• Басты
  • Бірлік пен татулық – даму кепілі

Бірлік пен татулық – даму кепілі

1 Мамыр, 2021 09:00

Әлемдік беделді сарапшылар заман ағысы, өзгерістер процесі, ғылым мен білім, коммуникация саласының дамуы қарқын алған сайын ұлттық, этникалық, өңірлік ерекшеліктердің азайып немесе жойылып, жалпыадамзаттық құндылықтардың алға шығатынын болжауда. Бұл өз кезегінде мемлекеттер, ұлттар ғана емес өркениеттер арасында мүдделер, құндылықтар тайталасының орын алу ықтималдығын жақындата түседі.

Бұл жөнінде америкалық әйгілі социолог әрі саясаттанушы Сэмюэль Филлипс Хантингтон 1993 жылы жариялаған «Өркениеттер қақтығы ма?» (The Clash of Civilizations?) атты мақаласында жазып, алдағы болашақта әлемде ірі өркениет ошақтары арасында өзара кикілжің, қақтығыстың орын алатынын, соңында әлемдік тұтас тәртіптің орнығатыны жөнінде болжамын жазған. Бұл әлемдік деңгейде үлкен пікірталастарға себеп болып, аталған болжамды қолдайтын пікірлер де жиі айтыла бастады.

Бұған қарамастан мемлекеттің ішіндегі татулықты сақтау және түрлі сипаттағы дүрдараздықтардың алдын алу кез келген мемлекеттің басты саясаты саналады. Осы ретте, Қазақстан да елдің ішкі тұтастығына, этносаралық жылы қарым-қатынасты қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөліп келеді. Этносаралық татулық, оның «қазақстандық үлгісі» жайлы пікірлер тәуелсіздік жылдары ең жиі айтылған мемлекеттік саясаттың бағытымен астасып жатыр. Этносаралық татулыққа үндейтін, аталған бағыттағы мемлекеттік саясатты үйлестіретін арнайы құрылымдар, бағдарламлық құжаттар, ынтымақ күнін мерекелеуге қатысты дербес мерекелік дата қарастырылған.

Яғни, 1 мамыр елімізде Қазақстан халқының бірлігі мерекесі. Бұл күнді әлемнің өзге де мемлекеттерінде арнайы атап өтетінін және оның сипаты мен мазмұны да бір-біріне ұқсай бермейтінін айта кеткен жөн. АҚШ-та бұл күн 1894 жылдан бері «Еңбек күні» ретінде арнайы аталып өтеді. Көршілес Ресейде «Көктем мен еңбек мерекесі» статусына ие. Сондай-ақ, 1 мамыр «Еңбек» күні ретінде Украина, Белоруссия, Қырғызстан, Қытай, Пәкістан, Шри-Ланкада, ал Түркияда Еңбекшілер күні ретінде мерекеленеді. Кеңестік дәуірде бұл Қазақстанда да Еңбекшілер күні болып, ерекше тойланып келді. Бұл күн әлемнің көптеген елдерінде көңілді мереке ретінде адамдарға қуаныш сыйлап, көшеде мерекелік шаралар ұйымдастырылуымен ерекшеленсе, Түркия бастаған кейбір елдерде жаппай ереуілдер мен тәртіпсіздіктерге жиі ұласып жатады.

Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтің жарлығы бойынша 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды.

Қазақта «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген жақсы сөз бар. Бірлігі мен берекесі жарасқан елдің алар асуы көп. Жаңарған әлемдегі жаңа Қазақстанның қол жеткізген бар жетістігі, ең әуелі ұлт пен түрлі ұлыстарды бір шаңырақ астына топтастырған ішкі татулығымызға байланысты.

Қазақ жеріне түрлі тарихи себептермен жиналған, депортацияланған көптеген диаспоралар бүгінде діні мен ділін және төл құндылықтарын жаңғырта отырып, ортақ Отанымыздың ажырамас бөлшегіне, елге қызмет етуші қарапайым азаматтарға айналды.

Елордамызда дүние жүзінің түрлі конфессиялары мен ұлт өкілдері бас қосып, әлемдік маңызды мәселелердің түйінін тарқатуда. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген Қазақстан халқының Ассамблеясы да қызмет етуде.

Қазақстан тарихи себептерге байланысты полиэтносты мемлекет ретінде қалыптасты. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек Қазақстанда 2021 жылғы 1 наурыздағы ресми дерек бойынша жалпы 18 917 184 адам тіркелген. Оның ішінде қазақтар осы мемлекеттің негізін қалыптастырушы және автохтонды халық ретінде жалпы ел тұрғындарының шамамен 70 пайызына жуығын құрайды. Сонымен қатар елдегі халықтың 30 пайызға жуығын 120-дан астам әр түрлі этникалық топтар, диаспоралар құрайды.

Қазақстан халқының этникалық құрамындағы әркелкілік XVII ғасырдан бастап Патшалық Ресейдің қарашекпенділерді қазақ жеріне «бос жатқан» жерлерді игеру деген сылтаумен жер аудару саясатынан басталып, Кеңес Одағы дәуірінде мемлекеттің көптеген ұлттарды өзі тұратын аумағынан мемлекеттің өзге аумақтарына күштеп депортациялау саясатымен және Қазақстандағы 1954-1962 жылдардағы тың игеру бастамасымен (тек тың игеру саясатының нәтижесінде Қазақстанға сырттан 2 миллионға жуық адам қоныс аударылған) жалғасты. Осы саясаттың нәтижесінде Қазақстан территориясында бұрын моноұлтты болып келген қазақ халқының үлесі 1962 жылы елдегі жалпы халықтың небәрі 29 пайызын ғана құрайтын деңгейге дейін азайып кетті.

Осы себептен де Қазақстандағы халықтың этникалық құрамы 1991 жылы тәуелсіздік алған жылдары күрделі болатын. Азаттық алған аумалы-төкпелі заманда Қазақстаннан өз тарихи отандарына оралған өзге этнос өкілдері мен бұрын әр түрлі себеппен шетелде өмір сүруге мәжбүр болған қандастарымыздың Қазақстанға кері көшіп келу үрдісі қатар жүрді. Көптеген сарапшылар тәуелсіздіктің алмағайып кезінде ел ішінде ұлтаралық араздық, қақтығыс орын алатынын болжап, теріс сценарийлерді күткен болатын. Қуанышымызға орай елімізде экономика тұралаған, халықтың әлеуметтік жағдайы барынша нашарлаған, саяси жағдайы күмәнді тұстан аман-есен өтіп, көптеген кедергілерді еңсеріп, бүгінгі сәтке біраз жетістіктермен де жетіп отырмыз.

Тәуелсіздік алғашқы жылдарындағы этникалық әртүрлілік, қиын жағдай туралы күні кеше ғана, яғни 2021 жылғы 28 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев былай деген болатын:

1993 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін адамдар қайда барарын, не істерін білмей қалды. Біздің елге келген әртүрлі халық өкілдері қайта қоныс аударғысы келді. Біз оларға таңдау еркіндігін бердік. Сол сәтте Қазақстаннан 3 миллионға жуық адам кетті. Содан кейін халық саны 14 миллионға дейін азайды. Бүгінде халқымыздың саны 19 миллионға жуықтады. 2025 жылға қарай 20 миллионнан асып түсеміз. 

Түрлі ұлт пен ұлыстар топтасқан ортада этникааралық татулықтың сақталуын, ішкі бірлікті қамтамасыз ету аса маңызды іс. Осы ретте, елдегі этносаралық татулық саясатын үйлестіру мақсатында 1992 жылы Елбасының пәрменімен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Сол кездегі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтты. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты.

Қазіргі уақытта Ассамблея құрамында 394 мүше бар.

Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі оның еліміздің жоғары заң шығару органында - Парламентте этностық топтар мүдделерінің кепілді өкілдік етуін қамтамасыз етуі болып табылады.

Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді. Бұдан басқа қазақстандық этностық қоғамдастық өкілдері Парламенттегі өкілдігі өкілді органдарға саяси партиялар арқылы сайлауға тікелей қатысу негізінде жүзеге асырылады.

Қазақстан этносаясаттың басым бағытының бірі этностар арасындағы татулықты қамтамасыз ету, өзге диаспоралардың басын біріктіре отырып, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттік тілді дамыта отырып, өзге этнос өкілдерін қазақ тілінің төңірегіне топтастыруға негізделген. Бұл жүйелі түрде жүзеге асатын шаруа екенін айта кеткен жөн.

Жалпы этносаралық қақтығыс ең қауіпті және тұтануы оңай үрдіс. Тәуелсіздік алған отыз жылда елімізде кең көлемде болмаса да жер-жерде этностар арасында келіспеушіліктер, кикілжіңдердің орын алып келеді. Алайда олардың көпшілігі жекелеген адамдар арасында орын алған тұрмыстық мәселелерден бастау алып, кейбір жағдайда ұлтаралық сипатта жалғасқанын жиі байқауға болады. Бұған мысал ретінде, 2006 жылғы Шелектегі, 2007 жылы Бәйдібек би ауылындағы (бұрынғы Моловодное) шешендер мен қазақтар арасында, 2007 жылғы Маятастағы күрдтер мен қазақтар арасындағы, 2019 жылы Қарағандыдағы армяндар мен қазақтар арасындағы, 2020 жылы Қордайдағы дүнгендер мен қазақтар арасындағы және осыған ұқсас ірілі-ұсақты қатығыстарды атап өтуге болады.

Сондай-ақ, шетелден атажұртқа оралған қандастар санының көбеюі тілге қатысты түсініспеушіліктер, кикілжіңдердің орын алуына себеп болуда. Себебі шетелден келген қандастардың көпшілігі орыс тілін білмейді. Бұл ретте, Қазақстанда қалыптасқан жағдай бойынша орыс тілді қазақтар немесе қазақ тілін жеткілікті білмейтін өзге этнос өкілдерінің қызмет көрсету салаларында қандастарға қазақ тілінде толыққанды қызмет көрсете алмауы немесе жауап бере алмауы түсінбеушіліктерге, кикілжіңдерге себеп болып жатады. Бұл мемлекеттік тіл саясатының жеткілікті жолға қойылмағанын да білдірсе керек.

Қазақстанда тілге, ономастика мәселелеріне қатысты мәселелерде қазақтар мен өзге этнос өкілдері арасында идеялық келіспеушіліктер, әлеуметтік желілер арқылы әр түрлі пікірталастар жиі орын алып жатады. Бұл да болса ел ішінде тұтастық, ортақ құндылықтар нүктесінің жеткілікті қалыптаспағанынан және осы салада атқарылар шаруа көп екенінен хабар береді.

Қорыта келгенде, мемлекет ішіндегі бірлік пен татулық, этносаралық тиімді саясат қалыптастыру әлі күнге өзекті мәселенің бірі болып отыр. Бүгінге дейін Қазақстанның сыртқы және ішкі бағытта жүргізген этносаралық саясаты өзінің жемісін беріп те келді. Бірақ алда атқарылар жұмыстар одан да көп. Өйткені этноасаралық жағдай қай кезде де, қай елде де болмасын өте нәзік әрі үнемі қырағы, байыпты саясатты, іс-қимылды талап етеді.

Барлық жаңалықтар