялық препарат тобына жатады. Оны ағзаға жібергеннен кейін қарсы көрсетілімдер, түрлі реакциялар болуы мүмкін. Вакцинаны енгізудің шарттары бар. Қазіргі таңда әлемде әзірленіп жатқан КВИ қарсы вакциналардың құрамы әр түрлі – бұл өлтірілген вирустың бөлшектері немесе вирустың РНҚ бөлшектері, мысалы, аденовирус немесе SARS-CoV-2 коронавирусының рекомбинантты ақуыздарының қоспасы сияқты басқа вирустар болуы мүмкін.

«Адам ағзасына енгеннен кейін вакцинаның әсерінен оның бойында антиденелер қалыптасады. Иммунологиялық реакция пайда болады, ол әртүрлі адамдарда әртүрлі болуы мүмкін. Жағымсыз реакцияларды бірден айту мүмкін емес, иммунды жауаптың қалыпты көріністері мен иммундаудан кейінгі жағымсыз көріністерді ажырату қажет», - деді Ералиева.

Жанама әсерлері қандай?

Вакцинациядан кейін адам ешқандай әсерді сезбеуі мүмкін. Поствакциналық қалыпты және қалыпсыз әсерлер қалыптасатын жағдайлар кездеседі.

«Кейде қызу көтеріліп, қызарып кету, ісіктер пайда болуы мүмкін. Бұл да қалыпты жағдай. Вакцинадан кейін организмде антиденелер пайда болады. Оның деңгейі соғұрлым көп болса, соғұрлым нәтижелі болады. Ол үшін адамға толық иммунизацияның курсын жасау керек», - деді дәрігер.

Кейбір жағдайларда гиперреакция болуы мүмкін - бұл жоғары температура мен аллергиялық белгілер. Бұған көп жағдайда созылмалы және өткір аурулардың асқынуы себеп болады. Айта кетейік, мұндай реакция вакцинацияланған адам екпеден кейін белгілі бір режимді сақтамағанда болады.

Вакцинаның сақталуы қалай жүргізіліп жатыр?

Нұр-Сұлтан қалалық №2 емханасының директоры Ләззат Рүспекова қазіргі таңда вакцинациялау қалай жүргізіліп жатқанын, препарат қалай ашылып, сақталып жатқанын айтты. Оның дерегінше, Нұр-ұлтан қаласында 1500 дәрігер екпе салдырды. Ал жалпы егілгендер саны – 1640 адам.

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының шешімімен 5 қалалық емханада екпе салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қоймалардан қажетті заттарды тасымалдау бойынша арнайы термоконтейнерлер алынды. Оқыту шаралары және медицина қызметкерлерін аттестациялау жүргізілді», - деп есеп берді маман.

Қазіргі таңда 1 компонентпен вакцинациялау аяқталды. №2 емханаға 76 құты алынды, бұл 380 доза. Нұр-Сұлтан қаласының №2 емханасы бойынша 300 адам вакцинацияланған. Екпе жасамас бұрын пациенттің мәліметтері тіркеу нысандарына, «Вакцинация» АЖ енгізіледі, ерікті келісім және келесі 3 күн динамикалық бақылау үшін чек–парақ толтырылады.

Елорданың емханаларында қазір ресейлік вакцина салынып жатыр. Екпені салу екі кезеңнен тұрады.

«Препараттың бір құтысында 3 мл сұйықтық бар. Ол жеткізілгенше мұздатқышта қатады. Егу дозасы 0,5 мл құрайды. Ерітілген препарат өзінің күшін 2 сағат сақтай алады. Вакцинаның бірінші кезеңінен кейін екінші рет вакцинаны салдыру 21 күннен кейін жүзеге асырылады», - деді ол.

Препарат ерітілгеннен кейін ұзақ уақыт сақталса, оның құрамында өзгеріс болады. Сондықтан бір препарат 2 сағаттың ішінде 3 адамға салынады.

Созылмалы ауруы бар науқастарға екпе салуға бола ма?

ҚР ДСМ Ұлттық Фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиева қант диабеті, хобл сынды созылмалы ауруы бар науқастарға вакцина алуға болатынын мәлімдеді. Бірақ асқынған кезінде вакцина қауіпті.

«Егер созылмалы аурудың асқынған түрі болса, онда вакцина салуға тыйым салынады. Егер асқынған аурудың беті қайтса, яғни науқас тәуірленсе, екпе алуға болады. Созылмалы ауруларды асқындырып жібереді деген дерек жоқ. Созылмалы ауруы бар науқастарға егілген вакцинаның оң нәтиже көрсеткен жағдайлар тіркелген. Тіпті ЖСТҚ инфекциясы бар науқастарға да вакцина егілді» - деді ол.

Сонымен қатар «Спутник V» және «Qazcovid» бедеулікке әкелмейді. Вакцинаны адамдарға салмас бұрын жануарларға зертханалық көптеген клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізіледі.

«Бедеуліктің пайда болу қаупі - вакцина қауіпсіздігінің маңызды өлшемдерінің бірі. Бұл міндетті түрде зерттеледі. «Спутник V» де басқа вакциналар сияқты және «Kaz-Covid-in» де репродуктивті функцияға әсер етпейді. Егер біздің қазақстандық вакцина туралы бөлек айтатын болсақ, оның технологиясы 80 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Осылайша тұмауға, полиомиелитке, кене энцефалитіне қарсы вакциналар әзірленді. Олардың жыныстық бездер функциясына ықтимал әсері баяғыда зерттеліп қойған. Олар бедеулікке апармайды», - деді спикер.

Қазақстандық «QazCovid» наурыз айында қолданысқа енеді?

Қазақстандық «QazCovid» вакцинасы наурыз айында қолданысқа шығады. Өндіріс қуаттылығы көбейіп жатыр. Ералиеваның айтуынша, қытайлық вакцинаның да Қазақстанда қолданылуі мүмкін.

«Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі «синовакс», «синофарм» қытайлық вакцинаны сатып алу бойынша келісім жүргізіп жатыр. Басты мақсат - халықтың басым бөлігіне вакцина салып, халық арасында популяциялық әсер алу», - деді ол.

Әзірге отандық вакцинаны шетелге шығару мәселесі қаралып жатқан жоқ. Себебі ең бірінші кезекте бұл вакцина Қазақстан халқының пайдасына берілу көзделгн. Өндірушінің өндіріс қуаты шетелге шығаруға дайын емес. Ең алдымен отандық вакцина халыққа салынады. Маманның айтуынша, шетелден отандық вакцинаны сатып алу туралы өтінім түспеген.

Наурыз айында вакцинациялаудың үшінші кезеңі басталады

Наурызда қазақстандықтарды COVID-19 қарсы жаппай вакцинациялаудың үшінші кезеңі басталады. Нұр-Сұлтан қалалық №2 емхананың директоры Ләззат Руспекованың айтуынша, вакцина қабылдау емханалардағы арнайы кабинеттерде жүргізіледі.

«Адамдардың барлығы қайда тіркелгендерін біледі. Қазіргі кезде емханалардың дайындық жұмысы тізімдерді дұрыс құру болып табылады. Бірінші кезекте, әрине, аурудың жоғары қаупі бар пациенттер - бұл диспансерлік топтар, есепке алынған пациенттер. Кесте жасалады. Адамдардың топтасуына жол бермеу керек. Тіпті вакцинацияның өзі жалпы емес, міндетті түрде жеке егу кабинетін қажет етеді. Тізімдер жасалып, біртіндеп халыққа екпе жасау басталады. Егер мұндай қажеттілік болса, әрбір емхана тіркелген халықтың жүктемесі мен санына байланысты 3-5 егу кабинетін ұйымдастырады», - деді дәрігер.

Сондай-ақ ол егу паспорттарын қолдан жасауға немесе сатып алуға болады деген қауесетті жоққа шығарды.  «Вакцинация» деп аталатын ақпараттық жүйе бар. Бұл құпия ақпарат, ол қолжетімсіз. Оның үстіне, электронды анықтамалар мен паспорттарды қолдан жасау мүмкін емес екенін айтты.

Барлық жаңалықтар