• Басты
  • CFA Institute ® алғаш рет қазақстандық университеттің бағдарламаларын мойындады

CFA Institute ® алғаш рет қазақстандық университеттің бағдарламаларын мойындады

16 Маусым, 2021 10:54

Бұл - Қазақстанның жоғары білім беру тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. М.С. Нәрікбаев атындағы KAZGUU Университеті Орталық Азия бойынша алғашқы болып CFA®-де мойындалды және бакалавриат пен магистратура бағдарламасы бойынша аталған институттың әріптестік бағдарламасына қатысушы атанды. Институттың әріптестік бағдарламасы қатысушылары арасында АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Қытай, Австралия, Гонконг және Еуропа, Азия елдерінің бірқатар беделді университеті бар, деп хабарлады баспасөз қызметі.

Білім беру бағдарламасының мазмұнын терең талдай келе, Институт сарапшылары аталған университеттің «Қаржы» бакалавриаты бағдарламасының мазмұны CFA (CBOK) емтихандары бағдарламасының тақырыптарының кемінде 70 пайызын қамтитынын атап өтті.

«Осы уақытқа дейін біз бакалавриат деңгейіне арналған CFA Institute (UAP) серіктестік бағдарламасы бойынша мойындалған алғашқы қазақстандық университет ретінде танылдық. Енді біз Орталық Азияда магистр және бакалавр дәрежелері бойынша мойындалған жалғыз университетпіз. Қаржы нарықтары мен делдалдар — Қазақстанда және өңірлерде өте жылдам дамып келе жатқан және зор үміт күттіретін сала. Сондықтан қаржы бағдарламасында оқитын болашақ түлектеріміз жергілікті еңбек нарықтарында сұранысқа ие және қызмет жолы табысты болады деп сеніммен айта аламыз. Сонымен қатар әлемдегі ең беделді кәсіби сертификаттардың бірі оларды халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті етеді, өйткені мықты студенттер СFA емтиханын өтуге стипендия ала алады», - деп атап өтті Экономика жоғары мектебінің директоры Сәуле Кемелбаева.

* CFA Institute - 1963 жылдан бастап жұмыс істейтін инвестиция саласындағы кәсіпқойлардың жаһандық қауымдастығы, қаржы саласындағы ең беделді сертификация. Өйткені аталған сертификацияға ие адамдар (holders) әлемде, әсіресе Қазақстанда да аз. Бұл ұлттық және халықаралық компанияларға жұмысқа орналасуға бірегей мүмкіндік ұсынатын өте күрделі және кең құзыретті сертификаттау компаниясы. Аталған бағдарлама бүкіл әлемдегі қаржы талдаушылары мен консультанттарының және басқа да инвестициялық мамандардың дағдылары, адалдығы мен құзыреттілігінің стандарттарын белгілейді.

Барлық жаңалықтар