• Басты
  • Биыл онлайн режимде құрбандық шалуға болады
24 Шілде, 2020 18:28

Биыл онлайн режимде құрбандық шалуға болады

ҚР Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚМДБ басшысы, еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы биылғы құрбандық шалуға қатысты бірқатар мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.
Биыл онлайн режимде құрбандық шалуға болады

2020 жылдың Құрбан айт уақыты 31 шілде мен 2 тамыз аралығына сәйкес келіп тұр. Індетке байланысты карантиндік шектеу шаралары жарияланғанына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбандық шалуда жаңашылдық тәсіл ұсынды. Басқарма онлайн режимде садақа беру мүмкіндіктерін қарастырыпты. Мәселен, qurban2020.kz арнайы сайтында құрбандық шалуға өтініш тастап, садақаны онлайн төлем арқылы жіберуге болады.

Бас мүфтидің айтуынша, ғаламтор арқылы құрбандық шалу, етті отбасыларға тарату үрдісі Түркияда, Малайзияда, Индонезияда, БАӘ және басқа да бірқатар мұсылман елдерінде бұрыннан қолданылады.

«Біздің бұл жоба алғаш рет жүзеге асады. Шағын техникалық ақаулар болуы мүмкін. Егер сондай жағдайға тап болсаңыздар, түсіністік танытуларыңызды сұраймын. Ниетімізде теріс пиғыл жоқ, мұнымен ақша табу көзделмейді, біз өз отандастарымызға қасиетті борышын орындауға мүмкіндік жасағымыз келеді. Мүмкін, онлайн-құрбандық келесі жылы да жалғасатын шығар»,- деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

 Әр өңірде құрбандық шалу орындары анықталды. Тәртіп пен қадағалауды санитарлық нормалардың орындалуы қатаң бақылауда болады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қадағалайды. Барлық қосымша анықтама мешіттер жанындағы арнайы ақпараттық орталықтарда ұсынылады.

 Бұл жолы құрбандыққа шалынған малдың еті толықтай мұқтаждарға беріледі. Бұрын малдың еті үш бөлікке бөлініп, құрбан шалушының туыстары мен отбасы мүшелеріне берілген.

 ҚМДБ наиб имамы Ершат Оңғаровтың айтуынша, сайт бірнеше бөлімнен тұрады. Ірі қара мал немесе түйені бір адам немесе жеті адам шалса болады. Ал ұсақ мал – бір. Бұл ретте, өтінім мәртебесін бақылауға болады, ал құрбандық шалу рәсімінен кейін WhatsApp арқылы фото және бейне есеп алуға болады. Жағдайы төмен отбасылар ет алуға өтінім бере алады. Егер өтінім берушінің шын мұқтаж екені анықталса, волонтерлер мекенжайына апарып береді.

 Брифинг барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қорының пандемия кезіндеге игі шаралары туралы айтылды. Қордың «Өмірге үміт сыйла» шарасы аясында мешітке келушілердің қаржысына 255 оттегі концентраторын сатып алынып, ауруханаларға үлестірілді. Сондай-ақ 200 мыңнан астам отбасы азық-түлікпен қамтылды. 42 мыңнан астам бетперде таратылды.

 Жалпы діни басқарма пандемия кезінде түсіндіру жұмыстарын күшейткен. Әсіресе онлайн режимде тікелей эфир арқылы уағыздар оқып, әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың сұрақтарына жауап берді. Басқарма сәуір айынан бері YouTube арқылы 1,5 мыңнан астам эфир өткізген.

Барлық жаңалықтар