• Басты
  • Бюджет кодексі: өзгерістер мен түзетулер

Бюджет кодексі: өзгерістер мен түзетулер

21 Сәуір, 2021 11:15

Бүгінгі мәжіліс отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Заң жобасы Парламенттің, Есеп комитетінің, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсыныстарын іске асыруға бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қоса, министр аталмыш құжаттың Бюджет кодексіне бірқатар бағыт бойынша түзетулерді көздейтінін айтты.

-        Бюджеттік тәуекелдер мен мемлекеттік қаржының тұрақтылығы туралы талдамалық есепті қалыптастыру

«Бюджеттік тәуекелдер мен мемлекеттік қаржының тұрақтылығы туралы есепті жыл сайын Парламентке республикалық бюджеттің жобасымен енгізу ұсынылады. Құжатта мемлекеттік қаржы жағдайына әсер ететін макроэкономикалық, демографиялық, қаржылық және басқа да тәуекелдердің талдауы қамтылатын болады», - деді Әсет Ерғалиев.

Оның сөзінше, осындай құжатты қалыптастыру бюджеттік тәуекелдерді тиімді басқаруға және оларды бюджеттік шешімдер қабылдау кезінде ескеруге мүмкіндік береді.

-        Бюджетаралық қатынастарды жетілдіру

Министрдің айтуынша, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру шеңберінде жергілікті атқарушы органдарға жергілікті бюджеттен қаржыландырудың ең аз көлемде белгіленген жалпы сипаттағы трансферттер қаражатын басқа шығыстарға қайта бөлу мүмкіндігін беру ұсынылып отыр.

-        Стратегиялық жоспарларды сапалы жоспарлау және орындау

«Стратегиялық жоспарларды сапалы жоспарлау және орындау мақсатында, бөлінген қаражат толық игерілмеген жағдайда, жыл соңында республикалық бюджетке кері қайтаруына байланысты, төртінші тоқсанда стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторларын өзгертуге тыйым салынады», - деді Әсет Ерғалиев.

-        Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде бөлінген қаражаттың пайдаланылуына бақылау мен мониторингті күшейту

Министрдің мәліметінше, мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде бөлінген қаражаттың пайдаланылуына бақылау мен мониторингті күшейту мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды қаржылай және қаржылай емес қолдау операторларына және қарыз алуға мемлекет кепілдік берген квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қазынашылықта шоттар ашу көзделіп отыр.

-        Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру

«Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында аудиторлық есеп нәтижелері бойынша заңнамада белгіленген мақсаттарға пайдаланылмаған нысаналы аударым сомаларын 3 ай ішінде республикалық бюджетке қайтару көзделеді», - деді ол.

-        Жергілікті бюджеттің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға қарыздар бөлу

Оның сөзінше, жергілікті атқарушы органдарға жергілікті бюджеттің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға қарыздар бөлу мерзімін 3 жылдан 6 айға дейін қысқарту ұсынылады. Бұл жергілікті атқарушы органдардың жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтудағы ықпалын арттыруы тиіс.

-        «Шоттардың бірыңғай жоспары» жаңа құралын енгізу

«Есептілікті жетілдіру шеңберінде 2024 жылдан бастап «Шоттардың бірыңғай жоспары» жаңа құралын енгізу ұсынылады», - деді ол.

-        Бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жетілдіру

«Бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жетілдіру шеңберінде, стратегиялық жоспарлар мен өңірлерді дамыту бағдарламаларының іске асырылуы туралы есептердің негізінде бюджеттің шығыстары туралы аналитикалық есепті қалыптастыру көзделіп отыр», - деді министр.

Сонымен қатар, Парламентте жылдық есепті қарау кезінде республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді пайдалану бойынша әкімдердің есебін тыңдау көзделген. Бұл жергілікті атқарушы органдардың нысаналы трансферттерді пайдалану бойынша жауаптылығын арттыруға мүмкіншілік береді.

-        Мемлекеттік қарыз алуды жетілдіру

«Мемлекеттік қарыз алуды жетілдіру шеңберінде қарызға алған қаражатты белгіленген мерзімде игермегені үшін жауапкершілік енгізіледі. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға үшінші тұлғалар үшін борыштық міндеттемелерді қабылдауға тыйым салынады», - деді Әсет Ерғалиев.

-        Жоспарланатын шығыстардың негіздемелігін арттыру

«Жоспарланатын шығыстардың негіздемелігін арттыру үшін бекітілген заттай нормаларға жылына бір рет өзгеріс енгізу ұсынылады», - деді министр.

Сонымен қоса, министр Заң жобасында нақтылау сипатындағы түзетулер де көзделгенін атап өтті. Республикалық бюджетті нақтылау жағдайлары айқындалатын болады.

«Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының мазмұнын нақтылау көзделеді. Ұлттық Банкте ашылған Бірыңғай қазынашылық шоттағы қаражаттың күнделікті қалдығына есептелетін сыйақы, бюджеттік түсімдерге кіреді. Заң жобасын қабылдау, бюджеттік рәсімдерді жетілдіруге және бюджетті атқару сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді ол.

Барлық жаңалықтар