• Басты
  • Бізге қосыл - ерікті бол: Елордалық жастар қоғамдық ұйымдарға көмектеседі
29 Қаңтар, 2020 19:44

Бізге қосыл - ерікті бол: Елордалық жастар қоғамдық ұйымдарға көмектеседі

Елордада үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен жоғары оқуы орындары және колледж студенттерінің қатысуымен "Бізге қосыл - ерікті бол!" атты дөңгелек үстел өтті. Еріктілер жылы аясында өткен жиында түрлі қоғамдық ұйым өкілдері студент жастарды еліміздегі әлеуметтік мәселелерге, атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектесуге, сал дертіне шалдыққан балалардың ата-аналарына жәрдем беруге, сондай-ақ шала туған сәбилерді аман алып қалу үшін жүннен тоқылған киімдерді тоқуға ерікті түрде ат салысуға шақырды. 

Бізге қосыл - ерікті бол: Елордалық жастар қоғамдық ұйымдарға көмектеседі

Елордадағы Ұлттық музейдегі музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ғылыми қызметкері әрі ұйымдастырушысы Айгүл Кемеңгерова шараның мақсатына тоқталып өтті. Оның айтуынша, мұндай шараларды жиі өткізудің маңызы зор.

"Шараның мақсаты - еріктілер қозғалысының тәрбиелік, адамгершілік, патриоттық маңыздылығын насихаттау, қоғамның маңызды бөлігін құрайтын жастардың басын біріктіру. Сондай-ақ жастар үшін басты түйткілдің бірі - алатын білімдерін шыңдай түсуге үлкен мүмкіндік беретін ұлттық мұрамыздың қара шаңырағы  - Ұлттық музейге жастарды тарту. Жалпы адам ерікті түрде кез келген жасында көпшілікке көмектесіп, пайдалы іс атқарып, әртүрлі іспен шұғылдануына болады. "Еріктілер" ұғымын заманауи тұрғыдан алып қарасақ, адамның өз еркімен қайырымдылық іс атқаруы. Қоғамға әлеуметтік көмек көрсетіп, белгілі бір мақсат үшін ақысыз еңбек ету. Жастарға бұл ұғымның мазмұнын түсіндіріп, насихаттауды мақсат етіп отырмыз", - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ аталған жиынға "Жаса Отан" Жастар қанатының, "Астана Жастары" жастар ұйымының, "Қасиетті жол" оңалту орталығының, "28 петель"клубының, есту мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қолдайтын "Тілсіз әлем" ұйымының өкілдері мен оқу орындарының студенттері қатысып, еріктілер қозғалысының тәрбиелік, адамгершілік, патриоттық маңызы туралы сөз қозғады. 

TEMA4782.jpg

Жиын барысында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жастарды, студенттерді бірқатар әлеуметтік мәселеге назар аударуға шақырды. Соның бірі  "28 петель" қоғамдық ұйымының өкілі Дамираш Ордашева аталмыш ұйымның жұмысымен таныстырып, студент-жастарды шала туған сәбилерге киім тоқуда жәрдем берулерін сұрады.

"Осы "28 петель" қоғамдық ұйымының негізін қалаушы Карла Нұр 19 жасында елордадағы бір емханаға фоторепортаж жасау үшін келеді. Ол емханада шала туылған сәбидің аяғындағы тоқылған нәскиді байқап қалады. 100 пайыз жүннен тоқылған киім шала туылған балаларды ұйықтатпайды. Олар ұйықтамаған кезде демалып жатады екен. Оны естіген Карла Нұр достарын, қолынан тоқу келетін апаларды жинап, дәрігерлерге көмек беру мақсатында осы ұйымды құрған. Бұған дейін дәрігерлер тапсырыс арқылы үлкен апаларға тоқытып келген екен. Құрылғалы бері оны біздің ұйым қолға алып келеді. Бізге жастар да келеді, үлкендер де келеді. Мен ұйымның атынан ерікті жастарды кішкентай сәбилердің демалуына көмектесуді сұраймын", - деді ол. 

TEMA4827.jpg

Сонымен қатар оның сөзіне сүйенсек, бүгінгі күні әлемнің 8 елінде осындай бірнеше тоқыма клубы бар екен. Олар тоқылған киім және жамылғылармен шала туылған сәбилерді қамтамасыз етіп келеді. 

Сондай-ақ аталмыш қоғамдық ұйымның тағы бір өкілі Светлана клубтың атауына тоқталып өтті.

"Сәбилердің киімі және жамылғысы таза жүннен тоқылады. Себебі таза жүн сәбилердің денесіне ешқандай аллергия бермейді. Атап өткенімдей, жылы жерде жатқан сәби ұйықтап кетеді де, демалуды ұмытып кетеді. Ал жүн ұйықтауға мүмкіндік бермейді.  Сондай-ақ "28 петель" деп аталу себебі 28 аймен байланысты. Шала туылған сәбилер көп жағдайда 7 айлығында дүниеге келеді. 7 ай дегеніміз 28 апта. Біз тек сәбилерге арналған киім ғана емес, түрлі ойыншықтар және жамылғылар да тоқимыз", - деп аяқтады ол сөзін.

TEMA4795.jpg

Ал жиынға қатысқан "Тілсіз әлем" есту мүкісі бар адамдарды қолдау қоғамдық қорының негізін қалаушы Мария Төлепбергенова аталмыш қордың жұмысы туралы айтып берді. Оның айтуы бойынша, ұйым мүшелері қолөнермен, тігіншілікпен айналысады. 

"Мен мүмкіндігі шектеулі (құлағының мүкісі бар) жандар үшін шығармашылық шеберхананың негізін қаладым. Бұл шеберхана құлағының мүкісі бар адамдарды тігіншілікке, қолөнер бұйымдарын жасауға баулиды. Мұнда оларға өздерін жетілдіруге мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта олар түрлі кәдесыйлар жасайды. Мен басынан бастап бұл істі базарға айналдырмай, кәдесыйларды шын жүректен сапалы етіп адамдарға арнап жасау керек деп айтқанмын. Олар бұл істі бар жан-тәнімен жасайды", - деді қор басшысы. 

TEMA4826.jpg

Сонымен қатар ол студент жастарды құлағының мүкісі бар ата-аналардың балаларына көмек қолын созуға шақырды. Өйткені, оның айтуынша, олардан дені сау бала дүнеге келеді, ал мүмкіндігі шектеулі ата-ананың балалармен сөйлесуге, тілдесуге мүмкіндігі жоқ.

"Бізге ерікті жастардан қандай көмек керек деген сауалға тоқталсам, құлағының мүкісі бар жандардан туылған балаларға репититорлық қызмет көрсететін жастар керек. Ондай ата-анадан дені сау балалар дүниеге келген. Балалары көп емес, екеуден аспайды. Біздің ұйымдағы сондай ата-аналар балаларына жаңа нәрсе үйреткісі, оқытқысы келеді. Алайда балаларымен қалай сөйлесу қажеттігін білмейді. Сол себепті жоғары оқу орындарының, колледждердің студенттерінің назарын осы мәселеге аударғым келеді. Құлағы естімейтін ата-ананың балаларына репетитор ретінде көмек берсе екен деген тілегім бар", - деді ол.

Сондай-ақ шараға қатысқан "Қасиетті жол" оңалту орталығының психологы Шолпан Абилова атамыш орталықтың жұмысымен таныстырып, бала денсаулығының жақсарып, көңіл-күйінің көтеріңкі болуы үшін ата-ана физикалық жағынан да, психологиялық тұрғыда да сау болуы қажет екендігін баса айтты.

TEMA4807.jpg

"Елордада 2016 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. Биылдан бастап ай сайын сал дертіне шалдыққан 50 баланы қабылдаймыз. Кезек күті арқылы квотамен келіп емделеді. Қазір балалар көбеюіне байланысты, кезек те артып жатыр. Біз сол балалардың емдумен, оқытумен, үйретумен айналысамыз.  Бізге балаларға көмек қажет емес, себебі орталығымыздағы қызметкерлер саны жеткілікті. Бізге келетін ата-аналарға көмек керек. Біз психолог маман ретінде ата-аналармен сөйлесеміз. Сол кезде ата-аналардың өздерінің денсаулығына мән бермейтінін байқаймыз. Баланың дені сау болуы үшін біріншіден атан-ананың дені сау болуы қажет", - деді орталық психологы. 

Осылайша ол еріктілерді, студент жастарды ата-анаға жәрдем беруге шақырды. Оның айтуынша, күніне бір-екі сағат жеткілікті. Себебі күні бойы баланың жанында отырған ата-анада өзіне қарауға уақыт жоқ. Олардың базарға барып келуіне, не болмаса дәріханаға барып дәрі алып келуіне жағдай жасалса деген тілегі барын жеткізді.

Кеш соңында жиынға қатысқан жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер бірауыздан жоғарыда аталған үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейтінін, көмек беруге дайын екендіктерін айтты. 

Назерке Сүйіндік

Сурет: Артем Чурсинов

Барлық жаңалықтар
18.213.192.104, 192.168.88.100