• Басты
  • Жаңалықтар
  • Cалықтық декларациялау: тапсыру мерзімі, көрсетілетін деректер және іс-шаралар жоспары

Cалықтық декларациялау: тапсыру мерзімі, көрсетілетін деректер және іс-шаралар жоспары

27 Сәуір, 2021 12:29

Биыл 1 қаңтардан бастап декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсыра бастады. Бұл 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Ерұлан Жамаубаев 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 42 қадамына сәйкес, кiрiстер мен шығыстарды жалпыға бiрдей салықтық декларациялау жүргiзу көзделгенiн атап өттi. Министрдiң айтуынша, жалпыға бiрдей декларациялаудың мақсаты - жеке тұлғалардың кiрiстерi мен мүлкiн бақылаудың тиiмдi жүйесiн құру.

«Мұндай жүйе көлеңкелi экономикаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған, сондай-ақ бюджетке қосымша түсiмдердi қамтамасыз етуге ықпал етедi», - дедi ведомство басшысы.

Бұл ретте, оның сөзiнше, салық салынатын базаны төмендету мақсатында жеке тұлғалар әлеуметтiк салық шегерiмдерiн қолдана алады. Азаматтардың тиiстi шығыстары болған кезде табыс салығының мөлшерiн азайтуға мүмкiндiк бередi.

Дакларациялау кезеңмен жүзеге асады

Сонымен қоса, министр декларациялау кезең-кезеңiмен, мемлекеттiк қызметшiлерден бастап, кейiннен барлық азаматтар үшiн жүргiзiлетiнiн тiлге тиек еттi.

«Биыл 1 қаңтардан бастап декларацияны мемлекеттiк қызметшiлер және оларға теңестiрiлген тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсыра бастады. 2023 жылы 1 қаңтардан бастап мемлекеттiк мекемелер мен квазимемлекеттiк сектор қызметкерлерi мен олардың жұбайлары тапсыратын болады. 2024 жылы 1 қаңтардан бастап - заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсiпкерлер мен олардың жұбайлары үшiн декларациялау енгiзiледi», - дедi ол.

Ал, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаттары тапсырады.

«Азаматтарға арналған үкiметтiң» инфрақұрылымы кеңейтiлдi

Бұдан бөлек, Ерұлан Жамаубаев «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясының инфрақұрылымын кеңейту бойынша шаралар қабылданғанын атап өттi. Атап айтқанда, салықтық декларацияны қағаз түрiнде халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттiк кiрiстер органдары немесе пошта бөлiмшелерi арқылы ұсынуға болады.

«Мемлекеттiк корпорацияның фронт-офистерi «Connection Point» өзiне-өзi қызмет көрсету секторымен жабдықталған. Сонымен қоса, халыққа ыңғайлы болу үшiн декларация тапсыруға электрондық қызметтер көзделген: салық төлеушiнiң кабинетi, «Электрондық үкiметтiң» веб-порталы және «Е-Salyq Azamat» мобильдi қосымшасы», - дедi министр.

Оның сөзiнше, азаматтар электрондық цифрлы қолтаңбаны алуға онлайн өтiнiм бере алады, ал «Салық төлеушiнiң кабинетiне» смс-код арқылы электронды цифрлық қолтаңбасыз кiруге болады. Қабылданған шаралар жалпыға бiрдей декларациялау кезеңiнде жеке тұлғалардың салық декларацияларын қабылдауды уақтылы ұйымдастыруға мүмкiндiк бередi.

Түсiндiру жұмыстары

Бұдан басқа, министр түсiндiру жұмыстары жүйелi түрде жүрiп жатқанын атап өттi. Мәселен, оның сөзiнше, апта сайын онлайн режимде орталық және жергiлiктi атқарушы органдар үшiн жалпыға бiрдей декларациялау мәселелерi бойынша түсiндiрулер жүргiзiледi. Осыған ұқсас жұмыстарды аумақтық мемлекеттiк кiрiстер органдары барлық өңiрлердегi халықпен және мемлекеттiк органдармен атқаруда.

«Instagram, Facebook, Telegram және YouTube әлеуметтiк желiлерi арқылы тiкелей эфирлер өткiзiледi, егжей-тегжейлi түсiндiрмелерi мен нұсқаулықтары бар бейне роликтер орналастырылуда. Сондай-ақ, жалпыға бiрдей декларациялау ережелерiн түсiндiру үшiн Байланыс орталығы жұмыс iстеп тұр. Мемлекеттiк кiрiстер комитетiнiң веб-порталында «жалпыға бiрдей декларациялау» бөлiмi құрылды, онда қажеттi ақпарат және жиi қойылатын сұрақтар бойынша жауаптар жинағы орналастырылған», - дедi Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар, оның сөзiнше, декларациялауды оңайлату мақсатында декларациялауға жататын мүлiктiң тiзбесiн нақтылау және жыл сайынғы қысқаша декларацияны беру жөнiндегi мiндеттеменi алып тастау бойынша заңнамалық шаралар қабылданған. Ендi Азаматтар декларацияда мемлекеттiк органдарда тiркелген мүлiктi және екiншi деңгейдегi банктердегi ақша туралы ақпаратты көрсетпейдi. Бұл деректер автоматты режимде Министрлiктiң Интеграцияланған деректер базасына келiп түседi.

Декларацияны қашанға дейiн тапсыру керек

Жалпыға бiрдей Декларациялау жүйесiне кiрген кезде активтер мен мiндеттемелер туралы «кiру» декларациясы ұсынылады. 

Декларацияны тапсыру мерзiмi:

- қағаз түрiнде - 15 шiлдеге дейiн

- электронды түрде - 15 қыркүйекке дейiн

«Бұл жинақталған активтердi тiркеу және кейiннен оның өсiмiнiң мониторингi үшiн бiр-ақ рет ұсынылады», - дедi ол.

Декларацияда қандай ақпарат көрсетiледi

Декларацияда көлiк құралдары, заңды тұлғадағы қатысу үлестерi, шет мемлекетте тiркелген жылжымайтын мүлiк және шетелдiк банктердегi ақша қаражаты туралы мәлiметтер көрсетiледi.

Сондай-ақ, декларацияда Қазақстан Республикасындағы және оның шегiнен тыс жерлердегi мүлiк туралы деректер қамтылады, бұл:

- бағалы қағаздар;

- тұрғын ғимаратындағы үлес;

- инвестициялық алтын;

- зияткерлiк меншiк, авторлық құқық объектiлерi;

- айлық есептiк көрсеткiштiң 10 000 еселенген шегiндегi қолма-қол ақша;

- дебиторлық/кредиторлық берешегi;

- және құны 1000 есе айлық есептiк көрсеткiштiң мөлшерiнен асып кететiн басқа да мүлiк.

«Жалпыға бiрдей декларациялау жүйесiне кiрген адамдар кейiннен кiрiстерi мен мүлкi туралы декларацияны ұсынуға тиiс. Бұл ретте, егер активтер мен кiрiстер бойынша айналымдар болмаса кiрiстер мен мүлiк туралы декларацияны ұсынбауға болады. Бұл жыл сайын декларацияны тапсыруға мiндеттi декларанттардың санын 12,9 млн адамнан 3,5 млн адамға дейiн азайтуға мүмкiндiк бередi», - дедi министр.

Сонымен қатар, ол «Кiрiс» декларациясын тапсыру қорытындысы бойынша камералдық бақылау жүргiзiлетiнiн атап өттi. Содан кейiн заңнаманы жетiлдiру және ақпараттық жүйелердi пысықтау жөнiнде шаралар қабылданбақ. .

Сондай-ақ, тәуекелдердi басқару жүйесiн қолдана отырып, жеке тұлғаларды санаттарға бөлу үшiн Министрлiк нормативтiк актiлерге қажеттi өзгерiстер енгiзген.

Тәуекелдердi басқару жүйесi мынадай критерийлерге негiзделген:

- жеке тұлғалардың кiрiстерi мен мүлкi туралы декларацияда көрсетiлмеген шетелдiк активтер мен шоттардың болуы;

- жеке тұлғаның жылдық жиынтық кiрiсiнен екi және одан да көп есе асатын сомаға активтердiң ұлғаюы;

- шетелдiк интернет-дүкендерден сатып алынған жеке пайдалануға арналған тауарларды Қазақстан Республикасына бiрнеше рет әкелу;

- камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтар, яғни орындалмаған хабарламалардың болуы.

«Сонымен бiрге, жалпыға бiрдей декларациялау жүйесiне кiрген жеке тұлғалар декларацияда көрсетiлген Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлiктi, сондай-ақ басқа да активтердi сатып алудың заңдылығы бойынша 2025 жылға дейiн тексеруге жатпайды. Декларациялаудың бiрiншi кезеңi шеңберiнде бүгiнгi күнi 437 мыңнан астам адам салық есептiлiгiн ұсынды. Бұл жоспарланған көрсеткiштiң - 91%-ы», - дедi министр.

Халық арасында декларация тапсырудың ең танымал тәсiлдерi - «Е-Salyq Azamat» мобильдi қосымшасы және Салық төлеушiнiң кабинетi. Олардың үлесiне барлық қабылданған декларациялардың шамамен 95%-ы тиесiлi.

2020 – 2021 жылдарға арналған iс-шаралар жоспары

Жалпыға бiрдей декларациялауды жүргiзудiң ұзақ мерзiмдiлiгi мен ауқымдылығын ескере отырып, 2020 жылы Жалпыға бiрдей декларациялауға көшу жөнiндегi 2020 – 2021 жылдарға арналған iс-шаралар жоспары қабылданған.

«Биыл мемлекеттiк қызметшiлер мен оларға теңестiрiлген адамдардың, сондай-ақ олардың жұбайларының кiрiстерi мен шығыстарын талдаумен толық қамту үшiн Жоспарда уәкiлеттi мемлекеттiк органдармен бiрқатар интеграциялар көзделiп отыр. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерiмен интеграцияны ағымдағы жылдың үшiншi тоқсанында аяқтауды жоспарлап отырмыз», - дедi ол.

Сонымен қоса, министр келесi жылы декларациялаудың бiрiншi кезеңiн талдау қорытындылары бойынша министрлiктiң базаларында пысықталытынын атап өттi. Сондай-ақ, Жоспар бойынша әдiснамалық жұмыстар жүргiзiлуде.

Заңға тәуелдi актiлердiң негiзгi бөлiгi қабылданды, ал қалғандары бойынша жұмыстар жалғасуда.

«Қалған нормативтiк құқықтық актiлер ағымдағы жылдың екiншi тоқсанының соңына дейiн қабылданады», - дедi министр.

Сонымен қоса, жалпыға бiрдей декларациялауды енгiзу аяқталғанға дейiн кең ауқымды түсiндiру жұмыстары жалғасатынын атап өттi.

Барлық жаңалықтар