• Басты
  • "Әліппе" оқу бағдарламасына қашан енгізіледі
2 Қараша, 2020 14:00

"Әліппе" оқу бағдарламасына қашан енгізіледі

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республкасы Білім және Ғылым министрлігінің өкілдері 2021-2022 оқу жылында «Әліппе» оқулығы мектеп бағдарламасына енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

"Әліппе" оқу бағдарламасына қашан енгізіледі

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, қазіргі таңда оқулықты әзірлеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

«Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады. Оқулықтар 2021 жылдың қаңтар айынан апробацияға енгізілетін болады. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі апробация өткізетін пилоттық мектептердің тізбесін бекітті. Осы тізбеге байланысты барлық мектепте «Әліппе» бағдарламасы зерделенеді. Бұл жұмыс аяқталған соң оқулық даярлаудың барлық кезеңдеріне байланысты толық талдау жасау жұмысы жүрігізіледі. Сараптамадан өткен оқулықтар жаңа оқу жылында енгізіледі. «Әліппені» енгізу 2021-2022 жылға жоспарланды, - деді Шолпан Каринова.

Әліппе оқулығының мазмұны Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесімен жазылады. Бұл әдісті жұмыс тобындағы мұғалімдердің, ғалымдар толық қолдады. Вице-министрдің айтуынша, бұл жүйе, оқушылардың оқу біліміне қатысты нағыз талаптарды қарай білетін, оның ішінде әріптердің, дыыстардың реттілігі, оны қолдану жиілігі ескеріліп пайдаланылатыны көрсетілді. Қазіргі заманғы педагогиканың нақты талаптары ескеріліп, осы оқу бағдарламасының негізі жасалды. Сондай-ақ, ол «Әліппені» оқытудың үш кезеңін айтты.

«Әліппені» оқыту үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – «Әліппеге дейінгі кезең», екінші кезең – «Әліппе» кезеңі» және үшінші кезең – «Әліппеден» кейінгі кезең". Осы екі кезең «Әліппе» оқулығымен іске асырылады, ал «Әліппеден кейінгі кезең» мектептерде «Ана тілі» оқулығымен жалғасады.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Азия Жұмабаеваның мәлімдеуінше, бірінші сыныптар үшін әзірленіп жатқан жаңа оқу бағдарламасында А.Байтұрсынұлының дыбыспен жаттығу ұстанымы негізге алынды.

«Әліппеге» дейінгі кезеңде дыбыспен жаттығу маңызды. Бұл білім мазмұнын анықтауда тікелей басшылыққа алынды. А.Байтұрсынұлы балаларды әріптермен таныстырмас бұрын, дыбыспен жаттықтырған. Себебі мектеп табалдырығын енді аттаған балалар сөйлей біледі, бірақ сөздің дыбыстан тұратынын білмейді. Дыбыстың тізілімін білмейді. Дыбысты білмей тұрып, сөздің ішіндегі дыбыстарды тізбей тұрып, оқу жазуға үйрену қиын. Жұмыс тобының басты міндеті – материалды оқушы үшін барынша ыңғайлы етіп, тапсырмаларды шағымлап беру. Бұл жаңа «Әліппе» оқу бағдарламасының құрылымдық, мазмұндық болмысын анықтайды, - деп түсіндірді профессор.

Вице-министр «Әліппе» дайындау кезінде орыстілді жұмыс тобында жұмыстар қатар жүргізілгенін айтты. Мазмұны жағынан қазақ тіліндегі «Әліппе» мен «Букварь» оқулығының айырмашылығы жоқ. Шолпан Каринованың айтуынша, мамандар екі тілдегі оқулықтарды мазмұндық жағынан үйлестіруге тырыстқан.

Бізде қазақ тілінде оқытатын, орыс тілінде оқытатын мектептер бар. Сондықтан «Әліппе» мен «Букварь» бірыңғай оқулықтар. Оқулықтардың мазмұны бойынша Қазақстан біздің ортақ Отанымыз екені айтылып, қазіргі заманғы өмір шындығын қамтуға тиіс. Сондықтан «Әліппе» мен «Букварь» бір бағытта жүреді. Сондай-ақ, «Әліппе» мен «Букварь» әріптері мен дыбыстарының реті, ең алдымен, буындар, сөз тіркестерінде және т.б. дыбыстар мен әріптерді қолдану жиілігі ескерілетін болады. Бұл қағида екі оқулықты да әзірлеуге тиіс. Белгіленген кезеңдер екі оқулықта да бірдей: бұл «әліппе кезеңіне дейін», «әліппе кезеңі» және «әліппе кезеңінен кейін. Екінші жартыжылдықта «Әліппеден» кейін балалар «Ана тілі» оқулығы бойынша оқуын жалғастырады. Практик-ғалымдар жұмыс топтарының отырыстары мен көптеген талқылаулар барысында осындай ортақ пікірге келді, - деді ол.

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазақ әріптерінің қазіргі заманауи мәтіндердегі жиілігін анықтау мақсатында жұмыстар жүргізген. Олардың жұмысы «Әліппені» дайындау кезінде есепке алынады. Олар «Қазақ әріптерінің жиілік сөздігін» әзірленді. Сөздіктің негізінде қазақ мәтіндерінде жиі кездесетін әріптердің және әріп тіркестерінің реті көрсетілді. Осы институттың өкілдері «Әліппені» әзірлеуде жұмыс тобына енген.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова мәлімдеуінше, «Әліппе» оқулығы бойынша дыбыстар мен әріптерді меңгерудің бірыңғай реттілігі берілген.

«Әліппеде» алғаш болып қай әріпті үйретеміз, одан кейін қай әріпті үйретеміз – бұл өте объективтілікті қажет етеді. Әріптердің ретін анықтау кезінде оның А.Байтұрсыновтың «Әліпбиіндегі» әріптер ретіне біршама ұқсас болып шықты. Яғни, қазақ тілінің заңдылығы бойынша әріптердің реті қазіргі «Әліппеде» де әзірленді. Біз анықтаған әріптер жиілігі қазіргі қазақ мәтіндерінен алып отыр. Яғни бала өмірінде күнделікті кездесетін мәтіндерден ғана емес, жалпы 5 стильдегі мәтіндерден алынып отыр. Яғни мұндай жағдайда лингвистикалық білімдерге түзету қажет болды. Біз оны жасадық, - деді А.Фазылжанова.

Бұл сөздік таза лингвистикалық мәліметтер алу үшін ғана емес, сонымен қатар түрлі әдістемелік құралдар әзірлеу үшін де қажетті білім береді.

Барлық жаңалықтар
100.24.113.182, 192.168.88.100