• Басты
  • Биыл Жамбыл облысындағы әлеуметтік көмектер мен оңалту құралдары портал арқылы берілмек

Биыл Жамбыл облысындағы әлеуметтік көмектер мен оңалту құралдары портал арқылы берілмек

25 Қаңтар, 2021 13:07

2021 жылы барлық әлеуметтiк көмек пен мен техникалық оңалту құралы портал арқылы берiлетiн болады. Бұл туралы бүгiн Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәжілісінде Жамбыл облысы әкiмдiгiнiң жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқарма басшысы Жорабек Баубеков айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Жорабек Баубековтың мәліметінше, 2021 жылдың басынан барлық әлеуметтiк көмектер мен техникалық оңалту құралдары портал арқылы қамтамасыз етiлмек. Биыл атаулы әлеуметтік көмекпен 95 430 адам қамтылады деп жоспарланған. Оларға барлығы 9952,4 млн теңге қаржы қаралған. Ал, АӘК алатын отбасылардағы 1-ден 6 жасқа дейiнгi 26 720 бала кепiлденген әлеуметтiк пакетпен қамтамасыз етiлетiн болады. Бұған жалпы 3087,7 млн теңге қарастырылған.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, Қазақстан Республикасы Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары туралы халықаралық конвенцияға қосылып, оларға көрсетілетін қызметтер халықаралық стандарттарға сай беріліп жатыр.

«Жалпы, Жамбыл облысында 46 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат бар. 2020 жылы бұл азаматтарды оңалту мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен жалпы 808 млн теңгедей қаражат бөлінді. Бұл қаражатқа тиісті оңалту құралдарымен 10 367 мүмкіндігі шектеулі азамат қамтамасыз етілді», - деді ол.

Басқарма басшысы былтыр жұмыс бойынша жақсы нәтиже көрсеттiк деп отыр. Мәселен мүмкiндiгi шектеулi азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 87 % құрап, республикада 3-шi орынға ие болған. Басқарма бұл жетiстiктi биыл да қайталауға ниеттi. Айта кету керек, бүгiнде облыс бойынша 45 787 мүгедек бар.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, аудандық және облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңгеден астам қаражатқа әлеуметтік көмек көрсетіліп отыр. Оның ішінде кейбірі жеке көмекші мамандармен де қамтылған. Бүгінге дейін облыстың 9 915 азаматына әлеуметтік көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, басқарма басшысы Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірдің әр ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды бейімдеу және оңалту орталықтарын ашу тапсырылғанын атап өтті. Қазіргі таңда Тараз қаласы мен облыстың 7 ауданында осындай орталықтар ашылған. Ал, Мойынқұм, Сарысу және Талас аудандарында жұмыс жалғасып жатыр.

«Биыл Талас ауданында орталықтың сметасы дайындалып жатыр. Биыл Қаратау қаласында 30 балаларға арналған бейімдеу және оңалту орталығы ашылатын болады», - деді Жорабек Баубеков.

Сонымен қоса, оның мәліметінше, мүмкіндігі шектеулі ерексектерді де қолдау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде Жамбыл облысында 60 төсек орындық ерексектерге арналған оңалту орталығы жұмыс істеуде. Қазір облыс басшысының шешіміне сәйкес, Төле би ауданында 30 орындық мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту және бейімдеу орталығын салу көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, басқарма басшысының сөзіне сенсек, мүмкіндігі шектеулі жандарды үкіметтік емес ұйымдар да қолдап отыр.

«Мұндай жұмыстарға үкіметтік емес ұйымдар да қатысып жатыр. Осыдан екі жыл бұрын үкіметтік емес ұйымдар 182 млн теңге бөліп, 1 103 азаматқа әлеуметтік қызмет көрсетілген болатын. Ал, есепті кезеңде үкіметтік емес ұйымдар тарапынан бөлінген 345, 9 млн теңге бөлініп, облыстағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар түрлі әлеуметтік қызметтерді қабылдап отыр», - деді басқарма басшысы.

Еске салайық, бүгiнде облыс бойынша АӘК алушы 9541 отбасы бар. Олардың барлығы ЭЦҚ-алған. АӘК алушылар арасында шиеленiстiң алдын алу үшiн, әлеуметтiк қызмет Порталына тапсырыс беру жұмыстары тұрақты бақылауға алынған.

Барлық жаңалықтар