• Басты
  • COVID-19: АҚШ толық вакцина алғандарды ғана елге кіргізбекші, ал ДДҰ ревакцинацияға уақытша мораторий жариялауға шақырды

COVID-19: АҚШ толық вакцина алғандарды ғана елге кіргізбекші, ал ДДҰ ревакцинацияға уақытша мораторий жариялауға шақырды

6 Тамыз, 2021 17:01

Американдық Джонс Хопкинс университетінің бағалауы бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 200 миллионнан асты, ал «delta» нұсқасының тез таралуы салдарынан коронавирустың да таралу жылдамдығы артты. Әлемдегі эпидемиологиялық жағдай Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Әлем халқының 2,6%-ы вирус жұқтырған

Сарапшылар жаппай иммундау пандемияны бәсеңдетіп, өлім -жітімнің алдын алуға септігін тигізеді дейді, бірақ барлығына вакцина жеткіліксіз. Reuters атап өткендей, әлем халқының кем дегенде 2,6% -ы коронавирус жұқтырған. Егер барлық жағдайды бір елден шықты деп санасақ, онда ол әлемдегі халық саны бойынша сегізінші мемлекетке айналатын еді.

Аталмыш университеттің мәліметінше, бүкіл әлемде коронавирустан 4,2 миллионнан астам адам қайтыс болған. Алайда, осы жылдың мамыр айында Вашингтон университетінің ғалымдары әлемде COVID-19-дан қайтыс болғандар туралы ақпарат екі есе аз болу мүмкіндігін алға тартып отыр.

Мәселен, бір жыл ішінде 100 миллион адамның Ковид-19 жұқтырғаны анықталған болса, келесі алты ай ішінде тағы жүз миллион адам ауырып қалған.

Сонымен қатар, вирус қазір әлемнің кедей елдерінде белсенді түрде таралып жатқанын атап өткен жөн. Реутерс агенттігінің мәліметінше, апталық жағдайлардың ең көп саны АҚШ, Бразилия, Индонезия, Үндістан мен Иранда тіркелген. Бұл елдердегі жұқтыру саны күнделікті жаңа жағдайлардың шамамен 38%-ын құрайды. Бір қызығы, АҚШ-та жұқтырғандардың көбі вакцина алмаған адамдар арасында кездесіп отыр.

Бұл жағдайға байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бай елдер әлі де өз азаматтарына үшінші вакцинаны салмауы керек, себебі дамушы елдер де қажетті дәрі-дәрмектерді алып, халықтың кем дегенде 10%-ы вакцинациялануы тиіс екенін айтуда. Кейбір елдер, мәселен, Германия, вакцинацияның үшінші толқынын күзде бастағысы келеді, бірақ ДДҰ басшысы Тедрос Адан Гебрейсус мұны қате деп санайды.

«Мен барлық ел үкіметтерінің өз азаматтарын «дельта» нұсқасынан қорғауға деген ұмтылысын түсінемін, - деді Гебрейсус. - Бірақ біз вакцинаның әлемдік қорының онсыз да көп бөлігін алған мемлекеттер бұдан да көп мөлшерде алуы керек дегенмен келісе алмаймыз».

Ресейде күніне 800-ге жуық адам қайтыс болуда

Ресейде карантиндік шектеулердің көпшілігі алынып тасталды, бірақ соңғы апталарда мұнда күн сайын 20-дан 25 мыңға дейін жағдай және 800-ге жуық өлім тіркелуде.

Британия үкіметі кей ел азаматтарына елге келу ережесін өзгретті

Ұлыбритания әлемнің бірнеше елдерінен елге кіру ережесін сәл өзгертті. Арнайы қонақ үйлерде оқшаулануы тиіс мемлекеттердің «қызыл тізіміне» басқалармен қатар Грузия мен Мексика кіреді. Бұл ретте Аустрия, Германия, Словения, Словакия, Латвия, Румыния мен Норвегия «жасыл тізімге» енгізілді, ол ең қауіпсіз деп саналады. Көптеген британдықтар үшін ең бастысы Францияның мәртебесінің өзгеруі маңызды болды, Франциядан келгендерге енді оқшауланудың қажеті жоқ.

Америка толық вакцина алғандарды ғана елге кіргізбекші

Президент Джо Байден әкімшілігі АҚШ-қа толық вакцина алған шетелдіктер ғана кіре алатын ережені енгізбекші. Мұндай шаралардың қашан күшіне енетіні әзірге белгісіз. Әзірге американдық билік «дельтa» нұсқасының таралуына байланысты елге кіруге тыйым салып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейсус вакцина алғандар саны артқанына қарамастан, әлі де коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты нақты қауіп бар.

«Вакцина алғандар санының көбеюі жақсы нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізді. Бірақ коронавирус әлі де әлемге нақты қауіп төндіріп тұр», - деді Гебрейсус.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы түсіндіргендей, COVID-19 оқиғаларының санының артуы адамдардың әлеуметтік байланыс жасаудағы шектеулерді сақтамауынан, денсаулық сақтау жүйелерінің біркелкі жұмыс істемеуінен және вакцинациялану жылдамдығының біркелкі еместігіне байланысты болып отыр.

Бір күн бұрын Гебрейсус қыркүйектің соңына дейін ревакцинацияға уақытша мораторий жариялауға шақырды.

Барлық жаңалықтар