• Басты
  • C.Боранбаев: Әскери қызмет мерзімін өткермегендер де арнайы жиынға шақырылуы мүмкін
10 Сәуір, 2020 12:38

C.Боранбаев: Әскери қызмет мерзімін өткермегендер де арнайы жиынға шақырылуы мүмкін

Мерзімді әскери қызмет өткермегендер де арнайы жиынға шақырылуы мүмкін. Бұл туралы елордада өткен ҚР Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру бойынша баспасөз мәжілісінде ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары Серік Боранбаев айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

C.Боранбаев: Әскери қызмет мерзімін өткермегендер де арнайы жиынға шақырылуы мүмкін
"Мерзімді әскери қызмет өткермегендер арнайы жиынға шақырылуы мүмкін. Біріншіден, ол денсаулығына байланысты. Оның мамандығы өздері талап еткен әскери есептік мамандығына сай болса, іс жүзінде жұмыс тәжірибесі бар болса, арнайы жиынға шақырылуы мүмкін", - деді Бас штаб бастығының орынбасары.

Оның сөзінше, арнайы жиынға алар кезде әскери міндеттілердің денсаулығы тексеріледі. Сонымен қатар, қызметі бітіп, үйіне қайтар кезде де медициналық-санитарлық тексерулерден өтеді.

"Арнайы жиынға алмастан бұрын әрбір әскери міндеттінің денсаулығы тексеріледі. Қазір олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін санитарлық арнайы дәрігерлер бөлінген. Әскери қызметкерлерді күнделікті қарайды. Қызмет етіп жатқан жерде белгіленген уақыты бар. Сонда тексерістен өтіп отырады.  Күнделікті міндетін атқарғаннан кейін де, медициналық бақылаудан өтіп, тек содан кейін ғана үйіне кетеді", - деді Серік Боранбаев.

Сонымен қатар ол әскери қызметшілердің төлемақысы кешіктірілмей, уақытылы берілетінін атап өтті.

"Жиынға шақырылған әскери қызметшілерге төлемақыны жергілікті атқарушы органдар келесі айдың бірінші он күндігіне дейін кешіктірмей төлейді. Ал ол күндер демалысқа не болмаса мереке күндерімен сәйкес келсе, одан бұрын төленеді", - деді ол. 

Бұдан басқа Бас штаб бастығының орынбасары қай өңірлерде аумақтық әскерлердің бөлімшелері құрылғанына тоқталды. 

"Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Қызылорда, Павлодар және Ақмола облыстарында аумақтық әскерлердің бөлімшелері құрылды. Ал Ақтөбе және Атырау облыстарында әскери қызметшілерді әскери қызметке шақыру жалғасуда", - деді Серік Боранбаев.

Сонымен қатар оның сөзіне сүйенсек, 13 сәуірде Шымкент қаласы мен Қарағанды ​​облысында, 14 сәуірде - Солтүстік Қазақстан облысында, 15 сәуірде - Жамбыл облысында, 17 сәуір - Түркістан облысында әскери қызметке шақыру басталмақ. 

"Ал Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында арнайы әскери қызметке шақыру мәселесі әлі де ашық күйінде қалып отыр", - деді Бас штаб бастығының орынбасары.


Сондай-ақ оның айтуынша, аймақтардың әкімдері өз жеріндегі қауіпсіздікті, бірқатар стратегиялық объектілердің қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті, азаматтық қорғаныс шараларын, сонымен бірге диверсияға қарсы шаралар өткізуді өздері қамтамасыз етуі керек.


Елімізде төтенше жағдай енгізгеннен кейін, ел президентінің арнайы жиындарға шақыру туралы жарлығы қабылданғанға дейін қорғаныс ведомствосы мен жергілікті билік органдарына елдің алдында тұрған міндеттерді шешуге өз үлесін қосқысы келетін жастардан көптеген өтініш келіп түскенін атап өтті.

"Əскери міндеттілер ғана емес ел азаматтарының көпшілігі ел Президентінің әскери міндеттілерді шақыру туралы жарлыққа қол қоюы туралы жаңалығын оң қабылдады. Аталмыш Жарлық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін төтенше жағдай кезінде аумақтық әскер қатарына шақырылуға ниет білдіруші азаматтардан қоңыраулар көптеп түсе бастады", -деді Серік Боранбаев.


Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар
34.200.252.156, 192.168.88.100