• Басты
  • Бурабайда "Ақбура" атты швейцар стиліндегі қалашық салынуда
25 Қараша, 2019 11:32

Бурабайда "Ақбура" атты швейцар стиліндегі қалашық салынуда

Бүгінде "Қазақстанның Швейцариясы" атанған Бурабай аймағының туризм әлеуетін арттыру үшін түрлі жобалар қолға алынуда. Соның бірі ретінде швейцарлық капиталдың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан "Ақбура" атты швейцар стиліндегі қалашықты атап өтуге болады. Аталған жоба туралы елордада өткен Қазақстан-Швейцария дөңгелек үстеліне қатысқан "Swiss Hospitality Holding" компаниясының атқарушы директоры Хавьер Рей айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Бурабайда "Ақбура" атты швейцар стиліндегі қалашық салынуда

Оның айтуынша, аталған жобаны қолға алмас бұрын "Swiss Hospitality Holding" компаниясының өкілдері Қазақстанға келген. Мұндағы инвестиция салуға қолайлы орта қалыптасқандығы, жоба жүзеге асатын аймақтың Швейцарияға ұқсайтыны аталған жобаны қолға алуға себеп болған. 

"Мен сөзімді бастамас бұрын қазақстандық тарапқа сапалы жұмыс пен сапалы коммуникация үшін алғыс айтқым келеді. Жалпы, біз әлемнің көптеген елдерімен жұмыс істейміз, әлеммен байланысымыз жақсы. Бізді Қазақстанда жобаны іске асыруға, инвестиция салуға қолайлы жағдай жасалғаны туралы айтып, көруге шақырды. Сөйтіп, екі жыл бұрын Қазақстанға келдік. Мұнда алдын-ала дайындалған 10 жобаны қарастырып, зерттеу жүргіздік. Кейін сол ұсынылған 10 жобаның ішінен іріктеп, өзімізге сәйкес келетін жобаларды таңдап алдық. Содан соң, оны одан әрі зерделеп, өзгерістер енгізіп, өз ұсыныстарымызды ұсындық. Нәтижесінде олар бізді, біз оларды таңдадық. Қазір "Ақбура" атты швейцарлық стильдегі қалашық салынуда", - деді ол.

"Swiss Hospitality Holding" компаниясының атқарушы директорының сөзіне сүйенсек, "Ақбура" жобасы ел астанысынан 220 км қашықтықта орналасқан Бурабай аймағында жүзеге асырылуда.

"Жоба елордадан 220 км жерде орналасқан және аумағы - 223 гектарды құрайды. Бұл гектардың жұмысы әртүрлі этапқа бөлінген. Біз қазір 183 гектар аумақта жұмыс істеп жатырмыз. Біздің мақсатымыз швейцарлық сапамен швейцарлық қалашық тұрғызу. Ол қоршаған ортаны қорғауға қатысты барлық ережелерді сақтайды және қалашық Қазақстан мен көршілес елдердің орта тап өкілдеріне арналған", - деді компанияның атқарушы директоры.

Алайда, оның айтуынша, аталған жобаға қанша қаражат жұмсалатыны әлі белгісіз. Оның сөзіне сүйенсек, жоба орта тап өкілдеріне арналғандықтан, қатты қымбатқа түспейді. Және де қаражаттың көп бөлігін қазақстандық тарап бөліп отыр.  

"Жобаға қанша қаражат жұмсалатыны әлі анық емес. Бұл орта таптың адамдарына арналған жоба болғандықтан, көп ақша кетпейді. Ол сарай емес. Біз оның қолжетімді болғанын қалаймыз. Аталған жобаға қазақтандық та, швейцарлық тарап та инвестиция салады. Алайда, инвестицияның басым бөлігін Қазақстан құяды.  Бізге аталған жобаның тұжырымдамасын жасау тапсырылған. Негізгі концепциясын біз қазақстандық серіктестерімізбен бірігіп жасадық. Біз мастер планымызды, архитектуралық сызбамызды, слайдымызды дайындап, көрсеттік. Сондай-ақ қонақ үй бизнесі жөніндегі жоспарымызды да әзірледік. Кейін біз қазақстандық серіктестерімізбен хабарласып, жоба жетекшісін тағайындадық", - деді Хавьер Рей. 

Сонымен қатар оның айтуы бойынша, жобаның аты "Ақбура" деп бекер таңдалмаған. Ол жергілікті жердің аныз-әңгімелерімен, ерекшелігіне байланысты таңдалын алынған.

"Жобаның атын таңдайтын кезде қазақстандық серіктестерімізбен ақылдастық. Жалпы, Бурабай аймағы көптеген аңыз-әңгімелерге толы. Сол себепті бұл жоба осы аймақтың бір бөлігі болуға тиіс деп санаймыз. Ақбура "ақ түйе" деген мағынаны білдіреді. Яғни, атауды жергілікті жердің ерекшеліктеріне, аңыз-әңгімелерімен байланысты болуын дұрыс деп таптық", - деп атап өтті ол. 

Сондай-ақ ол қонақ үй мен салынатын жеке үйлердің интерьеріне тоқталды. Оның айтуынша, олардың стилі де аралас, яғни, қазақ-швейцар үлгісінде болмақ. 

"Мұнда "Ақбура" қонақ үйімен қатар 100-ге жуық шале салынады. "Шале" дегеніміз швейцарлық стильдегі кішкентай ауылдық үйлер. Шале бір не екі бөлмеден тұратын болады. Сонымен қатар Қазақстанның салт-дәстүрінен көрініс беретін жаңа стильдегі 500 шаршы метрді құрайтын бетоннан тұрғызылған киіз үйлер салынады. Оның интерьері тура киіз үйдің үлгісін сақтайды. Ал  қонақ үй бөлмелері туралы айтсам, балконнан көлдің әдемі көрінісін тамашалуға мүмкіндік болады. Айналаның бәрі жап-жасыл, жалға қайық алып серуендеуге болады. Сондай-ақ спорттық шаралар өткізіп, спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалады", - деді ол. 

Сонымен қатар ол өз сөзінде Бурабай секілді курорттық аймақта жұмыс істеу оңай екендігін, табиғаттың ерекшеліктері қиындық туғызбайтынын атап өтті. Сондай-ақ қазірге дейін мыңдаған көшет отырғызылғанын, және тағы басқа істелген жұмыстарға тоқталып өтті.

"Буарабайды "Қазақстанның Швейцариясы" деп бекер айтпаған ғой. Бізге бұл аймаққа келіп жұмыс істеу оңай, өйткені табиғаты да бізге ұқсайды, біз өз үйімізде жүргендей сезінеміз. Қазіргі таңда 200 адам жұмыс істеп жатыр. Әзірге жобаны іске асыратын аумақпен жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, биыл біз 17 мың ағаш отырғызылды және 10 км жаяу жүргінші жолы салынды. Бұл өте көп жұмысты қажет етеді. Ал курорттық аймақта 200-300 адам жұмыс істейді деп болжап отырмыз", - деді ол.

Сондай-ақ оның сөзіне сүйенсек, аталған жобаның құрылысы келесі жылы аяқталады. Ал 2021 жылы салтанатты түрде ашылуы болады деп жоспарлануда.

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды