• Басты
  • Бюджет қаражатын ұрлау және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес шаралары қалай жүріп жатыр

Бюджет қаражатын ұрлау және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес шаралары қалай жүріп жатыр

21 Қыркүйек, 2020 16:23

Бүгін Oрталық коммуникациялар орталығында Экономикалық тергеу қызметінің биыл 8 айдағы жұмысының қорытындыларына және мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын іске асыру шараларына арналған баспасөз мәжілісі өтті. Жиында комитет төрағасы экономикалық қылмыстардың артқаны, онымен күрес шаралары, сонымен қоса елдегі заңсыз ақша жасау, заңсыз ойын бизнесі және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері жөнінде айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элимановтың сөзінше, бүгінде Экономикалық тергеу қызметі 1 394 қылмыстық іс қозғады, оның жартысынан көбі, яғни 56 пайызы – ауыр және аса ауыр қылмыстар. Өтелген залал сомасы 20 пайызға артып, 33 млрд теңгені құрады. Ал өткен жылдың 8 айында 27 млрд теңгені құраған еді.

«Біз экономикалық қылмыстың ұйымдасқан түрлеріне жиі кезігеміз. Тек 8 айдың ішінде ҰҚТ ұйымдастырушылары мен мүшелеріне қатысты 44 қылмыстық іс қозғалды», - деді комитет төрағасы.

Жанат Элимановтың дерегінше, бұл соңғы бес жылдағы рекордтық көрсеткіш. Мемлекет басшысы өз жолдауында осыған дер кезінде назар аударып, комитет қызметін көлеңкелі экономикамен күреске бағыттауды тапсырған. Бұл стратегиялық міндет терең талдау және кешенді жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізу арқылы іске асырылады. Оның сөзінше, негізгі тренд - көлеңкелі бизнестің ірі «ойыншыларын» дәл белгілеу және оларды толық бейтараптандыру.

 

«STOP-ОБНАЛ» деген не

Қазіргі уақытта прокуратура және Ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесіп «STOP-ОБНАЛ» жедел-алдын алу іс-шарасы іске асырылуда. Негізгі міндет – ұйымдастырушылар мен барлық қатысы бар адамдарды анықтау арқылы жалған шот-фактураларды шығаруға және қылмыстық жолмен ақша алуға жол бермеу.

Комитет неліктен оған ерекше назар аударады:

- жалған мәмілелер жасау және қолма-қол ақшаны алу кезінде миллиардтаған сомаға салық төлеуден жалтару бар, бұл маңызды әлеуметтік жобалар, зейнетақылар, жәрдемақылар төлеу, жолдар, ауруханалар мен мектептер салу;

-  бұл капиталды шетелге заңсыз шығару схемаларының бірі

Оның айтуынша, талдау арқылы криминалдық қолма-қол ақшамен айналысатын 60-тан астам ықтимал қылмыстық топ анықталған. Ол үшін олар 1 200-ден астам бақыланатын компаниялар құрды, олардың қаржылық айналымы 2 триллионнан теңгеден асқан. Барлығы бойынша қылмыстық іс қозғалды, 98 адам күдікті деп танылып оның 28 – і қамауға алынған. Тағы 29 – ы үй қамауына алынған. Нәтижесінде жалған шот-фактураларды жазып беру фактілері екі есеге (159-дан 304-ке дейін) артқан.

«Мәселен, елордада 10 жыл бойы заңсыз операциялар жүргізген Перетятьконың басшылығымен ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) әшкереленді. Оның клиенттері еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі 3 мыңнан астам компания болды. Заңсыз қызметтен болған залал шамамен 4 млрд теңгені құрап, оның шамамен 1,5 млрд теңгесі өтелген. Осыған ұқсас Атырау облысында тергеу барысында Дәулетьярованың ҰҚТ, ал Алматыда – Төреқұлованың ҰҚТ қызметі тоқтатылды. Соңғыларынан 4 млрд теңгеге жуық қолма-қол ақша алынды», - деді комитет төрағасы.

Оның сөзінше, бұл тізімді әрі қарай жалғастыруға болады. Осы салада барлығы 19 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталған. Ал соңғы бес жылда алғаш рет қолма-қол ақшаны алу деңгейі 38 пайызға азайған.

Бюджет қаражатын ұрлауға қарсы шаралар

Комитет төрағасы бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтау бойынша жұмыс ерекше бақылауда екенін айтты. Ол үшін Бас прокуратурамен бірлесіп, «Қазына» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Осы жұмыс шеңберінде «бір күндік фирмалармен» 63 млрд теңгеге тұрақты өзара есеп айырысулары болған мемлекеттік сатып алудың 90-нан астам сенімсіз жеңімпаздары анықталды. Олар бойынша 20 қылмыстық іс қозғалды, қалғандары бойынша тексеру шаралары жүргізілуде. Бүгінгі таңда бұл салада бірқатар резонанстық фактілер зерттелуде.

Ақпараттық жүйелерді құру үшін бөлінген 500 млн теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікпен бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Әбішевке қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Соттың санкциясымен ол қамауға алынып, тергеу әрекеттері жалғасуда.

«Сондай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бейсембинге, оның орынбасары Дәуленбаеваға, сонымен қоса жалған шарттар жасасу арқылы 450 млн теңгеден астам ұрлық жасады деген күдікпен Лисовқа қатысты іс тергелуде. Елордалық сотта мемлекеттік академиялық филармонияның бұрынғы директоры Абдрахмановқа қатысты қылмыстық іс қаралуда, ол тергеу нұсқасы бойынша қол астындағылар қатарынан қылмыстық топ ұйымдастырды. Олар 1,8 млрд теңгеден астам қаражатты ұрлаған», - деді комитет төрағасы.

Жүргізілетін жедел алдын алу шараларының тиімділігін ескере отырып, жақын арада мұнай мен мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымына, сондай-ақ капиталды шетелге заңсыз шығаруға қарсы іс-қимыл бойынша жедел-алдын алу шараларын іске қосу жоспарлануда.

Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы

Өткен жылдан бастап суррогатты алкоголь өнімін өндіру бойынша 50-ден астам рұқсат етілмеген цехтың жұмысы тоқтатылды. Заңсыз айналымнан бір жарым миллионнан астам бөтелке, 400 мың литрге жуық спирт, сондай-ақ 500 мың жалған есепке алу-бақылау маркалары алынған.

«Мысалы, Ақтөбе қаласында арақ өндірушілердің бірі 700 мыңнан астам бөтелке көлемінде есептелмеген өнім шығарды. Төленбеген салықтан келген шығын 570 млн теңгені құрады. Шымкент қаласында сапасы төмен спирт өндіретін жерасты цехы жойылды. 31 млн теңгеге 25 тонна тәркіленді. Алматы облысында 40 тоннадан астам спиртті заңсыз тасымалдағаны және өткізгені үшін Малашкин мен Қаршығаев деген азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мұндай мысалдар аз емес», - деп толықтырды Жанат Элиманов.

Заңсыз ойын бизнесі

Заңсыз ойын бизнесі көптеген қылмыстық элементтерге тартымды және халық үшін негативті әлеуметтік әсерге ие. Заңнама бойынша казино мен ойын автоматтары залдарын тек Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучинск ауданында орналастыруға рұқсат етіледі. Оның сөзінше, осыған байланысты, күштер мен құралдарды барынша тарта отырып, «Стоп ойын» жедел алдын алу шарасы өткізілген.

765 заңсыз ойын мекемелері қызметінің жолы кесілді, 22 жасырын казино жойылды, ойын терминалдары, рулеткалар және т. б. түріндегі 12 мыңға жуық зат тәркіленді.

«Алматы, Шымкент, Қарағанды, Тараз және Қызылорда қалаларында заңсыз ойын қызметін ұйымдастырды деген күдікті Германия азаматы Саупе бастаған ҰҚТ қызметі әшкереленді.  Қылмыстық кіріс сомасы 800 млн теңгеден асты. Алматыда "PariMatch" букмекерлік кеңсесінің басшысы Украина азаматы Кочерга заңды қызметімен қатар "покер", "баккарат", "колесо", "кости" және т. б. сияқты заңсыз онлайн ойындарға ставкалар қабылдаған. Сол сияқты "Profit Betting", "Finbet", "Инбет", "StavkaBet" және басқа да бірқатар танымал букмекерлік кеңселердің заң бұзған әрекеттері анықталды. Жұмабаевтың басшылығындағы ҰҚТ-ның 6 мүшесі сотталды, олар 2 заңсыз ойын мекемелерін ұйымдастырып, 60 түрлі сауда объектілерінде 230 "сары-жасыл" ойын аппараттарын орнатқан еді», - деді ол.

Оның сөзінше, бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлері заңсыз ойын мекемелері жоқ. Бұл экономикалық емес, әлеуметтік мәселе. Азаматтар ойнауға ақша табу үшін ұрлық, алаяқтық және тонау жасаған көптеген жағдайлар бар.

Жалған ақша жасау.

Комитет төрағасы жалған ақша жасау ақша-несие жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне нұқсан келтіретінін, сонымен қоса мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіретінін атап өтті. Сондықтан банктермен және бизнес субъектілерімен өзара іс-қимылға, сондай-ақ астыртын баспаханаларды бейтараптандыруға ерекше көңіл бөлінеді.  Нәтижесінде жалған ақша шығару бойынша 2 цехтың қызметі тоқтатылған. 

«Жалған 500 еуро банкноттарын жеткізудің халықаралық жолы жабылды. Бұл үшін үш адам сотталды, оның ішінде біреуі Ресей азаматы. Тағы бір іс сотта қаралуда. Сотталушы ретінде Грузия қаржы полициясының бұрынғы қызметкері бар. Алматы облысында жалдамалы пәтерде құны 5 мың және 10 мың теңге болатын жалған ақша жасау бойынша астыртын цех ұйымдастырған Плотников әшкереленді. Шымкентте банктердің бірінің филиалында номиналы 500 еуро болатын жалған ақша купюраларын өткізу фактісі анықталды. Жалпы сомасы 4 мың еуроны құрады. Бір қызығы, бұл қылмысты сол банктің 5 қызметкері жасаған. Қылмыстық іс аяқталу сатысында», - деді Жанат Элиманов.

Азаматтардың мүдделерін қорғау

Оның сөзінше, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, кәсіпкерлердің заңды құқықтарын сақтау маңызды. Бірінші кезекте, бизнесті қылмыстық процеске тартуды барынша азайтамыз.

«Біз өз қызметкерлерімізге кәсіпкерлерден тергеу процедурасынан тыс құжаттарды сұрауға тыйым салдық. Сонымен қатар, біз қылмыстық істердің жаппай қозғалуын да болдырмадық. Біз, керісінше, көлеңкелі бизнеспен күресуге көңіл бөлдік. Осылайша біз адал кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз, өйткені оларға "көлеңкелі кәсіпкерлермен" бәсекелес болу қиын, өйткені олар салық төлемейді және рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істейді», - деді комитет төрағасы.

Сонымен қоса өткен жылдардағы құрамында қылмыс жасаған адамы жоқ 2,5 мың қылмыстық істі тексеріп, тоқтататылған. Нәтижесінде көптеген азаматтың жағдайы дұрысталды. Сондай-ақ адамдарды ұзақ уақыт бойы жауапқа тартып, тергеудің ұзаққа созылуы оларды ашуландыратынын түсіндік. Жүйелі шаралар қабылданды және жауап алуға қайта шақыруды 2 есеге, ал тергеу мерзімдерін 40 пайызға қысқарттық. Оның сөзінше, бұл жұмысты одан әрі жалғасады.

Сөз соңында ол азаматтарға егер сізге экономикалық салада дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыс туралы фактілер белгілі болса, ведомствоға жүгінуді сұрады. Байланыс деректері және Сенім телефондары (8-7172-70-84-78) қаржы мониторингі комитетінің сайтында көрсетілген (kfm.gov.kz).

Барлық жаңалықтар