• Басты
  • ҰБТ-2020: Бірінші күні 164 түлек тесттен шеттетілді
22 Маусым, 2020 12:34

ҰБТ-2020: Бірінші күні 164 түлек тесттен шеттетілді

Биылғы Ұлттық бірыңғай тест – ерекше талаптарымен, пандемия жағдайындағы санитарлық талаптарды қатаң сақтаумен ерекшеленеді. Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова ҰБТ-ның бірінші күнінің қорытындысы туралы мәлімет берді.

ҰБТ-2020: Бірінші күні 164 түлек тесттен шеттетілді

ҚР БҒМ бұйрығына сәйкес, 2020 жылғы ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Тестке қатысуға жалпы 131 754 өтініш түскен.

«Кеше ҰБТ еліміз бойынша 161 пунктің 51-інде өткізілді. Оның 44-і ауылдық жерлерде өтті. Бірінші күні барлығы 6512 тестіленуші қатысу қажет еді, алайда, нақты тестіленушілердің саны 6186 болды. Алғашқы күнде тест ережелерін бұзған 164 түлек анықталды», - деді Н. Дидарбекова.

Бірінші күнгі ең жоғары ұпай – 138 болды

Бірінші күнгі ең жоғары ұпайды Түркістан облысы, Ордабасы ауданының түлегі алды. Жинағаны – 138 балл. Алайда, ол түлектің тест тапсыру кезіндегі бейнежазбасы қаралатын болады. Талап-ережелер бұзылмаған жағдайда түлектің балы расталады.

БҒМ өкілінің мәліметінше, еліміздің барлық аймақтарындағы тест тапсыру пунктерінде санитарлық нормалар қатаң сақталды. ҰБТ өткізу орындарында күшейтілген медициналық-санитарлық шаралар арқасында жоғары температурамен анықталған 2 тестіленуші тест тапсыруға кіргізілмеді. Олар басқа күндері бөлек аудиторияда тест тапсыратын болады.

«Карантин ережелерін сақтау мақсатында елімізде адамдардың жаппай жиналуына тыйым салынған еді. Ата-аналардың пунктер айналасына топтасып, жиналып тест нәтижесін күтуіне тыйым салынды. Талаптарды елемеу – ата-аналар мен түлектердің денсаулығына қосымша тәуекелдер тудыратындықтан алдын-ала барлық ата-аналардан кешірім сұрап, түсіністік танытуға шақырамын», деп сөзін толықтырды Н. Дидарбекова.

ҰБТ ережесін бұзған 164 түлек тесттен шеттетілді

Р Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова ҰБТ-ның алғашқы күнінде-ақ ереже бұзған 164 түлек тестке қатыстырылмады.

«Биыл тесттегі ерекшеліктердің бірі тест тапсыру пунктіне кіру барысында тыйым салынған заттар, соның ішінде: смартфондар, жазба қағаздар, құлаққаптар табылған жағдайда, тестіленушінің емтиханнан шеттетілуі. Алғашқы күнде-ақ жүзден астам түлек – тестке кіргізілмеді. Атап айтқанда, ереже бұзған 73 тестіленуші ҰБТ-ға жіберілмеді. 91 тестіленуші аудиториядан шығарылды. Тесттен шеттетілген тестіленушілердің жалпы саны – 164. Ал 2019 жылы барлық тестілеу мерзімінде ҰБТ өткізу ережесін бұзған 24 түлек тесте қатыстырылмаған болатын», - деді биылғы қатаңдық туралы баяндаған Наужан Дидарбекова.

ҰБТ өткізу процесін қадағалауға бмыл 2500-ден аса БҒМ өкілі тартылған. Сондықтан, тестілеудің ашық және әділ өткізілуін қамтамасыз етіліп, 518 Арнайы мониторингтік топтың өкілдері атсалысқан.

Наужан Дидарбекованың айтуынша, бұл тәжірибе өзінің оң нәтижесін беріп, олардың нәтижелері жойылып, ағымдағы жылы тестілеуге қатысу мүмкіндігінен айырылды. 

«Сонымен, бірінші күнінің қорытындысы бойынша шектік балды жинағандардың саны 4222 болды. Бұл барлық қатысушылардың 68,3 пайызы. Ал, шектік балды жинай алмағандар – 1964, бұл 31,7%. Сондай-ақ, 39 түлек 130 балдан жоғары жинады», – деді Дидарбекова.

ҚР БҒМ ҰБТ-ның бейнежазбасын 25 тамызға дейін талдайды

ҰБТ өтетін ғимарат аумағын құқық қорғау органдарының қызметкерлері күзетеді. Бірінші күні 8067 түлек қазақ тілінде тест тапсырса, 1940 түлек орыс тілінде тест тапсырды.

Алайда 2020 жылғы ҰБТ қорытындысының нақты нәтижесі тамыз айында белгілі болады. Ережеге сәйкес, барлық бейнежазбалар 25 тамызға дейін талданады. Тыйым салынған фактілер анықталса, тестіленушілердің балдары жойылады. Ол білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері де әсер етеді. Яғни, түлек гранттан айырылады.

 

 

 


Барлық жаңалықтар