• Басты
  • «Birgemiz: Bilim» жобасы: Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстарындағы ауыл балаларына қолдау көрсетілді

«Birgemiz: Bilim» жобасы: Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстарындағы ауыл балаларына қолдау көрсетілді

24 Қараша, 2020 14:49

Бүгін «Ақмола және Шығыс-Қазақстан облыстарының ауылдық орта мектептерінің жоғары сынып оқушыларына ағылшын тілін, компьютерлік және құқықтық сауаттылықты үйрету, ҰБТ-ға дайындық, ерікті түрде көмек көрсету үшін «Birgemiz: Bilim» ұлттық жобасын іске асыру» аясында қорытынды конференциясы өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Шара онлайн форматта өтті. Екі облыстың әр аймағынан еріктілер, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның өкілі, «Birgemiz:Bilim» жалпыұлттық жобасының елшісі Эмин Аскеров, Шығыс Қазақстан облсының білім басқармасының жетекшісінің орынбасары Қ.А.Оспанғалиев, Ақмола облысы білім басқармасының өкілі zoom байланысы арқылы ортақ диалог құрды.

«Birgemiz: Bilim» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысында осы жылдың наурыз айынан бастап. конкурстық негізде екі аймақта ауыл мектеп оқушыларын оқыту үшін мұғалімдер арасынан 250-ден астам еріктілер таңдалды. Жалпы осы уақыт аралығында 2 000-нан астам оқушы онлайн-курстан өтті, IQ онлайн-лагерінің үш маусымы ұйымдастырылды және www.birgemizbilim.kz онлайн-оқыту веб-сайты іске қосылды. Сонымен қатар, оқушыларға математика, ағылшын тілі, құқықтық сауаттылық бойынша олимпиадалар, Т.Айбергеновтың «Жыр жауқары» өлеңін оқу бойынша сайыс, интеллектуалды викториналар өткізілді.

Қазақстан волонтерлер альянсының атқарушы директоры Сүлейменов Асхаттың айтуынша, «Біргеміз» деп аталатын республикалық жоба 7 бағыт бойынша жүзеге асырылады.

- «Саулық» жобасы аясындағы медициналық ерікті – науқасты күтуге көмек көрсету;

- «Таза әлем» жобасы – қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаш отырғызу, қоқысты сұрыптауға үйрету;

- «Асыл Мұра» жобасы – халқымыздың материалдық және рухани мәдени-тарихи мұрасын сақтауға волонтерлерді тарту;

- «Қамқор» жобасы қарттар үйлеріндегі еріктілердің жұмысына бағытталған;

- «Білім» жобасы – ауылдық мектептердің жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылыққа оқыту бойынша волонтерлік көмек.

- «Үміт» жобасы – екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығына орай отандастарымыз туралы баяндайтын құжаттарды іздеуге бағытталған.

2020 жылы Президенттің бастамасымен «Біз біргеміз» деген атпен еріктілер жылы өтіп жатыр. Осы орайда біз «Біргеміз Білім» жобасын қолға алдық. Сол жобаның аясында Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстрының ауылдарындағыжоғары сынып оқушыларына ағылшын тілінен, құқықтық білім, ҰБТ-ға дайындық, компьютерді меңгеру сынды білім беруге талпындық. Ол жобаның қорытындысы бүгінгі жиында айтылады, - деді ол.

 Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиев сөз алып, жобаның маңыздылығына тоқталды.

Президент атап өткендей, еріктілер – қазақ халқының қанына сіңген, басына іс түскен адамға көмек беру деген әдебіне жақын қозғалыс. Еріктілер тек тегін көмек көрсетпейді. Әр адамның бойына жақсы қасиеттерді сіңіреді. Еріктілердің шарасы Шығыс Қазақстан облысында жиі өткізіледі. Жыл көлемінде мектеп, колледж, ЖОО студенттері арасына әр түрлі шаралар өткізілді. Мектеп оқушылары қарттарға, еңбек ардагерлеріне, соғыс ардагерлеріне көмектеседі. Олардың ауласының қарын тазалап, көшесін сыпырып, дүкеннен азық түлік әкелу сияқты. Ал студенттер болашақ маман ретінде өз саласы бойынша мұқтаж жандарға көмектесті. Ауыр жылда еріктілер тобы білім саласында оқушылар мен ата-аналарға үлкен көмек көрсетті, - деді ол.

Ақмола облысының білім басқармасының өкілі Ли Марина Борисовна да еріктілердің ісі қазақ халқының бұрыннан бері келе жатқанын айта кетті.

 «Birgemiz: Bilim» жобасының арқасында Ақмола облысының елді-мекендеріндегі оқушылар ағылшын тілін үйреніп, ҰБТ-ға дайындықты күшейтті. Біз жазда IQ онлайн – лагерін ұйымдастырдық. Ауылдық балалар жаз айларын босқа өткізген жоқ. Осы онлайн лагерьдің нәтижесінде балалар сауаттылығын арттырып, уақытты тиімді өткізді. Еріктілер жылы соңына жақындап келе жатыр. Шынымен ауқымды істер атқарылды. Әсіресе білім беру жүйесінде, бұрын болмаған қашықтан оқу форматы келген тұста еріктілер үлкен көмек көрсете алды, - деді Марина Борисовна.

 «Birgemiz: Bilim» жобасының амбассадоры, ҚР еңбек және әлеуметтік қолдау министрінің кеңесшісі Эмин Аскеров жобаның қатысушыларына алғыс білдірді.

Мен бір кездері АҚШ-та өмір сүрдім. Батыс елдерінде еріктілердің жұмысы жолға қойылған. Сол кезде неліктен Қазақстанда еріктілер жоқ деп ойлайтын едім. Осы жылы біздің елімізде нағыз еріктілердің жылы болды. Біз әлеуметтік желілерден де, БАҚ-тан да пандемия кезінде еріктілердің қалай жұмыс істегенін көрдік. Бұл жақсылық бумеранг болып қайта келеді, - деді Эмин Аскеров.

Жобаға қатысушы, Шығыс Қазақстан облсының Қатон-Қарағай ауданы, Үлкен ауылдық орта мектептің мұғалімі Сәуле Сәттібаева жобаның ауыл балалары үшін тиімділігін айтты.

Бұл жобаның мақсаты – ауыл оқушыларының Birgemiz Bilim сайты арқылы видеосабақтарды алып, түрлі конкурстар мен олимпиадаларға жолдама ұсыну. Нәтижесінде Үлкен ауылынан 120 оқушы осы жобаның арқасында видеосабақтар алған. Барлық сабақтар 400 рет көрілген.

Ақмола облысының IQ онлайн – лагерінің тәлімгері Серікгүл Омарбекова лагерьдің жалпы құрылымымен таныстырды. IQ онлайн – лагері екі ауысымда жәнеекі тілде өткізілді. Әр ауысымның ұзақтығы – 2 аптаны құрады: 1 ауысым (07.07. – 24.07.2020ж.), 2 ауысым (03.08. – 15.08.2020ж.) Ақмола облысы бойынша 1 ауысымда 121 қатысушы, ал 2 ауысымда 132 қатысушы болған. Ең белсенді қатысушыларға 10 ноутбук және 10 планшет берілді. Білімгерлердің тобында кемінде 30 қатысушыдан болған.

«Олимпиадаларға дайындық», «Құқықтық сауаттылық», «Компьютерлік сауаттылық»,«Ағылшын тілі», «Зерттеу қызметі», «Қосымша сабақ» бойынша birgemizbilim.kz сайтында видеосабақтар жүктелген.

Қорытынды конференцияда "Үздік волонтер" конкурсының нәтижелері жарияланды, Ақмола және Шығыс-Қазақстан облыстары бойынша 45 жеңімпаз анықталды. Олар 40 000 теңгені құрайтын арнайы сертификатқа ие болды.

Барлық жаңалықтар