• Басты
  • Биыл «Мерейлі отбасы» байқауы мен «Дарын» жастар сыйығын беру қалай ұйымдастырылады

Биыл «Мерейлі отбасы» байқауы мен «Дарын» жастар сыйығын беру қалай ұйымдастырылады

20 Мамыр, 2021 15:17

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының сұрақтары туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ляззат Сүлеймен, ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев жауап берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына ауылдық жерлерден қатысушылар көп

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен отбасылық құндылықтарды, неке институтын нығайту бойынша кешенді жұмыс жүргізудің өзектілігін, сондай-ақ отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының маңыздылығын атап өтті.

«Отбасы – мемлекеттің іргетасы, берік негізі. «XXI ғасырдың ортасында отбасылардың басым көпшілігі тыныштық пен молшылықта өмір сүретін ел ғана ең дамыған мемлекет қатарында болады» - деп Елбасымыз айтып өткендей отбасы институтын қолдау мен дамытуға мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетілуде», - деді ол.

Тәуеліздіктен кейін Қазақстанда отбасы саясатын дамыту саласында айтарлықтай қадамдар жасалды. Отбасының әл-ауқатын жақсартуға, ана мен баланың құқығын қорғауға, демографиялық өсуді ынталандыруға және көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған салалық құжаттардың қабылдануы отбасы саясаты саласына жаңа серпілістер алып келді.

Л. Сүлейменнің айтуынша, отбасы саласында көптеген әлеуметтік жобалар іске асырылуда.

«Осындай керемет жобалардың бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы отбасы мен некенің жағымды үлгісін дәріптеу, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында Елбасының бастамасымен 2013 жылы тағайындалды. Осы уақыт аралығында конкурсқа 15 мыңнан астам үлгілі отбасы қатысты», - деді ол.

Жыл сайын еңбекте, спортта, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері бар отбасылар өзара сайысқа түсіп келеді.

Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше. Конкурсқа қатысушы отбасылар өздерінің ізгі жолы арқылы жас отбасыларға үлгі көрсетіп, болашақ ұрпаққа отбасылық құндылықтарды дәріптейді.

«Конкурсты ұйымдастыруға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жан-жақты қолдау көрсететін болады», - деп қорытты Ләззат Сүлеймен.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына үміткерлердің өтінішін қабылдау басталды

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Ш. Байманов «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы туралы айтты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент» - Елбасы «Жастар - біздің болашағымыз. Оларды жаңа заманда өмір сүруге үйрету - біздің міндетіміз» екенін айтып отырады.

«Осындай  қолдаудың бірі 1992 жылы  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының бастамасымен тағайындалған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын атап айтуға болады», - деді ол.    

«Дарын» сыйлығы -  ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында елеулі еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін жастарға мемлекет тарапынан қолдау ретінде ұсынылып келеді.

Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты  10 номинация бойынша өтеді.  

Өздеріңізге белгілі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын  талантты, белсенді, шығармашыл, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ түрлі салаларда қоғамды дамытуға сүбелі үлестерін қосып жүрген  Қазақстан Республикасының 29 жасқа дейінгі азаматтары ала алады.

Осы жылдардың ішінде 294 адам  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды. 

Әр жылдары «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері - еліміздің асқақ туын әлемге желбіретіп танытқан спортшыларымыз Серік Сәпиев, Ольга Шишигина, Данияр Елеусінов, Юлия Галышева,  өнер саласында өзіндік орны бар Димаш Құдайберген, «Муз АРТ», «Жігіттер» және «Ұлытау» топтары, классикалық музыкадан Мария Мудряк, Жібек Мусургалиева, халық шығармашылығындағы тұлғалар Күнсұлу Түрікпен, Мұқият Асқар, белгілі актерлеріміз Әділ Ахметов, Асылхан Төлепов  және тағы басқан өнерлі жастар болды. 

Сонымен қатар қазақстандық ғылым саласында өзіндік үлесі бар талантты ғалымдарымыздың бірі ядролық физика саласы бойынша өнертапқыштар Максим Здоровец, Ерасыл Ерланұлы, созылмалы ауруларды емдеуде Нурлан Қанат, Әсем Әшімованы атасақ, мүсіндеу саласында халықаралық байқауларының жеңімпазы Сырым Мүсіреп, зергерші Ардақ Әбішев, шетелде қазақ халқының киіз үйін және ұлттық киімдерін насихаттауда дизайнерлер Айжан Жүзбай мен Ақбота Тоқтасынова сынды азаматтарымыз иеленді.

Бүгін «Дарын» сыйлығына үміткерлердің құжатын қабылдау басталды. Барлық талантты жастарды аталған байқауға қатысуға шықырамыз.

Өтінімдерді қабылдау 10 тамызға дейін жүргізіледі. Толық ақпаратты («Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын ұсыну қағидасы және т.б.)  Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтындағы (qogam.gov.kz) «Жастар саясаты» бөлімінде қол жетімді. 

Байқаудағы негізгі критерилер:

·       Өтінім беруші жастардың жасы 29-ға дейін болуы;

·       халықаралық және республикалық байқаулардың, спорттық жарыстардың жүлдегерлері болуы;

·       осы жастарды мемлекеттік және жергілікті органдар, шығармашылық ұйымдары, оқу орындары және қоғамдық бірлестіктер ұсынады. 

«Nur Оtan» партиясы жанындағы «Jas Оtan» ЖҚ төрағасы Н. Жетпісбаевтың айтуынша, ол 2018 жылы «Қоғамдық қызмет» номинациясы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атағына ие болған.

«Мен 10 жылдай «Jas Otan» жүйесінде жұмыс істедім, оның алты жылында Қарағанды облыстық бөлімшесінің төрағасы болдым. Одан кейін Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасын басқардым.

Теміртау қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып, бүгінгі күні «Nur Оtan» партиясының жанындағы «Jas Оtan» Жастар қанатының төрағасы қызметін атқарып жүрмін», - деді ол.

Аталған сыйлықтың лауреаты болу әр саладағы жастарға шабыт сыйлайды, сонымен қатар зор жауапкершілікті жүктейді. Спикерлер айтқандай, жастардың байқауға қатысуға ниет білдіргендердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Бұл өте қуанатын жағдай.


Барлық жаңалықтар