• Басты
  • «Бопай ханым» спектаклі көрерменге жол тартты

«Бопай ханым» спектаклі көрерменге жол тартты

16 Мамыр, 2021 16:55

Елордада ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық–драма театры тұңғыш рет «Бопай ханым» тарихи трагедиясы сахналанды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Бопай ханым – Әбілқайыр ханның зайыбы, қиын күндерде ел тыныштығы мен бірлігі үшін пенде басындағы қайғыны да, ауыртпалық пен алауыздықты жеңе білген көреген қазақ әйелі. Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық–драма театрының директоры, «Құрмет» орденінің иегері Ернар Жұматаевтың сөзінше, «Бопай ханым» театрдың жаңа ғимаратқа көшкелі бері қойылған екінші премьерасы.

«Бүгінгі қасиетті жұмада театрымызда тарихи сәт орын алғалы отыр. Көптен күткен жаңа ғимаратқа қол жеткізіп, үлкен-үлкен шығармаларды қоя бастадық. Бұл өнер жанашырларына көрсетілген құрмет деп білеміз. Пандемияның салдыранан әлем бойынша түрлі мәдени ошақтар, рухани орталықтар жабылып жатқан кезде біз осындай үлкен ғимаратқа ие болып жатқанымыз да үлкен жетістіктердің бірі деп ойлаймын. Ғимаратқа келгенімізге 6 айдай уақыт болды. Бүгін көрерменге жол тартатын «Бопай ханым» қойылымы екінші премьерамыз. Алғашқы премьерамыз - «Құнанбай» болды», - деді мекеме басшысы.


Сонымен бірге, Ернар Жұматаев «Бопай ханым» қойылымының өзгеше, жанры мен стилистикасы жағынан ешқандай қойылымға ұқсамайтынын тілге тиек етіп, драма авторы белгілі жазушы Роза Мұқанованың аталмыш қойылымды тетарға сыға тарту еткенін атап өтті. Мекеме басшысы Роза Мұқанованың шығармашылығын халық жақсы көретінін айтып, бұл шығарма да көрермен тарапынан жақсы қабыланатынына сенім білдірді.

«Бүгінгі қойылымның өз орны, жанры, ешкімге ұқсамайтын стилистикасы бар. Белгілі жазушы-драматург Роза Мұқанова апамыз Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен театрымыздың 30 жылдығы қарсаңында өзінің «Бопай ханым» туындысын тарту етті. Роза апайға ұжым атынан алғысымызды білдіреміз. Театрларда сіздің шығармаларыңызға деген сұраныс жоғары екенін жақсы білеміз. Сіздің туындыларыңызды көргісі келеді көпшілік. «Бопай ханым» секілді тарихи ірі туындыңызды бізге сыйлағаныңыз үшін тағы алғыс!», - деді театр директоры.

Өз кезегінде «Бопай ханым» туындысының авторы, жазушы-драматург, «Абай» атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи тұлғалардың әдеби образын жасау керек деген сөзі қаламгерлерге шабыт сыйлағанын тілге тиек етті.


«Бопай ханым» - үлкен жоба, шығармаңның осындай әлемдік деңгейдегі үлкен ғимаратта қойылуы, Қуанышбаев театрының әртістерімен, шетелден оқу бітіріп келген жас режиссер Жұлдызбекпен жұмыс істеу маған қуаныш сыйлады. Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былай деген еді: «Қазақтың тарихын өзге ұлт жасап бермейді. Біздің жабулы жатқан тарихымыз ашылуы керек. Енді тарихи тұлғаларамыздың тарихи деректерін, құпиясын, ерлітерін жазумен тарихшылар айналысуы керек. Ал, қаламгерлер үлкен тарихи-әдеби шығармаларды әкелумен жұмыстануы қажет». Президенттің бұл сөзі қаламгерлерге даңғыл жол ашты деп ойлаймын.

Сонымен қоса, туынды авторы осынау тарихи трагедияны сәтті алып шыққан театр ұжымына ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Өйткені, оның сөзіне сүйенсек, оның машақаты да, жұмсалған қаржысы да аз болмаған.

«Тарихи тұлға, өз дәуірінің қаһарманы, Әбілқайыр ханның тек жары емес, серіктесі, қолына найза ұстап, бірге ат үстінде жүрген қазақтың батыр қызы, Нұрәлі, Ералы, Айшуақ хандардың анасы – Бәтимә. Осы Бопай ханымның бүгінгі және келешек ұрпаққа әдеби образын тарту еттік. Театр басшылығына, ұжымына қаламгер ретінде алғысымды айтамын. Бұл ауқымды жоба болғандықтан, оның шығыны да шаш етектен. Арнайы режиссер мен суретшілерді, костюмдерді тігуге шеберлерді шақырып, көп еңбек пен қажыр-қайрат жұмсалған көлемді жоба. Бұл шығарма Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнаған тартуы деп ойлаймын. Ол мереке қазақ үшін той. Бұдан артық, киелі той жоқ қазақ халқы үшін», - деді Роза Мұқанова.

Сонымен қатар, автор Әбілқайыр ханның терең зерттелгенін, алайда Бопай ханым туралы деректердің аз екенін атап өтті. Оның айтуынша, пьесада Әбілқайыр хан қаза тапқаннан кейінгі кезең суреттеледі, яғни Нұралы ханның билікке келуі, патшайыммен арадағы келіссөздер және Барақ сұлтанның өлімі секілді оқиғалар қамтылған.

mg_4250_J0I56Um.jpg

«Әбілқайыр хан тарихи тұлға болғандықтан, терең зерттелді. Біз тәуелсіздік алғаннан кейін біздің тарихшылар одан терең зерттеуге назар аударды. Әбілқайыр хан айтылған жерде Бопай ханым да айтылады. Бопай ханымның жеке басына қатысты тарихи деректер көп емес. Ол Әбілқайыр ханның ханымы, серіктесі, хан өмірден өткеннен кейінгі қазақ хандығының күйреу алдындағы кезеңінде өмір сүрген тұлға, Әбілқайыр ханның артына тастап кеткен аманаты. Осы жайттар төңірегіндегі оның күрескерлігі, Нұрәлі хан болатын кезең суреттеледі», - ол.

Роза Мұқанованың сөзінше, Бопай ханым жайлы деректердің аздығына байланысты Бопайдың образы – жинақталған образ болып отыр.

«Бұл қиын кезеңдердің бірі еді, анталап тұрған жаумен күресі, ханның ханымы ғана емес, саяси қайраткерлігі, ана ретіндегі арманы, қазақтың тарихы, болашағы, осының бәрін қамтуға тура келді. Бірақ Бопай ханым – жинақталған образ. Белгілі бір дерекке ғана сүйеніп, соның айналасында образ жасау мүмкін емес. Біздің сол кезеңдегі аналарымыздың образы деп қарауға болады», - деді автор.

Ал, «Бопай ханым» спектаклінің режиссері Жұлдызбек Жұманбай өз кезегінде Бопай ханым бұрын-соңды жасалмаған образ болғандықтан, оны көрерменге ұсыну оңай болмағанын жеткізді. Сонымен қоса, ол осындай ірі тұлғаны дарматургияға алып келгені үшін алғыс білдірді.


«Сценарийді оқып шыққаннан кейін, оны қою, көрерменге ұсыну оңай болған жоқ. Себебі, Бопай ханым бұрын соңды сахнағана шықпаған образ, кейіпкер. Тұңғыш рет қазақ театры сахнасында қойылғалы отыр. Бұған дейін Әбілқайырдың жанында жүрген жары ретінде көрініс тапқан болса, қойылымда саяси қайраткер ретінде ашылады. Әдебеиетке осындай үлкен тұлғаны алып келген Роза Мұқанова апамызға алғыс. Қазақ ұлтына керек дүние. Бопай ханымның саясаткерлігі, қайраткерлігі, ел басқарудағы кемеңгерлігі туралы қойылымнан көре аласыздар», - деді Жұлдызбек Жұманбай.

Оның сөзінше, аталмыш спектакльге театрдың 60-қа жуық әртісі тартылған.

Бұдан бөлек, шара барысында «Бопай ханым» қойылымында басты рөлді сомдайтын Лейло Ақназарқызының сахна және кинодағы 40 жылдық шығармашылығын қамтитын «Жұлдызым менің жоғары» кітабының тұсаукесері өтті. Айта өтейік, бұл кітап көрнекті театр және кино артисі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасы жастар сыйлығының лауреаты, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің прфессоры Лейло Бекназар-Ханинганың сахна және киноадағы 40 жылдық шығармашылық жолын қамтиды. Өнер иесінің сыры, туған жері, өскен ортасы, жастық шағы, студенттік өмірі, театрдағы жарты ғасырға жуық қызметі, кинодағы кезеңдері, серіктестері, отбасы, актер әлеміне сапар шектіретін естелік суреттер, сахна шеберінің өнер жолында бірге жүрген әріптестерінің, тетар қайраткерлерінің, ұстаздарының, замандастарының, шәкірттерінің естеліктері енгізілген.


Аталмыш театрдың «Әдебиет бөлімінің» меңгерушісі, театртанушы Мирас Әбіл кітаптың атауына тоқталып өтті. Оның айтуынша, кітаптың аты да белгілі бір деңгейде актрисаның сахнадағы жолымен байланысты.


«Кітаптың атын «Жұлдызым менің жоғары» деп қойған себебіміз - Лейло Ақназарқызын театр сахнасында танымал еткен Софы Сматаевтың «Жұлдызым менің жоғары» қойылымындағы образы. Сондықтан, бірінші кезекте спектакльдің атымен үндесіп тұрса, еікіншіден актрисанының өнер жолы да жұлдызы жоғары екенінің бір дәлелі. Лейло апаймен келісе отырып, осындай шешімге келдік», - деді ол.

Сонымен қатар, Мирас Әбіл кітаптың мазмұнына, бөлімдері жөнінде де сөз қозғады.

«Алғашқы бөлім «Жұлдызым менің жоғары» менің жазған портреттік және сұхбат форматындағы актрисаның образ, актерлық, достық, махаббат, жалпы адам баласының тұлға ретінде болмысын ашатын жан дүниесі туралы жазылған ойлары берілген. Екінші «Жылдар және жолдар» деген бөлімде «Замандастар толғамы», «Сахналастар сыры» атты бөлімдерде актриса туралы автопротреттер, пікірлер енгізілді», - деп толықтырды театртанушы Мирас Әбіл.

Бұдан басқа, «Бопай ханым» қойылымында басты рөлді сомдайтын Лейло Ақназарқызының шығармашылығына арналған «Жұлдызым менің жоғары» кітабының құрастырушысы Аида Қапаева кітаптың бөлімдеріне толығырақ тоқталды.


«Бұл Лейло Ақназарқызының 40 жылдық шығармашылығына арналған. Оның бәрін осы кітапқа сыйғызуға тырыстық. Бұл екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде, Мирас айтып өткендей, Лейло Ақназарқызы өзінің отбасы, карьерасы, бақыт, махаббат, достық туралы, жалпы өзінің көрермендері нені білуі тиіс деп ойлады, сол дүниенің бәрін кітапта айтуға тырысты. Соны Мирас бір қалыппен жазып шықты. Екінші бөлімінде Лейло апайдың замандастары, сахнада бірге жүрмесе де, дрматургтер, журналистер, режисерлер, продюсерлердің пікірілері жазылған», - деді Аида Қапаева.

Айта кетейік, Әбiлқайыр хан рөлiн бiрiншi құрамда Ержан Нұрымбет, екiншi құрамда Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Сырым Қашқабаев, Нұрәлi ханды Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Жанат Оспанов, Барақ сұлтан рөлiн Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерлерi Қуандық Қыстықбай мен Жанқалдыбек Төленбаев сомдайды.

Жұмбақ рөлiн бiрiншi құрамда Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Нұркен Өтеуiл, екiншi құрамда актер Асылбек Қапаев, Неплюев рөлiн Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Ақыш Омар мен Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Мейрам Қайсанов сомдайды. Премьераның екiншi күнi Бопай бейнесiн сахнада Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Сая Тоқманғалиева сомдайды. Сонымен қатар, спектакльде Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Айнұр Бермұхамбетова, Жастар Одағы сыйлығының иегерi Ботагөз Мақсұтова, Бақытгүл Батырханова, Арай Омарова, Ақмарал Танабаева және театрдың жас артистерi Бәзiл Сұлтанғазы, Ерсiн Айтмұқаш, Ұлжан Оразаева, Ерғұлан Жанпейiсов, Әнуар Бектас, Қайыржан Садықов, Ақжол Мамыр тарихи кейiпкерлердiң бейнесiнде көрiнедi. 

Фото: Мақсат Рысбеков

Барлық жаңалықтар