• Басты
  • Бизнестегі оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдануға арналған мүмкіндіктер кеңеюде
5 Желтоқсан, 2019 18:07

Бизнестегі оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдануға арналған мүмкіндіктер кеңеюде


Сенат отырысында заңнамаға оңалту және банкроттық рәсімдерін, бюджет, салық заңнамасын және теміржол көлігі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер бірінші оқылымда қаралды. 
 Бизнестегі оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдануға арналған мүмкіндіктер кеңеюде

Заң жобасын Сенатта премьер-министрдің бірінші орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смайылов таныстырды.

Қаралып отырған заң жобасымен еліміздегі 21 заңнамалық актіге, оның ішінде 10 кодекс пен 11 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Сенатор Нұрлан Қылышбаев өз баяндамасында заң жобасы оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдануда бизнеске арналған мүмкіндіктерді кеңейтуге, олардың мерзімдері мен шығындарын қысқартуға бағытталғанын атап өтті.

«Жоқ борышкерлерді жоюмен қатар уәкілетті органға, ұзақ уақыт бойы мүлкі болмаған, қызметін жүзеге асырмаған, ал кредиторлық берешек сомасы 2500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын әрекетсіз борышкерлерді оңайлатылған тәртіппен жою міндеті ауыстырылды», - деп түсіндірді сенатор.

Жобаның тұжырымдамалық негізгі бағыттарына: оңалту және банкроттық рәсімдерін бастау тәртібін қайта қарау; оңалтуды қолдану және банкрот деп тану тәртібін қайта қарау; уақытша басқарушыны немесе уақытша әкімшіні тағайындау тәртібін қайта қарау; әдейі банкроттық және жалған банкроттық үшін қағидаларды қайта қарау; магистральдық теміржол желісін және теміржол көлігінің жылжымалы құрамын дамыту мақсатында шығарылған тасымалдаушының облигациялары бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тәртібін белгілеу; бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлағаны және тиімсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейту жатады.

Заң жобасында сондай-ақ Салық кодексіне де түзетулер көзделіп отыр, оған сәйкес микро және шағын бизнес субъектілері үш жыл мерзімге табыс салығын төлеуден босатылады. Бұл түзетулер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында енгізіліп отыр.

Жан-жақты талқылаудан кейін сенаторлар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Отырыс соңында бір топ сенаторлардың 2019 жылғы 8 қарашада жарияланған депутаттық сауалына еліміздің білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің ауызша жауабы тыңдалды.

Онда сенаторлар Тараз және Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеттерінің аймақтық университеттерге қосылуы туралы үкімет қаулысына сын пікір айтқан болатын. Бұл шешім Ұстаздар күнінен кейін бір аптадан кейін және Парламентте «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң жобасының тұсаукесері қарсаңында қабылданған еді.

Депутаттар сауалында осы қаулының күшін жоюды, оның бастамашыларын жазалауды, жүйке күйзелісі үшін педагогтардан кешірім сұрауды, мектепке дейінгі, орта және арнайы орта білім беру мәселелерімен айналысатын Білім беру министрлігін қалпына келтірудің орындылығы туралы мәселені қарастыруды өтінді, сондай-ақ білім және ғылым министрі орынбасарының плагитатына қатысты мәселені көтерді.

Депутаттар Н.Қылышбаев, М.Көбенов, Ә.Құртаев, Н.Жүсіп, Д.Нөкетаева қызу пікірсайыс барысында білім және ғылым саласын жетілдіру жөніндегі өздерінің сын ескертпелері мен ұсыныстарын айтты. 

Регламентке сәйкес, министрдің ауызша жауабы сенаторлардың назарына алынды.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды