• Басты
  • Биыл 1 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылмақ

Биыл 1 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылмақ

18 Тамыз, 2020 18:02

Биыл 1,2 миллионнан астам адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарлануда. Ал қазіргі таңда 743 мың қазақстандық жұмысқа тұрып үлгерді. Бұл жөнінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шәпкенов мәлім етті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Министрлік берген мәлімет бойынша, Қазақстанда жұмыс істейтін барлық мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде биыл 1 миллион 220 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде 743 мың қазақстандық жұмысұа орналасқан.

Вице-министрдің айтуынша, 379 мың адам «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізінде орналасқан. Шағын кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 5 800 микрокредит пен 17 200 қайтарымсыз грант берілген. 5 800 микрокредит алушы қосымша 6151 тұрақты жұмыс орнын құрды. 156 мың қазақстандық мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналастырылған. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 130 мың адам бос жұмыс орындарына тұрды. 34,5 мың адам кәсіпкерлік негіздері бойынша қысқа мерзімді оқудан өтті. Қыркүйек айында ҰБТ тапсыра алмаған 20 мыңнан астам талапкер жұмысшы мамандықтары бойынша ақысыз кәсіптік-техникалық оқуға жіберілмек.

Вице-министрдің дерегінше, «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 176 млрд теңге қаражат бөлінген. Сонымен бірге президенттің тапсырмасымен 50 млрд теңге қосымша ақша бөлінді. Бағдарлама үш бағытта жүзеге асады.

Оқу мәселесі

Бағдарламаның бірінші бағыты – оқу мәселесі. Аз қамтылған отбасылардың ішінен Ұлттық бірыңғай тесттің қорытындысы бойынша оқуға түсе алмай қалған азаматтарды кәсіптік-техникалық бағытта оқытуды қолға алып отырмыз. 1 қыркүйектен бастап 20 600 азаматты оқытуға мүмкіндігіміз бар.

Қысқа мерзімді оқу

Бұл азаматтарға 3 ай мен 6 ай аралығында өзінің мамандығына сәйкес кәсіби білім ала алады. Осы бағытта 11 мың азаматты оқыту жоспарланған. Қазіргі уақытта 700-ден астамы оқуды бітірген, ал 200-ден астамы өзінің жұмыс орындарында қызметін жалғастырып жатыр. Оның басты ерекшелігі – жұмыс берушілер оқыған азаматты міндетті түрде жұмыспен қамтуы тиіс.

Микрокредит/грант

Тағы бір бағыты – микрокредит беру мен грант тағайындау. Микрокредит пен грантты алу үшін «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқытылады. Биылғы 30 мың азаматты оқыту жоспарланған. Қазіргі таңда 23 мың азамат оқуды аяқтады. Оның 18 мыңнан астамы өзінің бизнес-жоспарын қорғап шықты. 

«Оқуды бітірген 7 мыңға жуық азамат микрокредиттерін алды. Ал 17 200 азамат грант алды. Негізгі жоспарымыз – 23 600. Бұл жыл бойы жалғасады», - деді вице-министр.

Бұдан бөлек Серік Шәпкеновтың сөзіне сүйенсек, әлемде болып жатқан індетке байланысты, сонымен қатар пандемия салдарынан елімізде қолға алынған бағдарламаның бірі – «Жұмыспен қамтудың жол картасы». Осы бағдарлама аясында 255 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде жеті айдың қорытындысы бойынша, 154 мың адам жұмысқа орналасты. Бұдан бөлек «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» секілді мемелкеттік бағдарламалар да қолға алынды. Аталмыш бағдарламалар шеңберінде де 356 мың азаматқа жұмыс беруді жоспарлаған болатынбыз. Қазіргі таңда бағдарламалардың іске асуы барысында 210 мың адам жұмыспен қамтылды. Барлығын қоса есептегенде 743 мың адам қызметке тұрған.

Серік Шәпкеновтің пайымдауынша, жол картасын іске асыру болашақта әлеуметтік-экономикалық жағдайға жақсы нәтиже бермек. Білім беру саласындағы 80 жаңа нысан авариялық және үш ауысымды мектептер, ауылдық жерлерде білім алуға қолжетімділік проблемаларын шешумен қатар, мұғалімдерге 10 мың жаңа тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, туризм саласындағы 60 жаңа нысан 20 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 153 су шаруашылығы құрылысын салу және жаңғырту суармалы және жайылымды жерлердің көлемін едәуір арттырады және ауыл шаруашылығында 77 мың тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етпек.

Сондай-ақ оның айтуынша, жол картасының қаражатын пайдаланып, коронавирустық індетпен күресу үшін 13 жаңа инфекциялық аурухана салынады. Өз кезегінде, оларда қосымша 5 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

Барлық жаңалықтар