• Басты
  • Браконьерлермен күрес: Қандай жаза тағайындалады

Браконьерлермен күрес: Қандай жаза тағайындалады

6 Қазан, 2021 13:10

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев бақылау-инспекциялық қызмет бойынша және браконьерлікпен күрес жөніндегі шараларды күшейту туралы айтып берді. Оның сөзінше, броконьерлермен күрес шаралары күшейтіледі. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Комитет төрағасының мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанның фаунасы 835 түрден тұрады, оның ішінде:

-        сүтқөректілердің - 178 түрі

-        құстың - 489 түрі

-        қосмекенділердің - 12 түрі

-        су жануарларының - 104 түрі

Оның сөзінше, оларды күзетуді табиғат қорғау ұйымдарының инспекторлары жүзеге асырады. 

«Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелері 2021 жылғы 9 ай ішінде 1746 рейдтік іс-шара және 441 тексеру жүргізді, нәтижесінде 820 табиғат қорғау заңнамасын бұзушылық анықталды. Аталған заң бұзушылықтар бойынша 768 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 8 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде 6 млн. теңгеден астам сома өндірілді», - деді Данияр Тұрғамбаев.

Сонымен қоса, ол ақбөкендерге ерекше назар аударып, оларды тұрақты қорғаудың арқасында олардың саны 842 мыңға жеткенін атап өтті.   Оның сөзінше, жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін, оның ішінде киіктерді қорғауды «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК мекемесі жүргізеді. Онда 430 инспектор және жүріп өту мүмкіндігі жоғары 152 бірлік жол талғамайтын автокөлік құралдары жұмылдырылған.

«Қайғылы оқиғаларға байланысты Мемлекет басшысы браконьерлікпен күрес бойынша түбегейлі және кейінге қалдыруға болмайтын шараларды қабылдауға тапсырма берді. Мәселен, 2020 жылғы қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңымен санкцияларды қатаңдату бөлігінде 335 және 337-баптарға түзетулер күшіне енді, яғни қылмыстық теріс қылықтар қылмысқа көшті, сондай-ақ 337-бапқа 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру санкциясымен жаңа 6 бөлім енгізілді», - деді комитет төрағасының орынбасары.

Оның дерегінше, 339-бапқа киікті, оның бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде киік мүйіздерін заңсыз алуды, сатып алуды, сақтауды, өткізуді, әкелуді, әкетуді, жөнелтуді, тасымалдауды немесе жоюды көздейтін 1-1-бөлік енгізіліп, ол үшін санкция 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеуді не айыруды көздейді, мүлкі тәркіленетін болады.

«380-1-бапта жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі қорықшының өміріне қолсұғушылық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген», - деді Данияр Тұрғамбаев.

Сондай-ақ, ол жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі және қорықшыға қатысты күш қолданғаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын қылмыстық жауаптылықты көздейтін жаңа 380-2-бап енгізілгенін атап өтті. 

«Браконьерлікті анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты күшейту мақсатында жыл сайын біздің министрліктің, ІІМ мен ҰҚК-нің бірлескен бұйрығымен көктемгі және қысқы кезеңдерде кең ауқымды «Киік» табиғат қорғау акциясын өткізу жоспарлары бекітіледі», - деді ол.

Оның айтуынша, осы акцияны іске асыру шеңберінде алдын алу іс-шаралары жандандырылды, киіктердің браконьерлігіне, олардың дериваттарын, сондай-ақ Қазақстан аумағындағы жабайы фаунаның басқа да түрлерін өткізуге және сатып алуға маманданған бірқатар қылмыстық топтардың жолы кесілді. Жыл басынан бері инспекторлар киіктерге браконьерліктің 56 фактісі анықталып, 4077 мүйіз және 141 киіктің ұшасын тәркіленген.

«Негізгі бағыттарының бірі жануарлар дүниесін қорғау процесін цифрландыру болып табылатын 2020-2025 жылдар кезеңіне арналған «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК дамыту тұжырымдамасы әзірленуде. Жануарлар дүниесін қорғау, есепке алу және мониторинг тетіктерін, оның ішінде пилотсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, қайта қарау, GPS-трекерлерді пайдалану, инспекторларды төске тағатын бейнеожетондармен жарақтандыру жоспарлануда», - деді ол.

Сонымен бірге, комитет төрағасының орынбасары Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі мен Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі арасында киіктің трансшекаралық таралымдарын қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөнінде келісімге қол қойылатын атап өтті. Сондай-ақ, ҚР БҒМ «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК-мен биоалуантүрлілікті сақтау үшін Қазақстанның сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерінің биобанкін құру мәселесі пысықталып жатқанын тілге тиек етті.

Барлық жаңалықтар