• Басты
  • COVID-19: АҚШ-та қайтыс болғандар саны шарықтау шегіне жетті, Германия Рождестводан соң локдаун енгізбек

COVID-19: АҚШ-та қайтыс болғандар саны шарықтау шегіне жетті, Германия Рождестводан соң локдаун енгізбек

11 Желтоқсан, 2020 11:58

АҚШ-та коронавирустан қайтыс болғандар саны рекордтық деңгейге жетті, Ұлыбританияда Pfizer вакцинасының жанама әсерлері туралы ескертулер жасалып жатыр. Ал, Германия Рождество мерекесінен кейін локдаун енгізуге дайындалу үстінде. Әлемдегі коронавирустың жағдайы туралы Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалында.

Әлемде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 69 миллионнан асты, ал 44,5 миллионға жуығы сауығып шықты. Өкінішке орай, эпидемия кезінде 1,6 миллионға жуық адам қайтыс болды.

АҚШ-та күн сайын коронавирустан қайтыс болғандардың саны үш мыңнан асып, эпидемиологиялық жағдайды шиеленістіріп жіберген. Бұл тек АҚШ-тағы ғана емес, бүкіл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш болып отыр.

Өткен бейсенбіде Мэрилендте кеңесшілердің кездесуі басталып, Pfizer мен BioNTech вакцинасын қолдануға қатысты шешім қабылданады. Сарапшылары бұған дейін вакцинаға жақсы баға берген, бірақ сұрақ әлі де көп. Өткен бейсенбіде олар басқалармен қатар, препараттың ықтимал жанама әсерлерін талқыламақ.

Бір күн бұрын Pfizer-BioNTech вакцинасы Канадада қолдануға рұқсат етілген, бірақ вакцина кеңінен қолданыла бастаған Ұлыбританияда күдік туғыза бастады.

Франция билігі мәдени орындардың ашылуын кейінге қалдыруға шешім қабылдады. Сонымен қоса, коронавирустың таралуына байланысты 15 желтоқсаннан бастап коменданттық сағат жариялады. Бұл елде 30 қазаннан бастап күшіне енген карантиннің жалғасы болмақ.

Коменданттық сағат кешкі сағат 8-ден таңғы 6-ға дейін, соның ішінде Жаңа жыл қарсаңында да жұмыс істейді. Алайда ол Рождество кезінде, яғни 24-25 желтоқсанға қараған түні жеңілдетіледі.

«Мен халықтың мұндай шектеулермен келісуі қиын екенін түсінемін, бірақ эпидемиямен күресу қажет», - деді Франция премьер-министрі Жан Кастекс теледидар арқылы сөйлеген сөзінде.

Айта кетейік, Францияда пандемия басталғаннан бері 2,4 миллионға жуық адам коронавирус жұқтырып, 57 мыңнан астамы қайтыс болған. 

Германияда адамдар бір-бірімен араласуды азайтпаса, карантин шаралары күшейтілмек. Бұл туралы кеше, яғни бейсенбіде Роберт Кох институтының басшысы Лотер Уилер айтты. Қазір орталықтың мәліметі бойынша, Германия тұрғындары арасындағы байланыс жиілігі әдеттегі 40%-дан аз, бірақ бұл жеткіліксіз.

Соңғы алты аптада Германияда ішінара локдаун күшіне енген болатын, елде барлар мен мейрамханалар жабық, бірақ мектептер мен дүкендер ашық. Алайда, инфекция жұқтырғандар саны артып келеді. 10 желтоқсандағы мәлімет бойынша, бір күн ішінде елде коронавирустың салдарынан 440 адам қайтыс болды.

Канцлер Ангела Меркель өткен сәрсенбіде Рождестводан кейін жаңа шектеулер енгізуді қолдады. 2021 жылдың бірінші тоқсанында инфекция жұқтырғандардың көбеюін тоқтату үшін тек вакцина егу жеткіліксіз болатынын атап өткен.

Германия ЕО дәрі-дәрмекті реттеушісі мақұлдағаннан кейін вакцинациялауды бастамақ. Бұл келесі жылдың басында болады деп жоспарлануда.

Үндістан әлемдегі вакциналардың 60% -дан астамын өндіріп жатыр, ал елдің фармакологиялық секторы $ 40 млрд болса да, әлі де Pfizer және Moderna вакциналарын өндірісіне қатыспаған. 

Жапония үкіметі Pfizer және Moderna вакциналарын тарату үшін 10 500 мұздатқыш сатып алатынын жариялады. Үкімет екі вакцинаның 290 миллион дозасын жеткізуге тапсырыс берді.

Айта кетейік, Pfizer -75 грасдуста, ал Moderna вакцинасы -20 градуста сақталуы тиіс.

Израильде коронавирусқа қарсы вакцинация 27 желтоқсаннан басталмақ. Бұл туралы елдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху хабарлады.

Израиль жақында Pfizer вакцинасының алғашқы дозаларын алды. Елге Бельгиядан шамамен 4 мың доза жеткізілген. Жеткізудің мақсаты логистиканы тексеру болған.

Барлық жаңалықтар