• Басты
  • Биыл түлектер ҰБТ-ны қалай тапсырады

Биыл түлектер ҰБТ-ны қалай тапсырады

5 Сәуір, 2021 14:18

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігінің ҰБТ-ға жауапты өкілдері биылғы тестілеу науқанының қалай өтетіні туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Биыл Қазақстанда тұңғыш рет тестілеу электронды форматта өтеді.

БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, 2021 жылғы түлектер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Мемлекеттік грант алуға тестілеу сәуір, мамыр және маусым айларында өтеді. Егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, оның ҰБТ-ны екінші рет бірнеше күннен кейін немесе мамыр не маусым айларында тапсыру мүмкіндігі болады. Тестілеуге бір күнде 2 рет қатысуға болмайды.

 «Мемлекеттік білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін оқуға түсуші ең жақсы нәтижесі бар сертификатты ұсына алады. Бұл мүмкіндік үміткерлердің грант ұтып алу мүмкіндігін айтарлықтай арттыра түспек», - деді спикер. 

Компьютерлік ҰБТ-ның артықшылықтары

Компьютер арқылы тапсырылатын болғандықтан спикерлер ақпараттық қауіпсіздікке назар аударылатынын айтты.

Компьютерлік тестілеудің бірнеше артықшылықтары бар. Оған Әділет Тойбаев тоқталды. Біріншіден, академиялық адалдықтың сақталуы қамтамасыз етіледі.

«ҰБТ электрондық форматта «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Аудиторияда не болып жатқанын көрсететін камералардан басқа, тестіленуші отыратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Прокторинг пен бейнебақылаудың заманауи жүйесі және ҰБТ-да бөгде адамдарды болдырмау үшін Face ID цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады», - деді ол.

Электрондық ҰБТ нәтижелерін өңдеу барысында парақтағы ішінара боялған жауаптардың есептелмей қалуы сияқты техникалық қателердің болуы мүмкін емес. Компьютерлік тестілеудің ең басты артықшылығы да осында. Тестілеудің бұл форматында оқушылар жауап парағын толтыруға уақыт жұмсамай, бұл уақытты тест тапсырмаларын орындауға пайдалана алады. Компьютерлік тестілеудің тағы бір артықшылығы – ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Тестілеу қорытындысы бойынша  жиналған ұпай саны экранға шығарылады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады.  

ҰБТ нәтижелерімен келіспеген жағдайда талапкер келесі күнді күтпей-ақ апелляцияға өтініш бере алады.

Ереже бұзуға жол берілмейді

Тест тапсырушының ереже бұзуына жол берілмейді. Ережелердің сақталуын арнайы компьютерлік бағдарлама бақылайды. Бағдарлама тыйым салынған заттарды қолдану фактілерін автоматты түрде анықтайды.

«Егер ҰБТ тапсыру кезінде талапкердің смартфон, шпаргалка және т.б. тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады, тестіленушінің нәтижелері жойылады», - деп ескертті Тойбаев.

Тестілеу процесін қосымша ахуалдық орталық бақылайды. Сондай-ақ ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ҰБТ-ны өткізу рәсіміне Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Арнайы мониторингтік тобы мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері шақырылатын болады.

Сонымен қатар ҰБТ тапсыру кезінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Тестілеу процесі шифрлау элементтері бар арнайы жабық VPN желісі арқылы жүзеге асырылады.

Осының барлығы Академиялық адалдық қағидаттарының сақталуын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

«Оның үстіне дұрыс жауаптар коды авторизациялау жасаған кезде бөлінеді. Яғни кездейсоқ таңдау әдісін қолдану тест нұсқауларының бірдей болу ықтималдығын, сондай-ақ түсушілердің дұрыс жауап кодтарының сәйкес келу ықтималдығын болдырмайды», - дейді Әділет Тойбаев.

БҒМ өкілдері тестілеу кезінде барлық санитарлық-талаптардың сақталатынын айтты. Ғимаратқа кірген тест тапсырушылар, бақылаушылар, әкімгерлер маска режимін қатаң сақтайды. Сонымен қатар әлеуметтік ара-қашықтық сақталады. Әрбір тестіленуші дезинфекциялық тунельдерден өтеді және әр түлектің өзінің қоршалған орны болады.

Тест тапсыруға өтініш білдіру

Компьютерлік ҰБТ-ға өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz/ сайты арқылы беруге болады. Тіркеу онлайн режимде жүргізіледі, ешқандай құжат пен фотосуреттер талап етілмейді. Тест тапсырушы сайтқа кіріп, кез келген тестілеу пунктін, ҰБТ тапсыру күні мен өзіне ыңғайлы уақытты таңдайды.

«Егер бұрын талапкерлерге ҰБТ-да кітапшаның қағаз нұсқасы мен жауап парағы берілетін болса, енді үміткерлер тестілеуді компьютер арқылы тапсыратын болады. Электрондық тестілеу форматы ашықтықты қамтамасыз етіп, ыңғайлы әрі тиімді болып табылады», - деді ҚР БҒМ ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов.

ҰБТ тапсыру ережелері

ҰБТ-ны әдеттегідей 3 міндетті және 2 бейінді пән бойынша тапсырады. Қатысушыларға 120 тест тапсырмасы беріледі, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы бойынша – 20 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырмадан.

Тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады.

«Қатысушылар тапсырмаларды кез-келген пәннен бастай алады. Сондай-ақ тестілеу аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарды түзетуге болады. Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелері қолжетімді болады», - деп түсіндірді ҰБТ орталығының басшысы.

Сонымен бірге тестілеудің 60 минутынан кейін оқушыларға көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін екі минуттық үзіліс, 120 минуттан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі. 


Барлық жаңалықтар