Биыл қанша ауыл ауыз суға қол жеткізеді

11 Қараша, 2021 12:59

Мемлекет басшысы осы жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында 2025 жылы халықтың сапалы ауыз суға қол жетімділігін 100 %-ға жеткізуді тапсырды. Мәжіліс отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіштеріне тоқталды. Оның мәлімеітнше, биыл елімізде 148 ауыл орталықтанырылған сумен жабдықтау желісімен қамтылады. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» Ұлттық жобасы аясында 2025 жылы аталған көрсеткішке қол жеткізу жоспарланғанын айтып өтті.Осы орайда, ол 2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде сумен жабдықтау қызметіне қолжетімділік 94,1 %-ды құрағанын жеткізді.

Ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамту көрсеткіші

«Оның ішінде ауылдық жерде – 90,1%, ал қалаларда 97,5 %-ды құрады. Осы жылдың ауылдарда – 91,8%, қалаларда 98%-дық жоспарлы көрсеткіш орындалады», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Оның сөзінше, еліміздің кейбір өңірлерінде ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту кестесінен артта қалу байқалады. Атап айқанда, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтудағы ең төменгі көрсеткіш Қостанай облысында - 64,7%, Шығыс Қазақстан облысында - 81,4%, Солтүстік Қазақстан облысында - 82,1% және Жамбыл облысында 82,2 %-ды құрайды. Осыған орай, ол қамту көрсеткіші төмен өңірлерге басым негізде қаражат бөлінетінін мәлімдеді.

«Бұл артта қалып қойған өңірлердің көрсеткіш деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.«Ауыл – ел бесігі» арнаулы жобасына және өңірлерді дамытудың кешенді жоспарына қосылған ауылдарға басымдық беріледі», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Биыл қанша ауыл таза ауыз суға қол жеткізеді

Сондай-ақ, вице-министр биыл елімізде 148 ауыл орталықтанырылған сумен жабдықтау желісімен қамтылатынын жеткізді. Оның мәліметінше, елде жалпы 6 316 ауыл бар. Оның ішінде, 3 991 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықтау желісімен қамтамасыз етілсе, 403 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған.

«Қамтылмаған 1 922 ауылдың 793-іне орталықтандырылған сумен жабдықтау желісін салуды жалғастыру жоспарланып отыр. Ал 1 129 ауылда су тазалау дербес желісі орнатылатын болады. Биыл 148 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықтау желісімен қамтамасыз етіледі және тұрғындары аз 220 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылады», - деді ол.

Оның дерегінше, 2021-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 181 млрд теңге қолдау тапқан. Бұл қаражат 284 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау желісімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол 20,6 мың тұрғыны бар 56 ауылда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі желісі арқылы ауылішілік сумен жабдықтау желісін салу жалғасатынын атап өтті.

«Қаражатты тиімді жұмсау мақсатында 200-ден аз адамтұратын 1 129 ауылда су тазалау желісі орнатылатын болады», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Сондай-ақ, ол елімізде қала тұрғындары үшін тәуліктік су тұтыну нормасы әзірленіп жатырғанын айтып өтті. Оның сөзінше, 140 литрге дейін ғана суды субсидиялау бойынша нормативтік шектеу белгіленген.

«Ауылдық жердегі әрбір тұрғынға суды субсидиялаймыз. Ауылдың әр тұрғынына тәулігіне 140 литр су жеткілікті. Егер тұрғынның бір тәуліктегі тұтынған су нормадан асып кетсе, онда ол судың артық көлеміне коммерциялық бағамен ақы төлейді», - деді ол.
Барлық жаңалықтар