• Басты
  • Бізге бейбітшілік керек – Ғ.Есім
10 Ақпан, 2020 17:49

Бізге бейбітшілік керек – Ғ.Есім

Бізге бейбітшілік керек. Бұл туралы Қордайда болған оқиғаға қатысты ғалым, философия ғылымдарының докторы Ғарифола Есім Strategy2050.kz ақпарат агенттігіне берген пікірінде айтты.
Бізге бейбітшілік керек – Ғ.Есім
«10 адамның қаза болуы, 14 адамның жан сақтау бөліміне түсуі деген сөз бұл өте ауыр оқиға. Мұндай оқиғаның бұрын-соңды қашан болғаны есімде жоқ. Айдың, күннің аманында неге осылай болды? Президентіміз дұрыс айтты, бұл мемлекеттік орган өкілдері жұмысының салғырттығы. Осындай жағдайлардың болатынын біліп отырмаса, мемлекеттік органдар не үшін ақша алып отыр. Жергілікті жердің әкімі бар, облыс әкімі бар. Осындай нәрселерді ойлау керек қой. Бұл сіріңке сияқты дүние ғой. Ол сіріңкені тұтатып, лақтырып жіберуге болмайды. Ол лақтырылған болса, барып өшіру керек. Бұл мемлекеттік органдарың өте тиімсіз жұмысы», - деді Ғ.Есім.

 Сондай-ақ, ол қазақ елі мәңгілік болуы үшін бай болуы керек екенін айтты.

«Бай, ауқатты болуы керек. Қазақ біреудің есігінде көп уақыт жүрді. Енді қазір біреудің есігі емес, өз елінің иесі. Қазір жастарда сондай сана бар. Иесі болғаннан кейін, ол адамдардың жұмысы болуы керек, атқаратын қызметі болуы керек. Жастар бос жүрмеуі керек. Жастардың арасында жұмыссыздық болмау керек. Көктемге дайындық кезінде осы адамдардың жұмыстары болып жатса, тығыз шаруалары болып жатса, біреуі бір жаққа шыға ала ма? Шыға алмайды. Яғни, біраз адамдардың қолы бос, жұмыссыздық бар деген сөз. Осының барлығын шешетін, реттейтін мемлекеттік жүйе қайда қарап отыр? 30 жасқа дейін бірде–бір жасты жұмыссыз қалдыруға болмайды. Жұмыс табу керек. 300 адам келіп, төбелеске араласып кетті деген сөз, соншама халықтың қолдары бос, наразы деген сөз. Осының барлығы әлеуметтік жағдайға тіреледі», - деді Ғ.Есім.

Сондай-ақ, Ғ.Есім қайтыс болған адамдардың отбасыларына қайғырып көңіл айтатынын жеткізді.

«Дүниеден өтіп кету деген ең ауыр мәселе. Бірақ, осы мәселенің барлығына кінәліні іздеген кезде осыны ұйымдастырған жастардан (оның ішінде де басшылар бар ғой енді) гөрі өзіміздің мемлекеттік жүйе адамдарының не істеп жүргенін, халықпен қандай жұмыс атқарып жүргенін мен түсінбеймін. Халықтың мұң-мұқтажын біліп, солармен бірге жүретін болса, кешегі қақтығыстың ішінде өздері «Қойыңдар!» деп жүрмей ме? Түні бойы халық төбелесіп жатыр, бұлар таңға жақын біліп отыр. Сондықтан, Президентіміз дұрыс айтты, халыққа жауапты мемлекеттік органдар. Мемлекеттік органдар өз жұмысына мүлдем салғырт қараған. Бұған жалғыз Қордайдағы оқиға деп қарауға болмайды. Егер осылай жалғаса беретін болса, Қазақстанымыз үлкен, жеріміз кең, неше түрлі ұлт өкілдері тұрады. Қазақтың жастары жұмыссыз болса, қараусыз болса, осындай жағдайлар болады. Бұл мәселе бізге үлкен сабақ болуы керек, алайда өте ауыр сабақ болды. Бұл сабақтың болғанынан болмағаны жақсы еді. Жас жігіттер кетіп қалды. Олар қаншалықты кінәлі болса да, өлімге татитын кінә ма, мәселе осында жатыр», - деді ол.

Сонымен қатар, ол оқиғаға жауапты адамдар жазаларын алулары тиіс екенін айтты.

«Болмайтын жағдайды болғызып отырған адамдар жауапқа тартылуы керек. Біздің елде бөлісетіндей ешқандай мәселе жоқ. Барлығымыз бір елдің азаматтарымыз. Бір елдің азаматы деген сөзді түсіну керек. Бізде тұратын барлық халықтар қазақ елін, тілін, тарихын құрметтеуі керек. Ал, қазақ ұлты арамызда тұрған этнос өкілдерін құрметтеуі керек. Барлығымыз бір шаңырақтың астында тұрып жатырмыз. Бір елдің азаматы болған соң, арада түсінбеушілік болмау керек. Ондай жағдай туса, оны қадағалайтын қызметтік органдар алдын алулары керек. Мұндай оқиғаның орын алуы сол жердегі органдардың әлсіздігі. Қазақ халқы кедей болмауы керек, ол елдің иесі болған соң, ауқатты, дәулетті болуы керек. Қазақ халқын кедейліктен алып шықпасақ, мұндай жағдайлар жиі қайталана береді. Сондықтан да, әл-ауқатты көтеріп, жұмыссыздық болмаудың алдын алу керек. Президент айтқандай, бұл мәселеге жауаптылар жауапқа тартылуы керек. Осыдан сабақ алуымыз керек, болдыртпау үшін жұмыс істеуіміз керек. Оны болдыртпау үшін не істеу керек? Оны біірлесіп ойлануымыз керек. Бізге бейбітшілік керек», - деді Ғ.Есім.

Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды