• Басты
  • ҰБТ-2021: Электронды форматтың артықшылықтары мен мүмкіндіктері

ҰБТ-2021: Электронды форматтың артықшылықтары мен мүмкіндіктері

2 Шілде, 2021 16:28

Елімізде тұңғыш рет Ұлттық бірыңғай тестілеу «1 компьютер - 1 камера - 1 тестіленуші» қағидаты бойынша 51 пунктте электронды форматта өтті. Сондай-ақ, тестте бірнеше өзгерістер орын алған. Мәселен, сұрақтар базасындағы контекстік сұрақтар енгізілген. Олар балалардың логикалық ойлауын, функционалды сауаттылығын тексеруге бағытталған. Электронды форматтың артықшылықтары мен сұрақтар базасындағы өзгерістер туралы толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

«1 компьютер - 1 камера - 1 тестіленуші» қағидаты

ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, биылғы ҰБТ-ның маңызды ерекшелегінің бірі оны тапсыруға екі мүмкіндік беріліп, тестіленуші ең жақсы деп тапқан нәтижесін грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. Нақтырақ айтсақ, былтыр және алдыңғы жылдары үміткерге тест нәжижесін грантқа тапсыруға бір рет ғана мүмкіндік берілген болса, биыл екі мүмкіндігі болды.

Оның мәліметінше, 13 шілде күні грантқа құжаттар қабылдау басталады. Тестілеу бес пән бойынша, яғни үш міндетті және екі бейінді пән бойынша өткізілген. Бұл тарапта тест тапсырмаларының саны 120, яғни еш өзгеріс болмаған. Оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы бойынша – 20 және екі бейіндік пән бойынша-35 тапсырма берілген. Тестілеу ұзақтығы - 4 сағат, яғни 240 минутты құрайды.

Сұрақтар базасындағы өзгерістер

«Сұрақтар базасында біраз өзгерістер болды. Жыл сайын тест базасы 30%-ға жаңартылады, биыл да солай болды. Бірақ биыл бірінші рет бейіндік пәндер бойынша контекстік сұрақтар енгізілді. Олар балалардың логикалық ойлауына, функционалды сауаттылығына және басқа да дағдыларын тексеруге арналған», - деді Әділет Тойбаев.

Оның айтуынша, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. ҰБТ шифрлау элементтері бар арнайы жабық VPN желісі арқылы жүзеге асырылған. Сондай-ақ, барлық жүйе кодталған. Бұл жүйе аккредиттеуден, аттестаттаудан өткен. Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздіктің барлық талаптарына сай келген.

Электронды тестілеудің артықшылықтары

-Тестілеу күні мен орнын өз бетінше таңдау;

-Тестілеу уақытын үнемдеу. Жауап парағының шеңберлерін бояудың орнына компьютермен белгілейді;

-Алдыңғы тест тапсырмаларында таңдалған жауаптарды өзгерту;

- Тестілеу нәтижелерін өңдеу кезінде қателерді жою;

- Тестіленушінің қате толтырылған деректерін өзгерту, сондай-ақ тапсыру тілін, пәндерді ауыстыру;

- Тестілеу нәтижелері аяқталғаннан кейін бірден нәтижесімен танысу;

- Тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру мүмкіндігі;

«Электронды форматтағы академиялық адалдық және объективтілікті қамтамасыз ету үшін нұсқалардың бәрі онлайн форматқа ауысқан. Осыған дейінгі жылдардағы тестілеу кезінде кейде сұрақтардың, нұсқалардың қайталанып кетуі кездесетін. Қазіргі таңда электронды форматта болғандықтан қайталану мүмкіндігі болған жоқ», - деді ол.

Ол дұрыс жауаптар кодтарының бірегейлігі электронды тестілеудің артықшылықтарының бірі екенін атап өтті. Балалар бұрын жауапты бояуға жұмсаған уақытты үнемдеді. Сонымен қатар, үміткерлер апелляцияға нәтижелерді жариялағаннан кейін жарты сағаттың ішінде өтініш бере алады.

Бейнежазбалар 25 тамызға дейін талданады

«ҰБТ штаттық режимде және қандай да бір форс мажорсыз өтті. Қазір бейнежазбаларды тексеру жұмыстары жүргізілуде. Барлық бейнежазбалар ағымдағы жылдың 25 тамызына дейін талданып, тыйым салынған заттарды пайдалану анықталған жағдайда, нәтиже жойылады», - деді Тойбаев.

Брифингке қатысқан Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекованың сөзінше, ҰБТ-ға тіркелу үш ай бойы сәуірден мамырға дейін жүргізілген. 285 164 өтініш қабылданған. ҰБТ жүйесінде өте жақсы өзгерістер орын алуда, сол арқылы көптеген мәселелер шешілген. Соның ішінде, тест тапсырушылар арасында эмоциялық шиеленісті төмендету, академиялық адалдықтың ашықтығын және тестілеу рәсімінің өзінің ашықтығын күшейту, сұрақтар мазмұнының өзгеруі орын алған.

756 түлек ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылған

«145 288 талапкер қатысты. Жалпы орташа балл 69,8 құрады. 88 101 талапкер шекті балл жинады, 57 187 бала шекті ұпайдан өте алмады, бұл 37,4%-ды құрайды. Ең жоғары балды бір ғана тестіленуші иеленді. Өкінішке орай, тестілеу кезінде 18 адамның жалған тұлғасы тіркелді. 756 түлек тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқандықтан, ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды», - деді Наужан Дидарбекова.

Оның мәліметінше, тестілеу кезінде 1 305 адам тәртіп бұзған, олардың нәтижелері де жойылған. Биылғы сынақта 1 923 түлек 120 балдан жоғары жинаған. Тек 1 талапкер ғана барлық сұраққа дұрыс жауап беріп, 140 баллға ие болған. Өткен жылы ең жоғары балл 139 болған екен.

"Тестілеуді 109 693 оқушы қазақ тілінде, 35 245 оқушы орыс тілінде, 350 оқушы ағылшын тілінде тапсырған. Орташа балдың өсуі мектеп бітірушілердің емтиханды екі рет тапсыру мүмкіндігіне ие болуымен байланысты деп ойлаймыз", - деп қорытындылады ол.

Барлық жаңалықтар