Инновациялар

Burabay forum: Шетелдік елдермен ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту

«Burabay forum: Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы» халықаралық форумында 40 жасқа дейінгі 100 жас ғалым өзінің жобаларын ұсынып, өзара тәжірибе алмасты. Өткен жылы тек Ресей мен Қазақстанның қатысуымен өтікізілген форумның биылғы жылы географиясы кеңейген. Форум 2 күнге созылып, Бурабайда жалғасады. Әр елден келген жас ғалымдардың талқылаған жобалары туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы08 Тамыз , 13:00

Ресейдің жас ғалымдар  кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Демин  аталған форумға екінші  мәрте қатысып отыр.  Оның айтуынша,  бұл форум  Қазақстанның ғылыми   кеңесімен жүргізіліп жатқан шаралардың жалғасы.

«Біз тақырыптық  талқылау кезінде белгілі бір  сала мен бағыттарды  таңдап алдық. 2016 жылы Ресейде ғылымды дамыту стратегиясы қабылданды. Себебі, ресейлік ғылым алдында бірқатар сынақтар тұрғаны анық. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы мен агромәдениеттің қауіпсіздігі болып табылады. Аталған форумда қалдықтарды  өңдеу жобаларын қарастырып,   экологиялық және биологиялық қауіпсіздік мәселесін талқылайтын боламыз», - деді Д.Демин.

Ол атап өткендей, аталған жобаның Қазақстанда аналогы жоқ. Ресейде  зерттеліп, тәжірибеге өткен.

«Аталған жоба Мәскеу облысында инвестициялық сұранысқа ие болды. Оған 300 млн рубль құйылды. Салынған инвестицияны  қайтарып алу  2-3 жылға жоспарланған.Бұл жобадан түсетін  жыл сайынғы кіріс 1 млрд рубльді құрайды», - деді ол.

Д.Демин айтып өткендей, аталған форумда технологияларды жетілдіру  және  осы салада қандай да бір проблемалық жағдайды  қазақстандық  тараппен талқылау  көзделген.

«Техногендік қалдықтарды қайта өңдеу немесе астық қалдықтарын қайта өңдеу мәселелерін қарастырамыз. Біз посткеңестік кезеңдегі елдер арасындағы ғылым саласындағы көпір  болып табыламыз.   Екі ел арасында тұрған  бағыттарды жаңартып, қорытындысында сыртқы сынақтарды бірге қорытуға, оларды бірігіп шешуге шешім іздейтін боламыз», - деді ол.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның ғылым –білім саласындағы жаңалықтары мен жаңашылдықтарынан тәжірибе алуға болатынын жеткізді.

«Қазақстан университеттерінде биологиялық, биотехнологиялық және медициналық енгізулер бар.  Бірлесіп зертеу жүргізуге мүмкіндік өте жоғары», - деді.

Жас ғалым ЭКСПО кезінде Қазақстан таныстырған энергияның баламалы түрлері бойынша таныстырған жобаларын жоғары бағалады.

Өз кезегінде, Ресей Ғылым академиясының жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Андрей Котельников  әлемдік қауымдастықтың Қазақстанға  маңызды шараны өткізуді тапсыруы, оның үлесі мен елдің  әлеуетіне жоғары баға беретінінің белгісі екенін атап өтті.

«Өткен жылы  форум Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралық  қарым-қатынаста өткен болса, биыл оның ауқымы кеңейіп өзге елдер де қосылды. Бұл Қазақстан, оның ішінде Астананың  әлем елдерінің басын біріктіретін нүкте екенін айқындайды», - деді А.Котельников.

Оның айтуынша, форумда қатысушылар  экология, туризм мәселелері бойынша елдер арасындағы ынтымақтақтастықты талқылап, белгілі бір шешімге келуге тырысады.

Ал, атамыш форумның бастамашысы болған ұйым ҚР Тұңғыш Президенті  - Елбасы Қорының атқарушы директоры  Қанат Жұмабаев биылғы форум былтырғыдан өзгерек екенін жеткізді.

«Биылғы форумға Ресей, Литва, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан жиналған  27 ғалым қатысып жатыр. Биылғы жылы физика және ғылымды қажет ететін  технологиялар, ауыл шаруашылығындағы инновациялық  технологиялар саласындағы бірлескен ғылыми зерттеулер, туризм, сондай-ақ, қоғамдық-гуманитарлық  ғылымдар болашағы талқыланады», - деді ол.

Қ. Жұмабаев айтып өткендей, өткен жылғы форумның қорытындысы  бойынша  бірнеше сәтті жобалар жүзеге асырылған.

«Ол ауыл шаруашылығы, егін егу, топырақты құнарландыру бойынша бірнеше жобалар жүзеге асырылды.  Ресеймен бірлесіп, институттық ғылыми жобалар да іске асырылды. Енгізілген жобалар бойынша сарапшылар нәтижесін зерттеу мақсатында жұмыс істеп жатыр», - деді Қ.Жұмабаев.

Форумның екінші күні Ақмола облысының Бурабай елді-мекенінде жалғасын таппақ. Форум аясында ғылымның түрлі саласындағы  білімді және үздік тәсілдерді іс-жүзінде қолдану мүмкіндігін беретін секциялық отырыстар мен шеберлік сабақтар сериясы өтеді.

Айта кетейік, Burabay forum тұңғыш рет  2017 жылы ЭКСПО аясында өткен болатын. Онда био-нано және агро-технологиялар, баламалы энергетика мәселелері талқыланған болатын.

Аягөз Құрмаш

 




Яндекс.Метрика