• Басты
  • Бюджетке енгізілген өзгерістер: Қаражат қандай бағыттарға жұмсалмақ

Бюджетке енгізілген өзгерістер: Қаражат қандай бағыттарға жұмсалмақ

5 Мамыр, 2021 11:02

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2021 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы» заң жобасы ұсынды. Сонымен қоса, ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2021 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы (ӘЭДБ) жөнінде баян етті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Министр Ерұлан Жамаубаеытң айтуынша, нақтылау мемлекет басшысының стратегиялық бастамалары мен тапсырмаларын қаржылық қамтамасыз етуге, сондай-ақ COVID-19 -бен күресуге бағытталған.

Бюджетке енгізілген өзгерістер

Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, 2021 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлеріне бірқатар өзгеріс енгізілген.

«Республикалық бюджет түсімдері 1,1 трлн. теңгеге ұлғайып, 12,6 трлн. теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге 3,5% деңгейінде болжанып отыр, яғни 149 млрд. теңгеге өскен. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 1,3 трлн. теңгеге артып, 15,3 трлн. теңгені құрайды», - деді министр.

Қаражат қандай бағыттарға жұмсалады

Нақтылау жобасында қаражатты мынадай бағыттар бойынша бөлу көзделген:

1.     «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру - жалпы сомасы 884 млрд теңге.

«Осы қаражат есебінен жолдарды салу және реконструкциялау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту, таза ауыз сумен қамтамасыз ету және «Ауыл – Ел бесiгi» арнайы бағдарламасы шеңберінде ауылдарды жаңғырту бойынша шаралар қабылданатын болады», - деді ведомство басшысы.

2.     Коронавирустық инфекциямен күрес бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды қаржыландыруға 265 млрд. теңге қарастырылған

3.     Мемлекет басшысының тапсырмаларын және бұрын қабылданған міндеттемелерді орындау

«Бюджетті нақтылау нәтижесінде оның әлеуметтік бағыттылығы сақталған, ал нақты сектор мен өңірлерді қолдау күшейтілді. Бұл туралы бюджет шығыстарының құрылымы көрсетіп отыр. Осылайша, оның 723 млрд. теңге сомасында едәуір үлкен бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталған», - деді ол.

Оның айтуынша, бұл бағытты ынталандыру орта мерзімде елдің дамуына мультипликативтік әсер ететін болады. Нәтижесінде, осы саланың шығыстары 2,4 трлн теңге немесе жалпы шығыстар көлемінің шамамен 16%-ы көлемінде жоспарланған. Бюджеттің әлеуметтік саласы жалпы алғанда 374 млрд теңгеге ұлғайып, 7,5 трлн теңгені немесе жалпы шығыстардың 48,7%-ын құрайды.

«Күш құрылымы шығыстары 211 млрд теңгеге өсіп, 1,6 трлн теңге сомасында жоспарланған. Жалпы мемлекеттік шығыстар 80 млрд теңгеге қысқартылып, 3,3 трлн теңгені құрайды. Бұл блок шығыстарының азаюы Президенттің бастамаларына арналған резервті қайта бөлумен байланысты», - деді министр.

Сондай-ақ, ол қосымша шығыстардың айтарлықтай үлесі нысаналы трансферттермен өңірлерге берілетінін атап өтті. Олардың жалпы сомасы 539 млрд теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 335 млр теңгені құрайды.

Ұлттық экономика мнистрі Әсет Ерғалиев 2021 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамын нақтылау енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, макрокөрсеткіштердің болжамы ел экономикасының өсуі бойынша жедел деректерді, әлемдік экономика мен нарықтағы үрдістерді ескере отырып, нақтыланған.

«Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар айындағы минус 4,5 пайыздан бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша минус 1,6 пайызға дейін жетті», - деді Әсет Ерғалиев.

Сондай-ақ, ол макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде айқындалғанын тілге тиек етті. Оның мәліметінше, Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының болжамдары бойынша әлемдік экономиканың өсуі осы жылы 4,3% және 6%-ды құрайды.

«Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 2,8%-дан 3,1%-ға дейін жақсарды. Осылайша экономикалық өсім қалпына келу сатысында болады. Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 77,8 трлн теңге көлемінде бағаланып отыр», - деді министр.

Министрліктің дерегінше, сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургиядағы өндірістің неғұрлым белсенді өсу есебінен өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер 4,1% пайыздан 5,2% пайызға дейін жақсарған. Ал, құрылыста жоспарланған 17 млн шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға беруіне байланысты болжам 2,5%-дан 5%-ға дейін жақсарса, ақпарат пен байланыста IT қызметтерге сұраныстың өсу нәтижесінде болжам 3,8%-дан 6,5%-ға дейін ұлғайған.

«Ұлттық Банктің болжамы бойынша экспорт 10,8 млрд долларға яғни 52,2 млрд долларға дейін өседі, ал импорт 37,1 млрд долларды құрайды. Инфляция бұрын бекітілген 4-6% дәлізде сақталды», - деді ведомство басшысы.

Осылайша, оның айтуынша, түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2021  жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланған. Республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда 2021 жылы 7 204 млрд теңге көлемінде бағаланады. Ал, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт өзгермейді және 2 700 млрд теңге мөлшерінде сақталған.

«Ұлттық қордан нысаналы трансферт 1 трлн теңгеден 1 850 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Республикалық бюджет шығыстары 15 334 млрд теңге көлемінде болжанып отыр. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,5% пайыз деңгейінде болжанған», - деді Әсет Ерғалиев.

Барлық жаңалықтар